Оқушылардың Қасиетті Құран Кәрім жайында, Ислам діні жайында түсініктерінің аясын кеңейту

Қарағанды облысы, Балқаш қаласы

ЖББ №5 орта мектебі КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Адамбаева Бақытгүл Тарыбайқызы

Сабақ жоспары

Сабақтың тақырыбы

Қасиетті Құран Кәрім жайында. Адам ата.

Сабақтың типі

Жаңа сабақ

Сабақтың түрі

Түрлендірілген сабақ

Пәнаралық байланыс

Тарих, өзін-өзі тану

Мақсаты

1) Білімділік

Оқушылардың Қасиетті Құран Кәрім мен Ислам діні туралы түсініктерін кеңейту.

2) Тәрбиелілік

Сабырлылыққа, әдептілікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу; имандылыққа баулу.

3) Дамытушылық

Ауызекі сөйлеу мәдениетін, өз ойын анық жеткізу, көзқарасын дәлелдеу, сұрақты түсініп толық жауап беру дағдыларын қалыптастыру.

Қажетті ресурстар

Компьютер Интерактивті тақта Презентация Діни кітаптар

Әдіс-тәсілдер

  • Сөздікпен жұмыс
  • Сұрақ-жауап
  • Түсіндіру
  • Әңгімелеу
  • Сұхбаттасу

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. Оқушылармен сәлемдесу.
  2. Сабаққа дайындықтарын тексеру.
  3. Зейінді сабаққа шоғырландыру.

Психологиялық тренинг: «Жүректен жүрекке»

Оқушылар бір-біріне жылы лебіз, жақсы тілектер айтады.

II. Жаңа сабақты түсіндіру

Қызығушылықты ояту

«Құран Кәрім» дегенде ойларыңа нелер келеді? Оқушылар өз ойларын ортаға салады.

Құран Кәріммен тығыз байланысты ұғымдар:

  • Тарих
  • Әдебиет
  • Әдет-ғұрып
  • Салт-сана
  • Шариғат
  • Тазалық
  • Шипагерлік
  • Әділдік

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Біз — тегіміз түркі, дініміз — Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Қасиетті кітап — Құран Кәрімді насихаттау да осы жауапкершіліктің бір бөлігі.

Халқымыз Жаратушыға сеніп, ертеңгі күнін, ақыретті еске алып, Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистеріне сай өмір сүруге ұмтылса деймін.

Дінімізді, ділімізді, тілімізді сақтау — ұлттығымызды, мемлекетімізді сақтау. — Н. Ә. Назарбаев

Бүгінгі сабақта Ислам діні, имандылық, Құран Кәрім және жалпы адамзаттың жаратылысы туралы сөз қозғалады.

Әлемдік діндер туралы қысқаша шолу

Дүниежүзінде кең тараған ірі діндер ретінде Ислам, Христиандық, Буддизм аталады. Олардың барлығы адамгершілікке, тазалыққа үндейді.

Қасиетті кітаптардың түсуі

Алла сөзі Жәбірейіл періште арқылы пайғамбарларға жеткізілген: Мұсаға — Таурат, Ғайсаға — Інжіл, Дәуітке — Забур, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға — Құран Кәрім.

Ислам дінінің таралуы

Ислам діні VII ғасырдың басында Араб түбегінде пайда болды. Оның негізін қалаушы — Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Бүгінде бұл дін әлемнің көптеген елдерінде кең тараған.

Мұсылманның бес парызы

  1. Аллаға иман келтіріп, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі екенін мойындау.
  2. Дәрет алып, күніне бес уақыт намаз оқу.
  3. Зекет беру.
  4. Рамазан айында отыз күн ораза ұстау.
  5. Қажылыққа барып, Меккеге зиярат ету (мүмкіндігі жетсе).

Қиямет күні сұралатын төрт есеп

  1. Өмірін (уақытын) қайда жұмсағаны.
  2. Жастық шағын қалай өткізгені.
  3. Дүниені қалай тауып, қалай жұмсағаны.
  4. Алған білімін қайда пайдаланғаны.

Жұмаққа бастайтын алты уәде

  1. Сөйлегенде шындық айту.
  2. Уәде берсе, міндетті түрде орындау.
  3. Аманатқа қиянат жасамау.
  4. Ар-ұятты сақтау.
  5. Құран тыйған харамнан сақтану.
  6. Жамандық пен көреалмаушылыққа бармау.

