Түйе сүті - шұбат, жылқының қымызы денсаулыққа аса пайдалы шипалы сусын
Төрт түлік — қазақ тіршілігінің өзегі
Кең пейілді қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Ғасырлар бойы қалыптасқан мол тәжірибе арқылы ата-бабамыз мал өрісін, табиғат заңдылығын, түліктің қадір-қасиетін терең таныған. Тіпті малдың айрықша белгісін, бітім-болмысын дәл танып айтатын Толыбай сияқты сыншылар да шыққан.
Халықтың күнделікті тұрмысы мен шаруашылық өмірі мал өсірумен біте қайнасты. Малдың еті, сүті, жүні, түбіті, қылы, шудасы, терісі ғана емес, мүйізі мен сүйегіне дейін қажетке жаратып, ұқсатып отырған. Мінсе — көлігі, ішсе — сусыны, жесе — тамағы, кисе — киімі, тұтынса — бұйымы; байлық та, мәртебе де, салтанат та көбіне осы түлікпен өлшенген.
Неге маңызды?
Мал өсіруге қолайлы Қазақстанды төрт түліксіз елестету қиын. Бұл сала алдағы уақытта да ел шаруашылығы үшін мәнін жоғалтпайды.
Ұрпаққа аманат
Кейінгі буынның бәрі бірдей мал бақпаса да, төрт түлікке қатысты ұлттық ұғым мен бай тәжірибені жадында ұстауы керек.
Тәрбиелік мәні
Осы мұраны оқыту мен үйрету жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, еңбекке және табиғатқа ықыласын арттырады.
Түйе: атауы да, қасиеті де көп қырлы
Төрт түлікке қатысты этнографиялық атаулар өте мол. Соның ішінде түйенің өсу, жас ерекшелігіне байланысты аталуы да сан алуан: бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, науша, бұзбаша, інген, атан, бура.
Қасиетіне қарай жіктелуі
Түйе қасиетіне қарай да бөлінеді: біртуған, бекпатша, мая, желмая, құлпатша, нар, аруана, жампоз, қоспақ, балқоспақ, мырзақоспақ, үлек. Айырдан туған жампоз да болады.
Мақал-мәтел, жырдағы орны
- «Нарға жүгін салғысыз» (Шалкиіз жырау).
- «Қомын кессең былқ етпес, бекпатша қызыл нар еді» (Н. Ахметбеков).
- «Түйе жаманы — көрт, шөп жаманы — керт» (мақал).
Түйенің кейбір атаулары
Түйенің әлжуаз, азғындау түрлерін көрт, көйін деп те атайды.
Жылқы: ең қастерлі түлік
Қазақ үшін ең құнды, қасиетті мал — жылқы. Ол жасына, түріне қарай: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, сойтал, дөнен, қулық, бесті, бие, ат, сәурік, айғыр деп ажыратылады.
Сипат пен мәртебе
Ел қорғаған ерлер таңдаулы сәйгүліктерін жорға, сужорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, наз бедеу, дүлдүл, арғымақ деп дәріптеп, айрықша бағалаған.
Бәйге дәстүрі
Айт, ас, тойларда аттың бас бәйгесіне мол сый, дүние-мүлік тігілген. Бұл — жылқының қоғамдағы орнын айқындайтын салт.
Құрмет белгісі
Кәделі жерде ер-азаматқа ат мінгізіп, шапан жабу — зор құрметтің, үлкен сыйдың нышаны.
Жүріс түрлері
Жылқының жүрісі де жіктелген: аяң, жорға, жортақ, бүлкек, бөкен желіс, сар желіс, текірек, шоқыту, шабыс.
Түс атаулары
Түстері де көп: торы, күрең, жирен, шабдар, ақбоз, боз, көк, қызыл, қара, шұбар, теңбіл, баран, бурыл, қылаң, ала, сұр, кер, құла, құлагер, қарагер. Жылқының нашарын мәстек, тулақ дейді.
«Ат, айғырлар, биелер, бүйірі шығып ыңқылдап…» (Абай)
Сиыр, қой, ешкі: атау жүйесі мен тұрмысқа ықпалы
Сиыр атаулары
Жасына қарай: бұзау, баспақ, торпақ, тана, тайынша, қашар, құнажын, дөнежін, сиыр, өгіз, бұқа.
«Пұл жібердім қалаға, бұзау баспақ, танаға» (Қобыланды батыр).
Қой атаулары
қозы, марқа, тоқты, бағылан, тұсақ, азбан, ісек, ақауыз қой, қошқар, саулық.
Ешкі атаулары
лақ, туша, бөрте, шыбыш, серке.
Төрт түлік — тіл мен танымда
Малдың қадірін таныған жұрт адам есіміне де түлік атауларын қосқан. Мысалы: Ботагөз, Нартай, Атанбай, Бурабай, Жылқыайдар, Түйебай, Қошқар, Қозы, Серке, Қойшыбай, Құнанбай.
Қазақ баласын «ботам», «құлыным», «қошақаным» деп еркелетеді — мұның бәрі түлікке деген ілтипат пен мейірімнен туған. Ертедегі жыр-аңыз, әңгіме-ертегілерде де төрт түлік батырлармен, сұлу қыздармен қатар дәріптеліп отырады.
Сүт тағамдары: береке мен шипа
Мал сүтінен жасалатын ұлттық тағам түрлері өте көп. Түйе сүті — шұбат, ал жылқы қымызы — денсаулыққа пайдалы, шипалы сусын. Сиыр мен қой сүтінен айран, қатық, қаймақ, май, сүзбе, ірімшік, құрт, ежігей және басқа да көптеген тағам дайындалады.
Пірлер, шақыру сөздері және мал үні
Төрт түліктің пірлері
- Түйенің пірі — Ойсылқара
- Жылқының пірі — Қамбар ата
- Сиырдың пірі — Зеңгі баба
- Қойдың пірі — Шопан ата
- Ешкінің пірі — Шекшек ата
Шақыру және қайыру сөздері
Шақыру
Түйе — «көс-көс», жылқы — «құрау-құрау», сиыр — «әукім-әукім», қой — «пұшайт-пұшайт», ешкі — «шөре-шөре».
Өріске айдау, тоқтату
Түйе — «арай-арайс», «шөк-шөк»; жылқы — «құрай-құрай», «құр-құр»; сиыр — «шуу-шуу», «өк-өк»; қой — «шәй-шәй»; ешкі — «шек-шек».
Ескерту: ауызекі нұсқалар өңірге қарай әртүрлі айтылуы мүмкін.
Малдың үні
Түйе боздайды, жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, қой мен ешкі маңырайды.
Ауру атаулары: халықтық тәжірибеден
Төрт түлікке қатысты ауру атаулары да халық жадында сақталған. Негізгілері төмендегідей:
Түйе, жылқы
- Түйеде: ақшелек, қатпа.
- Жылқыда: жамандату, шеміршек, маңқа.
Сиыр, қой-ешкі
- Сиырда: аусыл, қарасан.
- Қой-ешкіде: топалаң, кебенек, т.б.
(Жалғасы бар.)
Дайындаған
Бегімхан Керімханұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі