Балаларды жақсылық жасауға баулу, адамгершілік құндылықтары жөнінде түсініктерін кеңейту

Тақырып

Жақсылық жасау да – бақыт.

Мақсаты

  • Балаларды жақсылық жасауға баулу, адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
  • Жанашырлық сезімдерін оятып, қамқорлық жасай білуге және табиғатты аялап қорғауға дағдыландыру.
  • Экологиялық, рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру.
  • Балалардың бойындағы жақсы қасиеттерді танып, дамытуға ынталандыру.

Сабақ форматы

Оқу іс-әрекет түрі

Саяхат-сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Табиғатқа саяхат, әңгімелесу, сұрақ-жауап, ойын, ән айту.

Көрнекі құралдар

Шарайна Жақсылық пен жамандыққа қатысты суреттер Жұлдызшалар Шарлар Тосын сый Магнитофон Микрофон

Шаттық шеңбер

  • — Армысың, қасиетті Жер Ана!
  • — Армысың, құдіретті Аспан Ата!
  • — Армысың, мейірімді Табиғат Ана!
  • — Армысыздар, құрметті қонақтар!
  • — Қош келдіңіздер, біздің балабақшаға!

Әңгімелесу: өлең арқылы ой ашу

Тәрбиешінің сөзі

Балалар, мына өлеңді мұқият тыңдап, мәніне зер салыңдар.

Жақсылық жаса досыңа,
Бірге ойнаған жасыңнан.
Қиналған кезде әрқашан,
Табылсаң болды қасыңнан.

Болғың келсе жақсы адам,
Жақсылық жаса әрқашан.

Сұрақ-жауап

  • Өлеңде не туралы айтылған?
  • Жақсы адам деп қандай адамды айтамыз?

Бүгін біз адам бойындағы жақсы қасиеттер туралы әңгімелесеміз. Жақсы адамның ісі сөзінен көрінеді: үлкенге көмектесу, кішіге қамқор болу, табиғатты аялап қорғау.

Табиғатты қорғау дегеніміз — ағашты сындырмау, жерге және суға қоқыс тастамау, құстар мен жануарларға жанашырлық таныту, туған жерді сүю.

Ал сендердің бойларыңда осындай қасиеттер бар ма?

Табиғат Анаға саяхат

Жақсы қасиеттерді іс-әрекет арқылы дәлелдеу үшін Табиғат Анаға саяхат жасайық:

Табиғат — біздің анамыз,
Біз табиғатқа — панамыз.

Балалар әндетіп, Табиғат Ана аясына сапар шегеді. Табиғат Ана амандасып, балаларды қарсы алады.

Табиғат Ананың ойы

Барлық тірі ағзаның бойында жағымды қасиеттер болады — онсыз тіршілік те мәнін жоғалтады.

Сендердің жақсы бала екендеріңді сынап, тексерейін. Мүмкін, бұл сұраққа сөзбен емес, өз іс-әрекеттеріңмен жауап берерсіңдер.

Көрініс

Орман ішіндегі «Екі дос» оқиғасын тамашалайық. Осы мысал арқылы жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажыратамыз.

Талқылау сұрақтары

  • Қандай сезімде болдыңдар?
  • Дос қандай болуы керек?
  • Сендер досыңа көмектесесіңдер ме?

Қорытынды ой: жақсылық жасау да — бақыт.

Ғажайып сөздер: табиғатқа аманат

Табиғат таңғажайып танығанға,
Көре біл, ұға біл, жырын тыңда.
Табиғат — тұнған асыл қазына, байлық,
Игере біл, қорға оны тағы да.

Жер, су, ауа, орман, бақ —
Байлығымыз, көркіміз.
Мәпелеп, баптап, қорған бол —
Өсіреміз деген сертіміз!

Табиғатқа қамқор боп,
Байлығын біз қорғайық.
Ата-анаға қамқор боп,
Асыл мұрагер болайық.

Досымызға берік боп,
Тату-тәтті болайық.
Әдепті де, тәртіпті —
Жақсылығын қолдайық.

Нақыл сөздер

  • Жақсылыққа — жақсылық әр кісінің ісі.
    Жаманшылыққа — жақсылық ер кісінің ісі. (М. Әуезов)
  • Жақсы болсаң, жердей бол — бәрін шыдап көтерген.
    Таза болсаң, судай бол — бәрін жуып кетірген.
  • Біреуге жақсылық етсең — оны міндет етпе! (М. Әуезов)

Жақсылықтың өлшемі

  • Жақсылық қылсаң — жасыр, жақсылық көрсең — асыр!
  • Өзгеге жасаған жақсылығың — өзіңе жасаған жақсылығың.
  • Жақсылық жүрген жерде таршылық болмайды.
  • Жақсы сөз — жақсы тілек: ізгі ниетті болайық.
  • Үлкенге де, кішіге де жақсы ой тілейік.

Айналаңа жақсы іс жасап, біреудің көңілін көтерсең, жүрегің де жылып, өзің де қуанышқа бөленесің. Жақсылық жасаған сәт — бақытқа жақын қадам.

Сергіту сәті

  • — Мынау — менің жүрегім, бәрі осыдан басталады.
  • — Мынау — басым ақылды, бәрін осы атқарады.
  • — Мынау — менің оң қолым, мынау — менің сол қолым, барлық істі атқарады.
  • — Мынау — менің оң аяғым, мынау — менің сол аяғым, жақсылыққа апарады.

Тыныштық сәті

Балалар, бір сәтке Табиғат Ана бауырында тыныстайық. Бойымызға сіңген жақсы қасиеттерді тұла бойымызға таратып, жүрегіміздегі жақсылық алауының жылуын бір-бірімізге тілек айту арқылы көбейтейік.

Енді көзімізді ашып, сезімдерімізбен бөлісейік: бүгін қандай жақсы ой түйдіңдер, қандай әрекет жасауға ниеттендіңдер?

Жүректен — жүрекке

Табиғат Ана балаларға жүрекшелер ұсынып, ізгі тілек айтады. Балалар да жүрекшелерін «жандандырып», қонақтарға жылы сөз арнайды.

Тілек сөзі

Жақсы сөз — жақсы тілек. Ізгі ниетті болайық. Жақсы ойлап, әр адамға — үлкенге де, кішіге де — мейірім тілейік.

Соңында балалар тосын сый жасап, қонақтармен қоштасады да, әндетіп балабақшаға оралады.

Қорытынды

Бұл саяхат-сабақтың түйіні — жақсылықтың тек сөз емес, нақты әрекет екенін сезіну. Досқа тірек болу, үлкенге көмек беру, кішіге қамқорлық таныту, табиғатты қорғау — бәрі де адамды тәрбиелеп, жүректі нұрландырады.