Ой қозғау

«Алла — Жаратушы» дейміз. Алла нелерді жаратты деп ойлайсыңдар? (Тақырыпты ашу мақсатында слайдтар арқылы жер бетіндегі тіршілік иелері туралы әңгіме жүргізіледі.)

III. Оқулықпен жұмыс

Сөздік жұмысы

Алла
Ислам ұғымында күллі әлемнің Жаратушысы.
Уаһи
Хабар, аян. Құран Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға Жәбірейіл періште арқылы түсірілген.
Сахаба
Пайғамбарымыздың қасында жүріп, уағыздарына және жорықтарына қатысқан серіктері.
Хафиз
Құранды толық жаттап, жадыда сақтаған адам.
Қари
Құранды жаттап, қырағат қағидаларына сай оқитын адам.
Ғайып
Көзбен көрмесек те, жүрекпен, иманмен сезінетін әлем.
Сапиолла
Адам атаның есімі ретінде айтылатын атау.
Уасуаса
Азғыру, іштей күмән салу.

Оқу тапсырмасы

Екі оқушы шығармаларды дауыстап оқиды.

IV. Пікірталас және талдау

Шығарма мазмұны бойынша оқушылар пікір білдіріп, кестені толтырады.

Алланың Адамға жасаған жақсылығы

  • Оқушылардың ойы бойынша мысалдар келтіру

Адамның қателіктері

  • Оқушылардың ойы бойынша мысалдар келтіру

V. «Өзіңді таны» тапсырмасы

1) Жаман қасиеттер

Адам бойында кездесетін жаман қасиеттерді жазу.

2) Жақсы қасиеттер

Адам бойында кездесетін жақсы қасиеттерді жазу.

VI. «Кім көп біледі?» сұрақ-жауап

Бүгінгі күнге дейін сақталған діни мейрамдар мен салт-дәстүрлерді атау, жауаптарды мұғалім толықтырады.

Діни мейрамдар

  • Құрбан айт — адамдар бір-біріне ізгі тілек айтып, көңіл жарастырып, кешірімге келетін күн.
  • Ораза айт — Рамазан айының аяқталуына орай өткізілетін мереке.
  • Мәуліт — Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келген күніне арналған мереке; Құран оқу сайыстары ұйымдастырылады.

Діни салт-дәстүрлер мен құндылықтар

  • Сенім
  • Сабыр
  • Ақ ниет
  • Тәубеге келу
  • Уәдеде тұру

VII. Шағын ойтолғау

Тақырып

«Алған білімімді қайда жұмсар едім…»

VIII. Сөзжұмбақ: «Жарапазан»

  1. Мұсылманның бес парызының бірі — қажылық.
  2. Пайғамбардың аты — Мұхаммед.
  3. Ораза айы қалай аталады? — Рамазан.
  4. Біздің Иеміз — Алла.
  5. Жарлыларға берілетін садақа — пітір.
  6. Аптаның қасиетті күні — жұма.
  7. Мұсылманның бес парызының бірі — зекет.
  8. Діни мереке — айт.
  9. Исламның қасиетті кітабы — Құран.

Қорытынды

Тәуелсіз ел атанған көпұлтты мемлекетіміз жылдар өте әлем жұртшылығына жан-жақты жаңарған, экономикасы қарқынды дамыған, өсіп-өркендеу мүмкіндігі мол, діні мен тіліне қарамастан барша адамзатқа құшағын ашқан еңселі мемлекет ретінде танылды.

Тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі — халқымыздың дінімізбен қайта қауышуы. Қазіргі таңда көптеген ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Алла разылығы үшін құрбандық шалып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді.

Олай болса, Қасиетті Құран Кәрім жүрегімізге әрдайым қуаныш ұялатып, рухани тазалығымызды нығайтсын. Ақ ниетті істерімізге береке дарытсын.

Музыкалық сәт

«Жігіттер» тобының орындауындағы «Дүние керуен» әнін тыңдау.

Үй тапсырмасы

  1. Қасиетті Құран Кәрім және Адам ата туралы оқу, мазмұндау.
  2. «Жарапазан» туралы қосымша мәліметтер жинақтау.

Бағалау

Оқушылардың білімдері бағаланады. Сабақ аяқталды.