Біз қазына аралына келіп қалдық

Оқу іс-әрекетінің мазмұны

Бұл оқу іс-әрекеті дидактикалық ойындар арқылы балалардың қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыруға бағытталған. Сюжеттік желі ретінде балалар «Қазына аралына саяхатқа» аттанып, тапсырмалар арқылы санау, салыстыру, өлшеу және геометриялық пішіндерді ажырату дағдыларын бекітеді.

Білім беру саласы

Таным

Бөлімі

Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру

Тақырыбы

Қазына аралына саяхат

Мақсаты

Дидактикалық ойындар арқылы қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру: санау, салыстыру, бағыттарды ажырату, геометриялық пішіндерді тану, шартты өлшеуішпен өлшеу.

Көрнекіліктер мен құралдар

Балаларға арналған

  • Санауға арналған үлестірмелі материалдар
  • Жолақты қалташа
  • Геометриялық пішіндер
  • Көлемі әртүрлі тиын үлгілері
  • Кеспе цифрлар

Тәрбиешіге арналған

  • Санауға, есептеуге арналған дидактикалық көрнекіліктер
  • Күн мен бұлт суреттері
  • Шартты өлшеуіш (сызғыш)
  • Алтын сандық, тиындар
  • Геометриялық пішіндерден жасалған кілттер
  • Кеспе цифрлар

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы

1) Мотивациялық-қозғаушы кезең

Тәрбиеші балаларға бүгінгі математика оқу іс-әрекетінде «Қазына аралына саяхат» жасайтындарын айтады. Саяхатқа шығу үшін ауа райы ашық әрі жылы болуы керектігін талқылайды.

Сюжеттік жағдай

Күннің бетін бұлт басып тұр. Күннің көзін ашу үшін бұлттар тапсырмалар ұсынады. Сол тапсырмаларды орындау арқылы өткен тақырыптар қайталанады.

Дидактикалық ойын: «Кім тапқыр?» — бұлттағы тапсырмалар

  1. Қосу есебі

    «Табақта үш алма, қолымда екі алма. Қосқанда барлығы болады неше алма?»

  2. Тура және кері санамақ

    Балалар 1-ден бастап тура және кері санайды.

  3. Салыстыру сұрақтары

    • Жол ұзын ба, қол ұзын ба?
    • Қасық ұзын ба, асық ұзын ба?
    • Алма үлкен бе, түйме үлкен бе?
    • Аю үлкен бе, қоян үлкен бе?
    • Шаш қысқа ма, қас қысқа ма?
    • Адам қысқа ма, қалам қысқа ма?
  4. Пішіндерді тану

    «Есік, терезе, үйдің төбесі, орамал қандай геометриялық пішінге ұқсайды?»

2) Ұйымдастырушылық-ізденімпаздық кезең

Көңіл-күйді көтеру

Күннің көзі ашылған соң балалар күнге қарап күліп, керіліп алады.

Саяхатқа дайындық: көлік таңдау

Балалар саяхаттау үшін көлік керек екенін айтады. Тәрбиеші желкенді қайықпен шығуды ұсынады.

Тапсырма: геометриялық пішіндерден қайық құрастыру

Балалар алдарындағы геометриялық пішіндерден желкенді қайық құрастырады және қандай пішіндерді пайдаланғанын атайды: төртбұрыш, шаршы, үшбұрыш.

Төртбұрыш Шаршы Үшбұрыш

Бағдарлау

Қайықтың желкенін алдымен оң жаққа, кейін сол жаққа бұрып, бағыт ұғымы бекітіледі.

Дидактикалық ойын: «Бақалар мен балықтар»

Дариядағы балықтар мен бақаларды санайды, салыстырады, тең емес топтан тең топ құрайды. «Қанша болса — сонша» ұғымы қалыптастырылады.

Дидактикалық ойын: «Қайсы жол қысқа, қайсы жол ұзын?»

Қазына аралына келгенде кірпі өз үйіне жететін жолды таңдай алмайды. Балалар шартты өлшеуіш (сызғыш) көмегімен жуан және жіңішке жолдардың ұзындығын өлшеп, қайсысы қысқа/ұзын екенін анықтайды.

Дидактикалық ойын: «Кім тез жетеді?»

Кірпі алғыс айтып, алтын сандыққа апаратын жолды көрсетеді. Балалар қағаздағы сандарды ретімен сызықтар арқылы қосып, «жолды» аяқтайды. Кім бірінші аяқтаса, сол тез жеткен болып саналады.

Сергіту сәті

Қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы балалар сергіп алады.

Алтын сандықты ашу: пішіндерді ажырату

Сұрақ

Сандық қандай пішінге ұқсайды?

Төртбұрышқа.

Сұрақ

Құлпының кілті қандай пішін?

Дөңгелек.

Тәрбиеші сандықты ашады, әдемі әуен қосылады. Сандықтың ішінен тиындар шығады.

Тиындар туралы әңгіме

  • Тиындар дөңгелекке ұқсайды.
  • Дөңгелекке ұқсайтын заттар: доп, шар, көліктің дөңгелегі.
  • Тиындар дүкеннен зат сатып алу және төлем жасау үшін қолданылады.

Тапсырма: тиындарды реттеу

Балалар алдарындағы тиын үлгілерін үлкеннен кішісіне қарай реттеп қояды.

3) Рефлексиялық кезең

Саяхат аяқталады. Балалардың белсенді қатысуы мадақталып, оқу іс-әрекетінде не үйренгендері қысқаша қорытындыланады.