Менің сыныптастарыма немесе досыма тілегім

Сыныптан тыс іс-шара Тәрбие сағаты Бастауыш сынып

Сымбат жеке мектебі

Мұғалім

Алдабергенова Узилдик Жомартовна

Тақырып

Дос және достық

Іс-шара ұраны

«Дос көңілі – шарайна, сындырып алма, абайла»

Мақсаты

Достық пен сыйластық туралы ой қозғап, пікір алмасу арқылы оқушылар арасында жылы сезім, жауапкершілік және өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру.

Көрнекілігі

  • Маркер
  • Сауалнама қиықшалары
  • Сызбалар
  • Түрлі түсті қағаз, қайшы

I. Ұйымдастыру

  1. 1Амандасу.
  2. 2Оқушылардың психологиялық дайындығына көңіл бөлу.

II. Оқушы аудиториясы не дейді?

Тақырыпты ашу үшін сұрақтар қойылып, оқушылардың ойы сызба, сурет және ауызша жауап арқылы жинақталады.

Талқылау сұрақтары

  1. «Дос деген кім?» сұрағына сызба арқылы жауап беру.
  2. «Достық» ұғымын қалай түсінеміз? Жауапты сурет арқылы беру (әр оқушы өз суретін түсіндіреді).
  3. Досың бар ма? Ол қандай?
  4. Достық — шынайы сезім бе, әлде жай ғана ұғым ба?

Тереңдету сұрақтары

  1. Досыңның басына қиындық түссе, не істейсің?
  2. Достық жасқа байланысты ма?
  3. Жақсы дос пен жаман дос қандай болады?
  4. Досыңды неге теңер едің?
  1. Қыз бала мен ер баланың арасында достық бола ма?
  2. Сіз үшін ең маңызды мәселе қандай?
  3. Достарым көп болуы үшін не істеуім керек?

«Достық» туралы Әйтімбеттің ойы

Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде оның замандастары: «Достық нешеу?» деп сұрайды. Сонда ол: «Достықтың екі түрі болады: адал достық және амал достық», дейді. «Оны қалай ажыратамыз?» дегендерге: «Адал достық — өмірлік нұсқа, амал достықтың өрісі қысқа», деп жауап берген екен.

Осы ой бойынша оқушылар пікірі тыңдалады.

III. Ойлантатын екі жағдай

1-үзінді

«Мен жақсы оқимын, қоғамдық жұмыстарға қатысып, әрдайым алғы шептен көрінуге тырысамын. Өз сыныбымыздағы бір баламен достастым. Бірде оның басқа бір баланы ұруға қатысқанын білдім де, онымен достықты үздім».

2-үзінді

«Өткен өмірім есіме түссе, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын... Сол кезде Жаннаны кездестірдім. Былай қарасаң — қарапайым қыз. Достасу туралы ұсыныс жасадым, ол келісті. Достарым мұны қалыпты іс деп бағалады, “Атаманға кім қарсы келуші еді” деп санады. Жанна көп нәрсені бастан өткерсе де, ол мені адам етті. Бұл хатымда бәлкім ештеңе айтпаған да шығармын, бірақ құрдастарымның кез келгені адамды жөнге сала алатынын айтқым келеді».

Пікірталасқа бағыттайтын сұрақтар

  • Екі жағдай бір-біріне ұқсас, бірақ шешімі әртүрлі. Неге?
  • «Жаманнан бойды аулақ сал» қағидасы әрқашан дұрыс па?
  • Досың қателессе, қолдау мен шекараның тепе-теңдігі қалай сақталады?

IV. Жағдаяттан шығу

Екі дос арасындағы түсініспеушілікті бейнелейтін көрініс көрсетіледі. Оқушылар талқыға салып, ортақ шешім қабылдайды.

«Сиқырлы орындық» жаттығуы

Ортадағы орындыққа бір оқушы отырады. Қалғандары сол оқушының ұнамды қасиеттерін атап, жылы сөз айтады.

«Менің досым» бөлімі

Әр оқушы өз досы туралы қысқаша айтып, достықтың мәнін жеке тәжірибесі арқылы түсіндіреді.

V. «Жалғастырып көр» ойыны

  • Әрбір адамға дос керек. Өйткені…
  • Менің сыныптастарыма немесе досыма тілегім…
  • Сыйластық бар жерде…

VI. Сауалға жауап іздеу

Топтық рефлексия

  • Біздің сынып қандай?
  • Сынып ішінде сыйластық пен достық қатынас орнаған ба?

«Хат қоржын» (хаттарға жауап)

а) Мен досыммен балыққа бармақ болдым. Ата-анамды күтіп едім, келмеген соң рұқсатсыз кетіп қалдым. Бармай-ақ қоюыма да болушы еді, бірақ досымның көңілін қимадым.

ә) Досымды қатты аяймын. Ол көз алдымда өзгеріп барады: меннен гөрі арақ пен темекіні «дос» көретін сияқты. Қанша түсіндірсем де, ұғынбайды. Алғаш рет дәрменсіздіктің қандай ауыр екенін сезіндім.

б) Қандай қиянат жасадым десеңізші… Апамның сөмкесінен ақша ұрладым. Әттең, досым үшін… Ол ауыр хәлде жатыр, мен дәріханаға жүгіріп барамын.

VII. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер

Мақал-мәтелдер

  • Білімдімен дос болсаң, сасқанда ақылын айтар. Білімсізбен дос болсаң, топ ішінде бетің қайтар.
  • Дұшпан біреу болса да көптік етер, досың мың болса да аздық етер.
  • Доссыз адам — тамыры жоқ ағашпен тең.
  • Заттың жаңасы жақсы, достың ескісі жақсы.
  • Қоссыз қазақ болса да, доссыз қазақ болмаған.

Нақыл сөздер

  • Махмұт Қашқари: Дос адам артық сұрамайды.
  • Жүсіп Баласағұн: Дос достың кемшілігін кешіре береді.
  • Абай: Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас.
  • Мұзафар Әлімбаев: Екі ердің достығы асулардан асырар. Екі елдің достығы ғасырлардан асырар.
  • Жүсіп Баласағұн: Дос табу оңай — сақтауы қиын, жау табу оңай — тоқтауы қиын.
  • Абай: Бес мүшеден бөлекше бас та өзгеше, қиғаш біткен маңдайға қас та өзгеше. Кеңшілікте дос та дос, қасыңда дос. Таршылықта қайырылған дос та өзгеше.

VIII. «Досым, саған арнаймын…»

Ақындардың өлеңдерінен көркемсөз оқылады. Соңында «Достарым менің» әні хормен орындалады.

IX. Қорытынды

Дос емес — достың сөзін көтермесе, саған жердің түбінен жетем десе. Не қылып дос атына қосылады, көтермей бір сөзіңді бүйтем десе.

Нағыз дос бірін-бірі жамандамас, араға көп өкпе салып табандамас, көңілі татулықтың шабандамас.

Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз, жасыған жездей болып мойымаңыз. Сыр алмаған біреумен дос болам деп, сыр алған досыңыздан айырылмаңыз.

Түйін

Достық — сенім мен адалдыққа сүйенетін, сыйластық арқылы беки түсетін адамдық қасиет. Ұлы адамдардың нақылдары бұл құндылықтың мәнін тереңдетеді.

Жылы қадам

Оқушылар өздері қалаған адамға қолынан жасаған сыйлығын табыстап, ризашылық пен құрметті іс жүзінде көрсетеді.