Менің балаға қатысты міндеттерім
“Аялы алақан” отбасылық клуб отырысы
Бұл отырыс отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға бағытталған.
Мақсаты
- Отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін жаңғырту.
- Ата-ана мен бала, сондай-ақ отбасы мүшелері арасындағы жылы қарым-қатынасты қалыптастыру.
- Қамқоршыларға құрмет көрсетіп, қолдау мәдениетін күшейту.
Күтілетін нәтиже
Өз ұлтының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қастерлейтін тұлға қалыптасады.
Ойын ашық жеткізіп, көпшілік алдында еркін сөйлей алатын саналы, білімді азамат тәрбиеленеді.
Ата-ананы, отбасын және өмір құндылықтарын құрметтеу дағдысы нығаяды.
Отбасындағы жауапкершілік пен бірлік мәдениеті артады.
Тәрбие туралы ой
«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысуы керек».
Отбасы — ең жақын әлеуметтік орта
Отбасы — адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Ол дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, өмірлік тәжірибе мен салт-дәстүрдің сақтаушысы. Үлкенді құрметтеу арқылы отбасы мүшелерінің бір-біріне жауапкершілігі, борыш сезімі және адамгершілік ұстанымы қалыптасады.
Қазақ отбасында арнайы жазылып бекітілмеген, бірақ ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан әдеп заңдары бар. Әке мен ұлдың, ана мен қыздың, әке мен қыздың, қыз бен жеңгесінің, келін мен ененең, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа мен жезденің, сондай-ақ бөле мен туыстардың арасындағы қарым-қатынас — әдептілікке тәрбиелейтін қымбат үлгі.
Ізгілік пен имандылық өлшемі
Адамгершілік асыл қасиеттерді бойына жинап өскен жасты көргенді деп бағалаған. Ал жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпей, әрдайым жақсылықты ойлап, әділдікті ту еткен жанды иманды деп атаған.
Үлкеннің орны
Аталар мен апалар — ауыл-аймақтың берекесі, ағайынның ақылшысы. Тәжірибесі мол адамның сый-құрметке бөленуі — табиғи әрі заңды құбылыс.
Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау — көргенділіктің белгісі. Отбасындағы осы ұстанымдар қоғамдағы сыйластық пен татулықтың да іргетасы болады.
Практикалық бөлім
Тренинг: “Бұл кім?”
Ата-аналар баласын, ал балалар ата-анасын қандай бейнемен салыстыратынын сурет арқылы көрсетеді. Әр қатысушы өз суретін таныстырып, ойын қысқаша түсіндіреді.
Мақсат
Бір-бірін түсіну, сезімді сөзбен жеткізу, жақын адамға деген көзқарасты анықтау.
Жаттығу: аяқталмаған сөйлемдер
Қатысушылар төмендегі сөйлемдерді өз ойымен толықтырады. Бұл тапсырма ішкі сезімді анық айтуға және өзара жақындасуға көмектеседі.
Отбасы — бұл...
Менің ата-анам — бұл...
Менің жанұямдағы қуаныш — бұл...
Үйімнен жыраққа кетсем, ...
Ата-анамның басты тілегі — бұл...
Ата-аналарға
“Менің балаға қатысты міндеттерім: ...”
Балаларға
“Менің ата-анаға қатысты міндеттерім: ...”
Қазақ отбасындағы тәрбиенің мәдени негізі
Әр халықтың бала тәрбиесінде өзіндік ерекшелік бар. Сол ерекшеліктер арқылы отбасы тәрбиесінің де өзіне тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасы тәрбиесінің болмысы халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде көрініс тапқан.
Ежелгі заманнан-ақ қазақ қоғамында жазбаша педагогикалық еңбектер көп сақталмағанымен, тәжірибесі мол ұстаздар, тәлімгерлер болған. Олар дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраты мен арман-тілегіне сүйеніп тәрбиелеген.
Ырымдар мен тыйымдар: қонақ күту әдебі
Қазақы ортада қонақ күту — тек дастархан жаю емес, мәдениет пен құрметтің көрінісі. Төмендегі мысалдарда әр әрекеттің астарында тәрбие мен мән бар.
1) Үй иесінің алдымен ауыз тиюі
Қонақты сыйламас бұрын үй қожасы өзі астан ауыз тиюі керек, себебі бұл — асқа құрмет білдірудің және қонаққа деген ықыластың нышаны.
2) Дастарханды дұрыс жаю
Дастархан қос қабатталған болса, қонақ келгенде тұйық жағын төрге қаратып, оң бетін келтіріп жаяды, себебі бұл — қонаққа төр ұсынудың белгісі.
3) Қонақ сүрінсе — жақсылыққа жору
Үйге кіріп келе жатқан қонақ абайсызда сүрініп кетсе, үй иесі марқайған қалыппен төрден сыйлы орын ұсынады, себебі мұны жақсылықтың нышанына жориды.
4) Пышақ немесе бәкі дастарханмен бірге кетсе
Қонақтың пышағы не бәкісі дастарханмен бірге жиналып кетсе, оны қайтара бермейді, себебі мұндай жоралғыда “ырыс үйде қалсын” деген ырым сақталған.