Білімді ұрпақ қана еліміздің болашақ иесі болары қақ
Тәуелсіздік және тілдің тұғыры
Уақыт зымырап, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 26 жыл толды. Тәуелсіздік — ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақ елін азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан ұлы белес. Бүгін Қазақстанды әлем мойындаған ел деп айта аламыз.
Тәуелсіздіктің басты тірегі — мемлекеттік тіл. Тіл — мемлекетіміздің тұғырлы тілегі, халықтың рухани байлығы, өткеніміз бен болашағымыздың айқын көрінісі.
Ұстаздық жол және үздіксіз ізденіс
Осы 26 жыл мен үшін де мәнді кезең: жан-тәніммен қалаған мамандығым — ұстаздық қызметте еңбек етіп келе жатқаныма да 26 жыл толды. Осы уақыт ішінде талай шәкіртім түлеп ұшты. Бүгінде олар қоғамға өз үлесін қосып, өмірдің сан тарау жолында еңбек етіп жүр.
К. Д. Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім; оқуды, ізденуді тоқтатқан сәтте оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі ұстаз қауымына әрдайым бағдар. Сондықтан біз үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, ізденуден жалықпаймыз.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ және білімнің жаңаруы
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы негізгі бағыттардың бірі — бәсекеге қабілеттілік. Ұрпағымыз білімді әрі бәсекеге қабілетті болуы үшін білім беру жүйесі мұғалімдерден кәсіби шеберлікті, көпқырлы шығармашылықты талап етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Білім — үнемі қозғалыста болатын үдеріс. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі — жас ұрпаққа сапалы білім беру. Өйткені елдің болашағы — білімді ұрпақтың қолында.
Жаңартылған бағдарлама
Жаңашыл идеялар мен әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануды талап етеді; мұғалімнің кәсіби өсуін жеделдетеді.
Мұғалімнің жауапкершілігі
Үздіксіз оқу, курстарға қатысу, тәжірибе алмасу арқылы сапалы оқыту мәдениетін қалыптастыру.
Мен де жаңартылған білім бағдарламасы аясында біліктілігімді арттыру курстарына қатысып, білімімді шыңдап қайттым. Әрине, бұл бағдарлама ұстаздар қауымына жаңа басқан нәрестедей бастапқыда қиындық әкелгені рас. Дегенмен өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған ұстаздар қауымы ізденіс үстіне ізденіп, кәсіби деңгейін одан әрі жетілдіруде.
Латын әліпбиіне көшу — сананы жаңғыртудың бастауы
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын ерекше жігермен оқып шықтым. Бұл еңбек Сарыжаз орта мектебінің мұғалімдеріне де айрықша әсер етті. Ұжымдық жиналыста талқылап, әркім өз пікірін ортаға салды. Осы тұста мен де өз ойымды бөліскім келеді.
Неге бұл қадам маңызды?
- Қазақ жазуының латын қарпіндегі нұсқасына көшу — рухани жаңғыруға ықпал ететін нақты қадам.
- Кириллицамен қош айтысып, қазақ тілінің табиғатына сай әліпби қалыптастыру — ұлттық мүдденің өзегі.
- Кірме әріптер мен отарлау саясаты қалдырған тәуелділіктің кейбір белгілерінен арылуға мүмкіндік береді.
- Жаһандық ақпарат кеңістігімен үйлесуді жеңілдетіп, елдің бәсекелік әлеуетін арттырады.
Халқымызда «Қыран құстың биікке самғап ұшуы үшін оған уақыт пен бап керек» деген даналық бар. Демек, бұл — бір күнде аяқталатын шаруа емес; қоғам болып байыппен қабылдап, ортақ мәмілеге келіп атқаратын іс.
Мен елімнің болашағы мен келешек ұрпақтың қамы үшін бұл ұсынысты құптаймын. Өзінің ұлттық ерекшеліктерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын сақтай отырып, алпауыт елдердің алдында еңсесін тік ұстап отырған Ұлы еліміздің болашағы өз әліпбиімен одан әрі жарқындай түседі.
«Ел бүгіншіл, менікі — ертең үшін».
Шын мәнінде, бүгін атқарылып жатқан істердің бәрі тек бүгін үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игілік. Бұл ретте «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді ескеріп, барша ел болып жұмылып, ұлттық бірлікті сақтай отырып, мақсатқа сенімді қадам басу қажет деп ойлаймын.
Тәуелсіз елде, кең-байтақ жерде өз Отанын мекен етіп, ана тілінде сөйлеп, дінін де, ділін де сақтап отырған ұйыған ұлтымыз жаңа әліпбимен жаңа белестерді бағындырады деген сенімдемін.
Автор туралы мәлімет
Қуанышева Светлана
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз орта мектебі (МДШО) және Ақебейіт бастауыш мектебі (КММ)