Шешендік сөздердің идеялық мәнін ашу

Пәні мен сабақ туралы мәлімет

Пәні
Ана тілі
Сабақтың тақырыбы
Үш арыстың үлгілері
Сабақтың түрі
Жаңа білім беру
Сабақтың әдісі
Түсіндіру, сұрақ-жауап
Пәнаралық байланыс
Тарих, қазақ тілі
Көрнекілігі
Интерактивті тақта, кеспе қағаздар, үш би суреті, пікір жазу күнделігі
Негізгі ұғым
Шешендік сөз — халық ауыз әдебиетінің маңызды бір түрі

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Оқушыларға шешендік сөздер туралы түсінік беру.
  • Қара қылды қақ жарған қазақ билерімен таныстыру.
  • Шешендік сөздердің идеялық мәнін ашу.

Дамытушылық

  • Шығармашылық қиялды жетелеу арқылы сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
  • Негізгі идеяларды суреттей отырып, тіл байлығын дамыту.
  • Сөздік қорды молайту.

Тәрбиелік

  • Ана тілін ардақтап, бағалай білуге тәрбиелеу.
  • Сөз қадірін терең түсінуге баулу.
  • Тіл шеберлігіне, ой дәлдігіне тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

Аутотренинг

  • Мен бәрін орындай аламын.
  • Мен барлығын жақсы көремін, сол үшін көздеріме рақмет.
  • Мен барлығын жақсы естимін, сол үшін құлақтарыма рақмет.
  • Мен барлық жерге барамын, сол үшін аяқтарыма рақмет.
  • Мен барлық жұмысты атқарамын, сол үшін қолдарыма рақмет.
  • Мен барлығын білемін, сол үшін басыма рақмет.

Табиғат сыйлаған дене мүшелерімізге саулық тілеп, сабағымызға сәттілік тілейміз.

Алдыңғы бөліммен байланыс

Сұрақ: Қазір өтіп жатқан тарау қалай аталады?

Жауап: «Атадан қалған асыл мұра»

Сұрақ: «Мұра» деген сөзді қалай түсінесіңдер?

Мұра — ата-бабадан қалған асыл сөз немесе құнды зат. Мұра атадан қалады.

Енді «ата» сөзіне топтау жасаймыз: оқушылар аталардың қасиеттерін атап, өнеге алады.

Елдің туын ұстаған,
Ел намысын ұштаған.
Қалың қазақ пір тұтар
Қасиетті үш бабам.

Осы үлгі тұтар бабаларымызбен «Үш арыстың үлгілері» сабағында танысамыз.

II. Жаңа тақырып: Үш арыстың үлгілері

Дәптерімізді ашып, күннің жадын және сабақтың тақырыбын жазамыз.

Тарихи тұлғалар

  • Төле Әлібекұлы

    1663–1756

  • Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы

    1665–1758

  • Әйтеке Байбекұлы

    XVII–XVIII ғғ.

Алмағайып заманда қазақ көгіне үркердей болып шыққан осы үш би бытыраған елдің басын қосып, көшін түзеп, әрі шешендік, әрі көсемдік қасиет танытты. Ел аузындағы аңыздар мен әңгімелерде, шешендік сөздер мен толғауларда олардың биік болмысы мен асқан азаматтығы айқын көрінеді.

Ел-жұрттың қамын ойлаған данагөй билердің қатысуымен «Жеті жарғы» дүниеге келді. Үш арыстың бірлік пен тірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақырған үндері бүгінге дейін жетіп отыр.

Көрсетілім

Бір сәт бейнетаспаға назар аударамыз (үзінді көрсету).

Оқулықпен жұмыс

Оқулықтың 64-бетін ашып, шешендік сөздермен танысамыз. Тыныш отырып, мұқият тыңдаймыз.

Талқылау сұрағы

Осындай өсиетті, өнегелі сөздер қалдырған бабаларымызды қандай адам деп айтуға болады?

  • Ел қамын ойлаған, ел ішіндегі әділ қазы.
  • Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен данышпан.
  • Шешен, данагөй, ақылды тұлға.

III. Оқу және жазба жұмыстары

Мәтінмен жұмыс

  • Мұғалімнің түсіндіруі.
  • Мәтінді бір рет іштей оқып шығу.
  • Мәнерлеп, тізбектей оқу.

Оқушылардың оқуы тыңдалып, пікір беріледі.

Дәптермен жұмыс

Анықтама: Би — ел билеген тарихи тұлға.

Анықтаманы дәптерге жазып аламыз.

IV. Сергіту және топтық тапсырмалар

Сергіту сәті

Бейнетаспа арқылы қимыл-қозғалыс жасап, бой сергітеміз.

3 топқа бөлу

I топ

«Төре»

Қамшы табысталады: «Төле бидей төре бол!»

II топ

«Тапқыр»

Қамшы табысталады: «Қазыбек бидей тапқыр бол!»

III топ

«Әділ»

Қамшы табысталады: «Әйтеке бидей әділ бол!»

Сұрақ

Қамшының рөлі қандай?

Қамшы — бүгінгі сабақта биліктің символы. Тапсырмаларды орындауда мұғалім оқушыларға бағыт-бағдар береді.

Тапсырмалар

  • Бейнетаспадағы 1-тапсырма бойынша жұмыс (парақшалар таратылады).
  • Бейнетаспадағы 2-тапсырма: шешендік сөздерді жалғастыру.

Оқушылардың жауаптары тыңдалып, талданады. Бүгін сендер бабаларымыздың асыл сөздерін меңгеріп, билерше сөйлеуге талпындыңдар.

Тапқыр да бірлікшіл болып, елге қызмет ететін кемеңгер азамат болуға ұмтылыңдар.

V. Кері байланыс, үй тапсырмасы және бағалау

Кері байланыс

«Сабақ ұнады ма?» — Жазғы күнгі гүлдің хош иісін елестетіп, алдарыңдағы гүлге көңіл күйді білдіретін шағын сурет салыңдар.

Үйге тапсырма

  • «Үш арыстың үлгілері» шешендік сөздерін жаттау (64–65-бет).
  • «Қазақтың билері» тақырыбына мәнжазба жазу.

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, мәтінді мәнерлеп оқуы, топтық жұмыстағы ынтымақтастығы және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.