КөрінісСанжар мен Нұрсұлтан балық аулап ойнап жүріп қармақтарына сөмке түседі

Көрініс: Қармаққа іліккен сөмке

Санжар мен Нұрсұлтан балық аулап, ойнап жүріп, қармақтарына бір сөмкенің ілініп қалғанын байқайды.

Нұрсұлтан

Санжар, біздің қармағымызға не түскенін қарашы!

Санжар

Бұл — сөмке ғой. Ішінде не бар екенін қарайық.

Нұрсұлтан

Мынау қандай кітап екен? Сен білесің бе?

Санжар

Нұрсұлтан, қандай кітап болса да, пайдасы тиеді. Апайлар да «кітап — қазына» деп айтушы еді ғой.

Екеуі: «Алақай, алақай, алақай!»

Балалардың даусынан Су патшасы оянып, тіл қатады.

Су патшасы

Бұл не шу? Менің әлемімде не болып жатыр? Сендер кімсіңдер?

Балалар

Сәлеметсіз бе! Сіз кімсіз?

Су патшасы

Мен — Су патшасымын.

Балалар

Су патшасы, сізден бір нәрсе сұрасақ бола ма? Мына кітаптың қандай кітап екенін біле алмай жатырмыз. Сіз білесіз бе?

Су патшасы

Ә-ә-ә… бұл — адамзат баласының алғаш сауатын ашқан «Әліппе» кітабы. Болашақтарың жарқын болайын деп тұр екен. Енді мектепке барасыңдар, бұл кітаптың берері көп.

Санжар

Нұрсұлтан, онда біз неге қарап тұрмыз? Қолымызда «Әліппе» бар — мектепке дайындалайық!

Су патшасы

Талаптарың оң болсын, жолдарың ашық болсын!

Нұрсұлтан

Айтқаныңыз келсін, Су патшасы! Сау болыңыз!

Сахна жабылады. Балалар «Қоштасу вальсін» билейді.

Қоштасу кеші: жүргізушілердің құттықтауы

Нұрсұлтан

Құрметті қонақтар, армысыздар!
Бәріңіз де есен-аман бармысыздар?
Таусылмайтын ой-арманды ақтара отырып,
Достарым, ақ жол тілеп, сөз бастайын.

Сымбат

Ақ тілекті төгілтіп бір тастайық,
Қоштасатын кешімізді біз бастайық.
Жүздеріңнен көркем шаттық арайлы,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың!

Санжар

Оқимыз, білім аламыз,
Болашақ жолын табамыз.
Бақшамызбен қоштасып,
Біз мектепке барамыз.

Кеш барысы: диалог, ән мен би

Нұрсұлтан

Сымбат, сен балалық шақпен қоштасуға дайынсың ба?

Сымбат

Жоқ, әлі де балалық шақпен қоштасу қиын ғой.

Санжар

Сен сияқты біздің топта да балабақшасын қимай жүрген біреу бар.

Сымбат

Ол кім?

Санжар

Нұрасыл.

Нұрсұлтан

Онда Нұрасылды «Балабақша» әнімен қарсы алайық.

Нөмір: «Балабақша» әні

Санжар

Көңілді өскен баламыз,
Ән шырқатып саламыз.

Нұрсұлтан

Тойымызға сән берер,
Би де билей аламыз.

Нөмір: Балауса тобы қыздарының биі — «Көңілді көңіл күй»

Сымбат

Біз байқамай жүрген әншілер де бар. Өнеріне өзгелер тәнті шығар. Тақмұратты ортаға шақырайық — жүректі тербейтін ән шырқасын.

Нөмір: Тақмұраттың әні

Сымбат

Санжар, сенің жүргізушілік қабілетің бар екенін білемін. Тағы қандай өнерің бар?

Санжар

Сымбат, сен мені толық білмейді екенсің. Мен би де билей аламын.

Нұрсұлтан

Досым, онда өнеріңді ортаға сал!

Сымбат

Қанеки, жігіттердің биін тамашалайық!

Нөмір: «Жігіттер» биі

Санжар

Мың бұралып билеген бишілерді кім сүймеген?
Айгөлек тобының бишілері «Теңізші» биін билесін!

Нөмір: Айгөлек тобы — «Теңізші» биі

Ата-аналарға алғыс

Сымбат

Жігіттер, сендерді таңертең балабақшаға кім әкеледі?

Нұрсұлтан: Мені әкем әкеледі.

Санжар: Мені де әкем әкеледі.

Ендеше, әкелерімізге арнап Дінислам «Әкелер» әнін орындайды.

Нөмір: Дінислам — «Әкелер» әні

Сымбат

Жігіттер, мен сендерге бір құпияны ашқым келіп тұр.

Нұрсұлтан: Сымбат, ол қандай құпия?

Санжар: Тез айтшы! Білуге өте қызығып тұрмын.

Сымбат

Мен біздің топта бір-бірін ұнататын қыздар мен жігіттерді білемін.

Нұрсұлтан

Олар кімдер екен?

Сымбат

Бұл құпияның сырын келесі биден кейін білесіңдер.

Санжар

Ендеше кезекті биге кезек берейік.

Нөмір: «Ты меня любишь?» биі

Аманат тапсыру рәсімі

Мектепке аттанған түлектердің орнын басатын бүлдіршіндер бар. Сол үшін сахнада аманат тапсыру рәсімі өтеді.

Аманат беруші

Аманат, бақшам, өзіңе —
Бақытты балғын балалар.
Аманат сөзін түсінер,
Біздер де ойлы балалар.
Аманат саған, бал бөбек,
Аманат етіп тапсырам:
Күн шуағын қабыл ал!

Аманат алушы

Аманатыңды аламын,
Ақылын алам ағаның.
Келер жылы гүл алып,
Мектепке мен де барамын.

Өнер нөмірлері: ән, би, аспап

Санжар

Мерекеде сызылтып ән салады,
Ән айтып, би билесе — жан салады.
Осындай ұлы мерекеде ән салғанда,
Бүкіл ел шапалақтап қарсы алады.

Нөмір: Нұрсұлтан — «Ауылым» әні

Нұрсұлтан

Теңіздей тербелген көл бетінде,
Бишілер билейді әсем екпінде.
Аққудай қалықтаған қимылымен,
Өнерін көрсетсін сахна төрінде!

Нөмір: Айгөлек тобы — «Вальс» биі

Санжар

Жорғалатқан жетіген —
Үні бөлек, естіген.
«Сағындым» әнін сызылтып,
Жетіген тілімен сөйлеген.

Нөмір: Жетігенмен орындалатын ән — «Сағындым»

Сымбат

Достарымыз көңілді — шақырамыз ортаға!
Тойымызға сән беріп, би билейік тамаша!

Нөмір: Балауса тобы — «Гуми-гуми» биі

Балабақшаға алғыс және ізгі тілек

Біз ауданымызға белгілі №4 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеленіп келеміз. Осындай орданың басшысы — Сәуле апайды мақтан тұтамыз.

Нұрсұлтан

Сәуле апай, сөзіме құлақ салыңыз,
Бір серпіліп қалыңыз.
Өзіңізге арналған
Бүгінгі жыр-әніміз.

Санжар

Жігіттердің орындауында «Анашым» әнін қабыл алыңыздар!

Нөмір: «Анашым» әні

Сымбат

Құрметті Сәуле апай, бүгінгі көңіл-күйіңізді және бізге деген ықыласыңызды білдіру үшін сізді сахна төріне шақырамыз.

Сәуле апай сөйлейді, балаларды марапаттайды.

Хор

Қош бол, балабақшам!