Қазақ халқының дәстүрлері бейнефильмі
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Сабақтың тақырыбы
- Жарасып тұр дәстүрім!
- Түрі
- Жаңа сабақ (мультимедиялық кабинет)
- Әдіс-тәсілдер
- Кластер, сұрақ-жауап, шығармашылық жұмыс
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет, тарих, музыка
- Көрнекіліктер
- Видео, слайд, кітап көрмесі
- Сабақтың эпиграфы
- «Салт-дәстүрім — қазынам»
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасын оқушы бойына сіңіру, ұғындыру.
Дамытушылық
Қазақ тілі мен дәстүріне қызығушылықты арттыру, ұлттық дүниетанымды кеңейту, өз бетімен жұмыс істеу және сөйлеу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Салт-дәстүрді құрметтеуге, еңбекқорлық пен адамгершілікке баулу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа дайындау, көңіл күйін сабаққа бағыттау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен материал бойынша қысқаша сұрау және қорытындылау.
III. Жаңа сабақ
1) Кіріспе
Бүгінгі сабақтың тақырыбына сай салт-дәстүрлерге арналған бейнеклипті тамашалаймыз: «Қазақ халқының дәстүрлері».
2) Бейнефильм бойынша сұрақтар
- Қандай салт-дәстүрлер көрсетілді?
- Бұл салт-дәстүрлердің маңызы қандай?
- Осы дәстүрлерді күнделікті өмірде кездестіріп жүрміз бе?
3) Мұғалімнің түсіндірмесі
Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әсіресе бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлердің орны ерекше: дүниеге келгенде шілдехана, қырқынан шыққан соң бесікке салу, тәй-тәй басқанда тұсау кесу, кейіннен үйлену тойы өткізіледі. Бүгін осы дәстүрлердің өту тәртібі мен тәрбиелік мәніне кеңірек тоқталамыз.
Тапсырмалар топтамасы
1-тапсырма: Диалог
Диалогты рөлге бөліп оқу.
2-тапсырма: Сөздік жұмысы
а) Сөздерді оқу
- Байғазы
- жаңа киім не жаңа затқа берілетін сый
- Басқосу
- кездесу, жиын
- Базарлық
- сапардан әкелінетін сыйлық
- Сыйластық
- өзара құрмет
ә) Сөз тіркестері құрастыру
- байғазы беру
- базарлық әкелу
- сыйластық көрсету
3-тапсырма: Мәтінмен жұмыс
а) Үлгі мәтін (мазмұндамаға негіз)
Сүйінші сұрау — шын қуаныштың белгісі. Қуанышты хабар жеткізген адам «сүйінші!» деп келеді.
Байғазы — балалардың жаңа киімі немесе жаңа затына берілетін сый. Байғазы жансыз дүниеге, ал көрімдік жандыға беріледі.
Тоқымқағар — адам алғаш рет алыс жолға шыққанда жасалатын басқосу.
Алыс сапардан келгендер жақындарына сыйлық әкеледі. Ол базарлық деп аталады. Бұл — жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі.
Келін түскенде, құда келгенде және басқа да қуанышты күндерде әйелдер құрттан, кәмпиттен, күміс теңгеден шашу шашады.
ә) Топтық жұмыс
Үш топ өздері таңдаған тақырып бойынша мәтін немесе диалог құрастырады:
- Сүйінші сұрау
- Байғазы
- Базарлық
4-тапсырма: Суретпен жұмыс
Әр топ слайдта көрсетілген суреттерге қарап, дәстүр атауын және оның қашан, қалай, не үшін өткізілетінін түсіндіреді.
5-тапсырма: Мақалдарды мағынасына қарай топтастыру
Мақалдарды «Тәрбиеге байланысты» және «Салт-дәстүрге байланысты» топтарына бөліп орналастыру.
Мақалдар
- Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
- Еңбек — мұратқа жеткізер.
- Сөз мәйегі — мақал.
- Көппен көрген — ұлы той.
- Сыйлап берсе суын іш.
- Өнер алды — қызыл тіл.
- Ағадан — ақыл, ініден — ізет.
Топтастыру алаңы
Тәрбиеге байланысты
Осы жерге сәйкес мақалдарды орналастырыңыз.
Салт-дәстүрге байланысты
Осы жерге сәйкес мақалдарды орналастырыңыз.
6-тапсырма: Семантикалық кесте
Берілген тіркестерді «Мақал» және «Фразеологизм» бағандарына бөліп белгілеу.
| № | Тіркес | Мақал | Фразеологизм |
|---|---|---|---|
| 1 | Қаймағы бұзылмау | — | + |
| 2 | Тонның ішкі бауындай | — | + |
| 3 | Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада | + | — |
| 4 | Арасынан қыл өтпейді | — | + |
| 5 | Жақсы сөз — жарым ырыс | + | — |
| 6 | Ат ізін суытпау | — | + |
| 7 | Ешкімнің ала жібін аттамау | — | + |
| 8 | Атаңның баласы болма, адамның баласы бол | + | — |
| 9 | Сегіз қырлы, бір сырлы | — | + |
| 10 | Ақыл таразысына салды | — | + |
7-тапсырма: Фразеологизмдердің мағынасын жазу
- Ақ жаулық —
- Ақ жүрек —
- Ақкөңіл —
- Бөркін аспанға лақтыру —
- Екі жүзді —
- Жүрекжарды сөз —
- Жылы сөз —
- Қызғыштай қорыды —
8-тапсырма: Кластер құру
«Салт-дәстүрлер» тақырыбына кластер құрастыру: негізгі ұғымдарды тармақтап, мысалдармен толықтыру.
Тағылымды аңыз: Дәстүрден аттамаған хан
Қазақ халқында терең мәнді бір аңыз бар.
Баяғыда бағы жанып тұрған бір хан нөкерлерін ертіп аңға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатқанда, алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жезқұмандай жылтыраған сұлу киік қаша жөнеледі. Хан садақтан оқ атып, киіктің артқы аяғын жаралайды.
Бір жағы құлама, екінші жағы — хан нөкерлерінің қиқуы. Қыспаққа түскен киік алыстан көз тартқан ақбоз үйдің ашық есігінен ішке қойып кетеді. Үй иелері дастарқан басында түскі ас ішіп отыр екен. Киік жайылған дастарқаннан ырғып өтіп, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, ентігін баса алмай тұрып қалады.
Хан:
«Шығар киікті!» — деп дауыстайды ат үстінде тұрып, төрде отырған қарияға. «Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп, сенің үйіңде қолға түсіріп тұрмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар?»
Қария:
«Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені рас. Бірақ бұл бейшара жаны қысылған сәтте менің төріме тығылды. Ортада дастарқан жайылып жатыр. Ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң, қалың елдің табасына қаласың, жолың болмайды».
Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрады. Қария халықтың салт-дәстүрін алға тартып, хан да одан аттап өтпейді. Осы оқиға әдептің халықтық дәстүрмен, ата салтпен тығыз байланысты екенін аңғартады.
Қорытынды бөлім
Бағалау
Топтық және жеке жұмыс нәтижелері бойынша бағалау жүргізіледі.
Үй жұмысы
- Мәтінді оқып, ат қою; түсінгенін әңгімелеу.
- «Жарасып тұр дәстүрім!» тақырыбына ойтолғау жазу.
Рефлексия
Сабақ соңында «Қазақтың дәстүрлері — Ай» әнін тыңдап, әсерімен бөлісу.