Орындайтын қыздар
Аяулы анашым
Бұл іс-шара балалардың өнері мен қабілетін ашуға, ананы құрметтеуге және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға арналған мерекелік бағдарламаның сценариі.
Негізгі мақсат
Балалардың бойындағы өнері мен ерекше қабілеттерін көрсету арқылы білімге, өнерге сүйіспеншілігін қалыптастыру.
Дамыту
Сөздік қорын, есте сақтау қабілетін дамыту, сахналық қойылым арқылы әртістік шеберлігін шыңдау; рухани-адамгершілік қасиеттерін жетілдіру.
Тәрбиелік мәні
Ананы құрметтеуге, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу.
Барысы
Кіріспе
Көңілді музыка ойналады. Балалар музыка әуенімен сахнаға шығады. Мұғалім құттықтау сөз сөйлейді.
Негізгі бөлім
Құттықтау
1-оқушы: Құрметті аналар! Көктемгі күндей жарқырап, гүлдей құлпырған мерекелеріңіз құтты болсын!
Өлең жолдары
Нұршуақ:
Қуанышы баланың — бізді өсірген апатай,
Қуанышы ананың — еңбегіңіз зор екен.
Қуанышы ананың — құтты болсын апатай,
Қуанышы баланың — құтты болсын мерекең!
Аяулым:
Айналайын апашым, аялайсың, бағасың,
Мен үшін не керек — бәрін іздеп табасың.
Ән
«Ақ мамам» — орындайтындар: Айсезім, Нұршуақ.
Аудио
Баубек Бұлқышевтің «Ана» (аудио жазба).
Диалог
Ләззат: Білесің бе, Жасұлан? Ана — деген керемет, асыл жан. Менің анам кішкентай кезімде не айтсам соны алып беретін, түн ортасында шөлдесем тұрып, шырын да, су да беретін.
Жасұлан: Ал менің анам ұйықтар алдында ән айтып, ертегі оқып береді. Оянғанда жүрегіме жылу беретін сөздер айтады.
Ләззат:
Бала, бала, бала деп, түнде шошып оянған,
Түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянған.
Аяулы қолға талпынтқан, қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргегі — қорғасындай балқытқан.
Жасұлан:
Айналасына ас қойып, өзенді көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей, кірлі көйлек кигізбей,
Иісі жұпарын аңқытқан. Бұл кім?
Балалар (хормен): Ана! Ана! Ана!
Ән
«Айгөлек» — орындайтындар: қыздар.
Өлеңдер
Ләззат:
Жер бетінің ғұмыры күн нұрмен арайлы,
Біздің үйдің жылуы анамыздан тарайды.
Ана десем, шешек атып жанары —
Өмірімнің бастау алар жаңа әні.
Ана — тіршілікте пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.
Жаснұр:
Ана біздің — күніміз, ананың біз — гүліміз!
Құрметтейміз ананы, құттықтаймыз бүгін біз:
Ұландарды қуантып, ұзақ өмір сүріңіз!
Ақмоншақ:
Тіршілік жаңа оянды, жылылықтан жаралған,
Құшағы оның — таң мекен.
Менің айдай анамнан асқан сұлу бар ма екен?!
Жасұлан:
Анам көркі — көгімнің, ана нұры — жерімнің,
Ана бағы — баланың, мақтанышы — елімнің.
Еңбек, ерлік атқарған, еңбегімен мақталған,
Ел сенімін ақтаған, айналайын ақ мамам.
Би
Вальс — орындайтындар: Жасұлан–Айсезім, Бейбарыс–Ділназ.
Құттықтау өлеңдері
Толғанай:
Үмітіңдей көзіме көп қарайсың үңіліп,
Еркелеген сөзімде ертеңіңіз тұр күліп.
Айсезім:
Сыйлайыншы гүлімді, теріп алған даладан.
Мейрамыңыз бүгінгі құтты болсын, анажан!
Ақмоншақ:
Ерлік еткен біз үшін, еңбек еткен біз үшін,
Еркелеткен біздерді, еркіндеткен біздерді —
Анамызға мың алғыс!
Ойын
«Аяқталмаған сурет»: Аналарға дайын сурет беріледі. Көздері байлаулы күйде сол суретті жалғастырып салуы керек.
Би
Жастар биі — топтық би.
Әжелерге арнау
Ендігі кезекте әжелерімізге жырдан шашу шашайық.
Айсезім:
Менің әжем — бал әжем, айтқан сөзі — дәл әжем.
Аман болса көреді қызығымды әлі әжем.
Аяулым:
Менің әжем — нар әжем, көп жасаған кәрі әжем.
Ауырғанда мен үшін әр сүйгені — дәрі әжем.
Жасұлан:
Таусылмайды өлеңі, күнде айтып береді.
Барған сайын бір жаққа кәмпит алып келеді.
Әжем мені өйткені өте жақсы көреді.
Ақжан:
Көңіліңді табады, әнді қалай салады.
Ертегі қандай көп еді — күнде айтып береді.
Қуанатын балаша, әжем менің тамаша.
Ән
«Апам үшін» — орындайтындар: қыздар.
Сұрақ-жауап
Балаларға қысқа сұрақтар қойылып, жауаптар тыңдалады.
Көктем, ана туралы жыр
Ділназ:
Шуақты көктем келді гүлін алып,
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі — аналар,
Ана деп бас иеді күллі халық.
Айсезім:
Анамның әрбір сөзі — ой талабы,
Жүректің тереңінде сақталады.
Өсеміз елін сүйген ұландар боп,
Ардақты ана еңбегі ақталады.
Бейбарыс:
Айналайын анашым, көкте күн боп жанасың.
Ет жүрегің елжіреп, құшағыңа аласың.
Үн қатасың бал тілмен, еркелеймін әр күнмен,
Құттықтаймын анашым 8-наурызыңмен!
Жүргізуші сөзі
Ана, ана, ана... Осы сөздің өзі адамға қандай күш береді. Дүниеде ананың мейіріміне, аялы алақанына не жетеді?! Жақсылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтімен дариды.
Өмірге ана — бұлақ, ана — пана.
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ойындар
«Жұмбақ сурет»
Балалардың көзі байланады. Аналар тақтадағы суретті құпия етіп сипаттайды, бірақ суреттің өзін атамайды.
«Мен анамды қаншалықты білемін?»
Сұрақтарға анасы мен баласы кезекпен жауап береді.
- Анаң сені қалай еркелетеді?
- Балаңыз тентектік жасағанда не дейсіз?
- Анаңыздың шашының түсі қандай?
- Анаң қандай түсті жақсы көреді?
- Балаңыздың сүйікті асы қандай?
- Балаңыз қандай киімді (көйлекті) жақсы көреді?
- Анаңның көзінің түсі қандай?
- Анаң қандай гүлді жақсы көреді?
- Балаңыздың сүйікті түсі қандай?
- Анаң қандай бас киім киеді?
- Анаң қалай күледі?
Сыйлық сәті
Ендігі кезекте балалардың аналарға арнаған шағын сыйлықтары табысталады.
Тілек
Ата-аналар арасынан құттықтау тілек айтылады: Құрметті аналар, қыздар, ұстаздар! Бүгінгі 8-наурыз мерекесі құтты болсын! Осы көктем сіздерге тек сұлулық пен шаттық әкелсін! Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!
Қысқа қорытынды
Бұл мерекелік кеш балалардың өнерін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастырады әрі ананы, әжені құрметтеуді тереңдете түседі. Бағдарлама өлең, ән, би және ойын арқылы мейірім мен алғыс сезімін әсерлі жеткізуге бағытталған.