Шетінен сөзуар жігітек

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырыбы

Диктант

Сабақтың түрі

Қайталау сабағы

Сабақтың әдісі

Баяндау

Көрнекілігі

Диктанттар жинағы

Сабақтың мақсаты

  • а) Танымдық дағды

    Балалардың есте сақтау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізуге және сауатты жазуға дағдыландыру.

  • ә) Жазу мәдениеті

    Мұқият тыңдап, ұқыпты жазуға үйрету.

  • б) Тәрбиелік мақсат

    Өз ісіне ұқыпты болуға, мейірімділікке және кешірімшілдікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

а) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
  • Тақтаға бүгінгі күн мен диктанттың тақырыбын жазу.

ә) Жаңа сабақты түсіндіру

Мұғалім мәтінді мәнерлеп оқиды. Оқушылар мазмұнын түсініп тыңдайды.

Диктант мәтіні

Мұхтар Әуезов 207 сөз

Ағайындар ішінде Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан оза түсті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық, бедел бар. Әрі малы көп, қолы ұзын. Сөзге жүйрік мінезбен іске де алғыр. Осының бәрі өз ортасын бойымен басып, жыға беруге себеп болатын.

Бірақ Құнанбайдың мықты жері тобықты іші болса, әлсіз жері де осы тобықтының ішінде. Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады. Сол қанаты мен құйрығы — ел ішінде өзі тұстас ру басылар: Байсал, Бөжейлер. Осылар соңғы бір жыл бойында бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Іштей Құнанбаймен аңдысып қалған сияқты. Мұны Құнанбай біледі. Бірақ осындай қын қосарына ілестірсе болғаны.

Түбі, бәрінің де бағатын таразысы — ел. Сол елдің алдында байлауды Құнанбаймен бірге байласқан. Осылар болған соң жетті. Күйсе, Құнанбайлармен бірге күйеді. Ал ішінде не жатыр — оны білмейді. Олай болса, Құнанбайдың да сырты бұлардың ішін білмеген, елемеген кісі тәрізді.

Бөжей — қалың жігітектің адамы. Бұрын орталарынан Кеңгірбайдай теріс азу, мықты биі шыққан ел. Бертінде ұрыншақ, қолшыл болып, барымташы-жортуылшы жігіті көп шықты. Шетінен сөзуар жігітек.

Байсал да сондай мол ру көтібақтың тұрғысы. Бұл, әсіресе, мал көбейтіп, жерді мол қамтуға тырысатын; көптігіне сеніп, анау-мынауға онша бой бермейтін. Ағайынды елдердің ішінде ең азы — бөкеншінің кісісі. Мал-мүлікке шағыны да — осылар. Бөкеншінің кірмелеу туысы — борсақ. Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар — сол борсақ болатын.

Құнанбай болса Ырғызбай руынан. Бұл бас жағына келгенде жігітектен де, көтібақтан да аз. Бірақ әрі малы көп, әрі көптен бері тобықтыны билеп-төстеп келе жатқан ауылдар.

Жұмыс тәртібі

Мұғалім мәтінді тағы бір рет оқиды. Оқушылар тыңдап отырып, тыныс белгілерін қойып жазады.

Үй тапсырмасы

Мәтінді қайталап келу.