Аналарыңа сыйлайсыңдар
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Ананың балаға деген махаббатының шексіздігін, адам өміріндегі орнының ерекше екенін түсіндіру.
- Мәтінді дұрыс түсініп, мәнерлеп оқуға үйрету.
- Өз ойын ортаға салып, нақты жеткізе білуге баулу.
Дамытушылық
- Тіл байлығын, сөздік қорын дамыту.
- Шығармашылық ойлауын және танымдық қабілеттерін жетілдіру.
Тәрбиелік
- Аналарға сүйіспеншілік сезімін ояту.
- Ананы ардақтап, құрметтеуге, мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ «Шаттық шеңберінен» басталады. Оқушылар бір-біріне жылы тілектер айтып, сыныпта жағымды ахуал қалыптастырады.
Шаттық шеңбері
Сыныптас біз ұл-қыздар, тату-тәтті ойнаймыз.
Сыйластықпен өмір сүріп, тек жақсылық ойлаймыз.
Амансың ба, алтын күн!
Амансың ба, көк аспан!
Амансың ба, достарым!
Амансыз ба, қонақтар!
Амансыз ба, ұстазым!
Сіздерді көріп қуанам.
Мұғалім оқушылардың көңіл күйін сұрап, сабаққа сәттілік тілейді.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Апамның астауы» әңгімесі бойынша сұрақтар арқылы өткен тақырып қайталанады:
- 1.«Апамның астауы» әңгімесін кім жазған?
- 2.Әңгіме кімнің атынан баяндалған?
- 3.Жазушы кімді еске алып отыр?
- 4.Автордың балалық шағында ойнаған ойындары қандай?
- 5.Әжесінің қандай өнері болған?
Жауаптар тыңдалып, үй тапсырмасы қорытындыланады.
IV. Жаңа сабақ
1) Ой жинау: сөзжұмбақ
Оқушылар сөзжұмбақты шешеді. Тігінен оқығанда шығатын қасиетті сөз — «Ана».
Сұрақтар үлгісі
- Абайдың анасы
- Қайрат Рысқұлбековтің анасы
- Ыбырай Алтынсариннің анасы
«Бәрімізге жарық дүниені сыйлаған — Ана. Бала — ананың бауыр еті. Ана баласы үшін отқа да күйеді, суға да түседі: өмірдің суығына тоңып, ыстығына төзеді. “Қарға баласын аппақтым, кірпі баласын жұмсағым” дегендей, ана үшін өз баласынан артық жан жоқ».
2) Автор туралы
Бүгін танысатын шығарма — «Ана». Авторы — Баубек Бұлқышев (1916–1944). Ол небәрі 28 жасында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Қазіргі Қарағанды облысы Жезді өңірінде дүниеге келген. Шығармаларының қатарында «Балалық шақ», «Есімізде қанды жорықтар» және т.б. туындылар бар.
3) «Тыныштық сәті»: мәтінді тыңдау
Мұғалім әуен қосып, «Ана» мәтінін оқып береді. Оқушылар көздерін жұмып, тыңдайды. Соңынан түсінгенін сұрақ-жауап арқылы талдайды:
- Мәтінде кім туралы айтылған?
- Ананың бала өміріндегі маңызы қандай?
- Ананың махаббаты туралы қандай ой айтылады?
Қоғамдық байланыс
Елімізде ана мен балаға қамқорлық көрсету бағытында көптеген игі іс атқарылады. «Бөбек» қоры арқылы балалар үйлеріне және емделуді қажет ететін балаларға көмек көрсетіледі; мемлекет ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп, оқытып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасайды.
4) Мәтінді оқушылардың оқуы
Оқушылар мәтінді кезекпен оқиды. Мұғалім дұрыс, мәнерлеп оқуға және дауыс ырғағына назар аударады.
5) Әңгімелесу
«Ана» сөзі айтылмайтын жан кемде-кем. Тіпті «Жер-ана» деп те теңеу жасаймыз. Ана — тек тәрбиеші емес, қоғамға қызмет ететін азамат. Оқушылар аналарының мамандықтары туралы бөліседі.
- Ана бізге жарық дүние сыйлады.
- Түн ұйқысын төрт бөліп өсірді.
- Бар жақсылығын бізге арнады.
- Жылы сөзін, ақылын аямайды.
Сұрақ
Аналарың сендерді қалай еркелетеді? «Құлыншағым», «айым», «күнім», «айналайын» сияқты сөздер мысал бола алады.
6) Интерактивті жұмыс: ассоциация
«Ана — күн секілді: мейірімін де, жылуын да шашып тұрады». Оқушылар күн бейнесінің айналасына ананың жылы сөздерін жазады.
7) Шығармашылық тапсырмалар
- Ана туралы мақал-мәтел айт.
- Анаңды суреттеп, мінездеме бер.
- Анаңа қандай тілек айтар едің?
- Қандай сыйлық сыйлар едің?
V. Даналық сөздер
«Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың».
«Ана өз баласын жанымен де, қанымен де сүйеді».
VI. Сабақты бекіту
Көктемнің алғашқы күндерінің бірінде қандай мереке бар? Оқушылар: 8 наурыз — Аналар мерекесі деп жауап береді.
Оқушылар аналарына арнап ашық хатқа ізгі тілектерін жазады және мерекеде сыйлайды.
VII. Үй тапсырмасы
- «Ана» мәтінін түсініп оқу, жаттау.
- «Менің анам» тақырыбында эссе жазу.
VIII. Қорытынды
Сабақ соңында мұғалім бүгінгі қонақтар — ұстаздар екенін, ал ұстаздың да, ананың да мейірім мен жауапкершілікке толы қасиетті міндет атқаратынын атап өтеді. Оқушылар мерекелік тілектерін айтып, екі оқушы тақпақ оқиды.
Мұғалімнің түйінді сөзі
Балалар, сендерге аналарың қандай қажет болса, аналарың үшін сендер де сондай керексіңдер. Аналарың әрқашан жан-жағыңнан табылып, аман-есен жүрсін. Ана — алтыннан да қымбат, баға жетпес қасиетті жан.
Сабақ «Әрқашан күн сөнбесін» әнімен аяқталады.