Сендер саяхатқа қайда бардыңдар

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы мәлімет

Білім беру саласы

Таным

Бөлімі

Қызықты математика

Тобы

Мектепке даярлық тобы

Тақырыбы

Ғажайып білім әлемі

Түрі

Саяхат сабағы

Мақсат-міндеттері

  • Әртүрлі тапсырмалар арқылы есептей білуге үйрету.
  • Балалардың сөздік қорын байыту, қойылған сұрақтарға нақты жауап беру және бірін-бірі тыңдай білу дағдыларын қалыптастыру.
  • Топпен дұрыс жұмыс жасау, жағымды қарым-қатынас орнату қабілеттерін дамыту.
  • Жұмбақтар мен дидактикалық ойындарды берілген шарт бойынша орындауға дағдыландыру.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, әңгімелесу, сұрақ-жауап.

Пәнаралық байланыс

Тіл дамыту.

Көрнекілік

Суреттер, математикалық жұмбақтар, математикалық мақал-мәтелдер, ойыншықтар, ноутбук.

Сабақ барысы: «Саяхат» сценариі

1) Мотивациялық кезең: «Шаттық шеңбер»

Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне және қонақтарға жылы лебіздерін білдіреді.

Бәріміз бірге тұрайық,

Үлкен шеңбер құрайық.

Жақсы-жақсы сөздерді

Қонақтарға сыйлайық!

Табиғат — біздің анамыз,

Табиғатқа — баламыз.

Иіліп сәлем береміз,

Біз — әдепті баламыз.

2) Іздену-ұйымдастыру кезеңі

Дидактикалық ойын: «Қай ойыншық жоқ?»

Ереже: ойыншықтар үстелде тұрады. Балалар көздерін жұмады. Тәрбиеші бір ойыншықты алып қояды. «1, 2, 3» дегенде балалар көздерін ашып, қай ойыншық жоғалғанын табады.

Сюжеттік сәт: Буратиноның келуі

Буратино: Сәлеметсіздер ме, балалар? Бұл — Ғажайып білім әлемі ме?

Тәрбиеші: Жоқ, Буратино, бұл — балабақша.

Буратино: Мен алтын кілтімді жоғалтып алдым. Жолда ақ тиін кездесіп, «кілтті Ғажайып білім әлеміне барсаң табасың» деді. Бірақ жолды таба алмай, адасып сендердің тобыңа кіріп кеттім. Маған жол көрсетесіңдер ме?

Тәрбиеші: Уайымдама, Буратино. Балалар, көмектесеміз бе?

Балалар: Иә, көмектесеміз!

Тәрбиеші: Ендеше, Буратиноны ертіп, Ғажайып білім әлеміне бірге саяхатқа шығайық. Саяхат барысында түрлі тапсырмалар мен қиындықтар кездеседі. Оларды бірлікпен, бір-бірімізді тыңдай отырып жеңеміз. Қане, «паровозға» мініп жолға шығайық!

1-аялдама: Қызықты математика

Санау

1-ден 10-ға дейін тура және кері санау.

2-аялдама: Математикалық жұмбақтар

Ойлан
  1. 1) Кезікті бір жануар, үстінде екі тауы бар.

    Жауабы: Түйе

  2. 2) Екі айнасы бар, екі найзасы бар. Төрт сылдырмағы бар, бір шыбыртқысы бар.

    Жауабы: Сиыр

  3. 3) Екі құлақ, бір басы бар. Сылдыраған сегіз жерден таңбасы бар. Жолға салып айдағанда, салатын неше түрлі жорғасы бар.

    Жауабы: Домбыра

  4. 4) Екі ағайынды, екеуі де бір үйде. Бірін-бірі көрмейді.

    Жауабы: Көз

  5. 5) Өзі 4 қанатты және 6 аяқты. Сөйтсе де тікұшақтың көшірмесі сияқты.

    Жауабы: Инелік

3-аялдама: Математикалық мақал-мәтелдер

Даналық
  • Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.

  • Екі жақсы қас болмас, екі жаман дос болмас.

  • Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.

  • Бес бармақ жиылса, жұдырық болады.

  • Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын.

  • Жалқаудың екі досы бар: бірі — ұйқы, бірі — күлкі.

4-аялдама: Логикалық есептер

Есеп
  1. Қоршаудан қоянның 8 құлағы көрініп тұр. Қоршаудың артында қанша қоян тұр?

    Жауабы: 4 қоян

  2. Бір ағашта 7 алмұрт болды. Бірін Санатқа, бірін Қанатқа бердім. Қанша алмұрт қалды?

    Жауабы: 5 алмұрт

  3. Үйге Мадияр келді. Оған қоса Алдияр келді. Кейін Айдана келді. Барлығы қанша бала болды?

    Жауабы: 3 бала

  4. Оң жағыңда 5 сарбаз, сол жағыңда 5 сарбаз. Барлығы неше сарбаз?

    Жауабы: 10 сарбаз

5-аялдама: Дәптермен жұмыс

Көк шалғында асыр салып жүрген лақтарды сана. Дұрыс цифрды тауып, дөңгелектеп сыз.

Сергіту сәті

Ал санайық: 1, 2,

Топаңдап біз билейік.

Аяғымыз қайда екен?

Міне аяқ, алақай!

1, 2 деп басайық,

Айналып билеп алайық.

6-аялдама: Ақпарат құралымен жұмыс

Финал

Буратино: Алақай! Менің алтын кілтім табылды!

Қақпаның алдында Буратиноның кілті тұрады. Қақпаның үстінде «Ғажайып білім әлемі» деген жазу бар.

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, біз алтын қақпаға келдік. Міне, Ғажайып білім әлемі — осы!

Бұл саяхат бізге ең басты құндылықты — білімді сыйлады. Біз бірігіп қызықты тапсырмалар орындадық және Буратиноға көмектестік.

Буратино: Көп-көп рақмет! Сендер маған жол көрсетіп, кілтімді табуға көмектестіңдер. Тапсырмаларды да өте жақсы орындадыңдар. Сендер тек білімді ғана емес, мейірімді балалар екенсіңдер. Мен сендерге арнап сыйлық әкелдім.

Буратино сыйлықтарын таратып, қоштасып шығып кетеді.

Тәрбиеші: Балалар, сендер ұйымшылдықтарыңды, тапқырлықтарыңды және қиындықтан қорықпайтындарыңды көрсеттіңдер. Енді өз тобына қайтайық.

3) Қорытынды кезең: сұрақ-жауап және қоштасу

Сұрақ

Саяхат сендерге ұнады ма?

Сұрақ

Саяхатқа қайда бардық?

Жауап: Ғажайып білім әлеміне

Сұрақ

Біз кімге көмектестік?

Жауап: Буратиноға

Балалар қол ұстасып, бір-біріне жылы тілек айтып, қонақтармен қоштасады.

Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.

Сау болыңыздар!