Топ ережесін айқындау Бірлесе отырып топ ережелерін анықтау, белгілеу

Шеберлік сыныбы: «Жаңа білімге заманауи көзқарас»

Бұл шеберлік сыныбы әріптестерге деңгейлік курс бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, заманауи білім берудегі көзқарасты жаңартуға бағытталған. Семинар барысында теориялық мәлімет беріліп, тәжірибелік тапсырмалар арқылы жаңа әдіс-тәсілдердің тиімділігі талқыланады.

Мақсаты

  • Бағдарлама бойынша теориялық мағлұмат беру және кеңес жүргізу.
  • Әріптестердің жаңа әдіс-тәсілдерге көзқарасын анықтау.
  • Деңгейлік курс бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, мастер-класс форматына енгізу.

Нәтижесі

  • Мұғалімнің кәсіби өзгеріске дайындығы мен уәжін күшейту.
  • Сыни ойлау мен бірлескен жұмыс дағдыларын жандандыру.
  • Практикалық құралдар арқылы сабаққа қолдануға болатын әдістер қоржынын толықтыру.

Сабақ құрылымы

I. Кіріспе (бейімдеу және танысу)

Мақсаты: ой салу, орта құру

Мұғалімнің іс-әрекеті

  1. 1. Кіріспе сөз айтып, тақырыпты таныстырады.
  2. 2. «Мұғалім не үшін өзгеруі керек?» сұрағын қойып, пікір айтуға жетелейді.
  3. 3. «Мұғалімдер неліктен өзгеруі керек?» тақырыбында үлестірме материал таратады.
  4. 4. «Әлем өзгереді — біз де өзгереміз» бейнематериалын көрсетеді.

Әріптестердің іс-әрекеті

  1. 1. Тақырыппен танысып, семинардың форматын қабылдайды.
  2. 2. Сұраққа толыққанды жауап беріп, дәлел келтіреді.
  3. 3. Үлестірме парақпен берілген ойларды өз пікірімен салыстырады.
  4. 4. Бейнематериалдан негізгі ойды түйіндеп алады.

II. Теориялық бөлім

Мақсаты: бағдарлама идеяларын түсіндіру

Бағдарламаның негізгі идеялары ашылып, талданады. Қатысушылар білімге деген көзқарасты жаңартудың қажеттілігіне, заман талабына сай педагогикалық өзгерістердің күшеюіне назар аударады.

Негізгі акцент

  • Оқытудағы көзқарасты өзгерту — сапалы нәтиженің алғышарты.
  • Қоғамдық сұраныс пен білім беру талаптары үнемі жаңарып отырады.

III. Практикалық бөлім

Мақсаты: әдістерді тәжірибеде қолдану

Топқа бөлу және жұмыс форматы

  • Топқа бөлу стратегиясы түсіндіріледі.
  • «Менде бір ой бар…» әдісі арқылы бастапқы пікірлер жиналады.
  • Топ ережелері бірлесе анықталып, бекітіледі.

Топ ұрандарын анықтау

Оқушылар тобы

«Білімді оқушы — мұғалім еңбегінің нәтижесі; санасыз оқушы — мұғалім еңбегінің зая кетуі».

Мұғалімдер тобы

«Мұғалім — мектептің ұйытқысы, негізгі қозғаушы күші».

Ата-аналар тобы

«Баланың адамгершілігі ата-ана тәрбиесінен басталады».

Мектеп тобы

«Мектеп — кеме, білім — теңіз; теңізде жүзіп жүрген кеменің жолы әрдайым болсын».

Мағынаны ашу және сыни көзқарас қалыптастыру

«Мінсіз…» тапсырмасы арқылы қатысушылар мінсіз оқушы, мінсіз ата-ана, мінсіз мұғалім және мінсіз мектеп бейнесін флипчартта кескіндеп, топтық қорғау жасайды.

Қорытындылау

«Мұғалімдік мамандық — бұл адамтану, адамның күрделі әрі қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер — ол даналықты жүрекпен ұға білу».
В. А. Сухомлинский

Қорытынды бөлімде әріптестер өз ойларымен бөлісіп, сабақта алған түйіндерін нақты әрекет жоспарларына айналдырады.

IV. Рефлексия

Семинар «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісімен бағаланады: қатысушылар екі ұнаған тұсты және бір ұсынысын жазады.

Нәтижені бекіту

Стикерлер толтырылып, тақтадағы «Тілектер мен ұсыныстар» кітабына жапсырылады.

Қосымша материалдар

  • «Әлем өзгереді, біз де өзгереміз» бейнефильмі.
  • Топқа бөлуге арналған парақтар.
  • «Тілектер мен ұсыныстар» кітабы.