Сабақтың қорытынды сәті
Ұйымдастыру кезеңі: «5Т» ережесі
Сабақты бастамас бұрын сыныпта ортақ келісім орнатайық: тәртіпті сақтаймыз, талаптанып оқимыз, тыныштықты қалыптастырамыз, тазалықты қорғаймыз, татулықты нығайтамыз. Осы бес қағида бүгінгі жұмысымыздың іргетасы болсын.
Тәртіп
Сыныптағы ортақ тәртіпті сақтау.
Талап
Оқуға құштарлық, үздіксіз ізденіс.
Тыныштық
Зейін мен сабырды орнықтыру.
Тазалық
Ортаны, ойды және әрекетті таза ұстау.
Татулық
Бір-бірімізді сыйлау, тіл табысу, қолдау көрсету.
Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңыздар. Денеңізді түзу ұстаңыз. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз; қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көзіңізді жұмып, елестетіңіз:
Нұрдың бастау алуы
Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылады.
Жүректің ашылуы
Балғын, таза, әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызды, тілегіңізді тазартып, жүрегіңіздің қуысын нұрға толтырады.
Нұрдың бүкіл денеге таралуы
- Нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз тек жақсы, ізгі істерді жасап, баршаға көмектеседі.
- Нұр аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз сізді жақсылық жасайтын орындарға апарады.
- Нұр аузыңызға, тіліңізге жетсін: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөзді айтады.
- Нұр құлағыңызға тарасын: құлағыңыз жақсы сөзді, әсем әуенді ғана естиді.
- Нұр көзіңізге жетсін: көзіңіз жақсыны көріп, жақсылықты байқайды.
- Басыңыз түгел нұрға толсын: санаңызға ізгі, сәулелі ойлар келеді.
Нұрды бөлісу
Енді осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз — жүректері нұрға толсын.
Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын. Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр жіберіңіз.
Ішкі аффирмация
Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен — Нұрмын.» Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде бір сәт отырыңыз.
Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осы әсем қалпында сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Сабақтың дәйексөзі
«Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды; ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді.»
Автор туралы қысқаша
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (шын есімі Мұхаммед-Қанафия; 1835 — 10 сәуір 1865) — қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклортанушы, этнограф, географ, ағартушы. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда демократиялық-ағартушылық мәдениеттің алғашқы өкілдерінің бірі.
Талқылауға сұрақтар
- Адамды ақиқатқа жетелейтін қандай қасиеттер?
- Өз өміріңізден қандай мысал келтірер едіңіз?
- Дәйексөзден қандай ой түйдіңіз?
Оқиға айту: «Адал бағбан» (мұғалім сыйы)
Ертеде бір қалада пәк әрі әділ қазы жалғыз қызын иманды, адал адамға тұрмысқа бермек болады. Қызын талай байлар айттырады, бірақ олардың ешқайсысы қазының көңілінен шықпайды.
Бір күні қазы демалу үшін бау-бақшасына барып жайғасады. Бақша күтушісінен жүзім әкелуін өтінеді. Бағбан бір шоқ жүзімді жуып, қазыға ұсынады. Қазы жүзімді аузына сала бере-ақ, жерге түкіріп тастайды да: — Неге жүзімнің тәттісін әкелмедің? — деп сұрайды.
Сонда бағбан: — Қай жүзімді әкел десеңіз, соны әкелейін. Бірақ олардың қайсысы тәтті екенін білмеймін, — дейді.
Қазы таңғалып: — Екі жылдан бері жүзімді өсіріп, баптап келесің. Дәмін әлі ажырата алмай жүрмісің? — деп сұрайды.
Бағбан: — Сіз мені жұмысқа алғанда «жүзімді күтесің» дедіңіз. Ал «дәмін татып көр» деп айтпадыңыз. Сондықтан осы уақытқа дейін бір жүзімді де аузыма салып көрген емеспін, — деп жауап береді.
Қазы әйелiмен ақылдасып: — Біз іздеген күйеу бала алыста емес, дәл өз шаңырағымыздың астында екен. Қызымызды осы жігітке берейік, — деп, қызын адал бағбанға тұрмысқа береді.
Талқылауға сұрақтар
- Әңгіме қай құндылық туралы?
- «Ақиқат» ұғымын қалай түсінесіз?
- Ақиқатты қалай танып-білуге болады? Пікіріңізді дәлелдеңіз.
- Әңгімеден қандай қорытынды шығаруға болады?
Шығармашылық жұмыс: топпен жұмыс
Топтар
- 1-топ: Ақиқат
- 2-топ: Адалдық
- 3-топ: Ізгілік
- 4-топ: Адамгершілік
Тапсырма
Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып, ізгі ниет, ізгі сөз және ізгі іспен өмір сүретін адамға мінездеме беріңіздер. Сол адамның «портретін» сипаттап жазыңыздар.
Тірек сөздер
Топпен ән айту
Сөзі: Мұғалімдер шығармашылығы
Әні: «Ертегілер әні» сазымен
1-шумақ
Ақиқаттың әнін, Айтатынмын күнде мен. Бөбек әлемінің сырларын түсініп, Күн нұрына шомылдым мен. Тыныштық жан-көркем, Керемет ол неткен, Ар-ұждан сөйлейді, Жүректі тербейді, Бақытқа бізді жетелеп.
Қайырмасы
Құндылықтар — мәңгі әнім, Құндылықтар — өмір мәні. Ізгіліктің ғажап күйіне Ересіңдер сендер.
2-шумақ
Дұрыс әрекеттер Сүйіспеншілік береді, Тыныштық орнайды, Қиянат болмайды, Адамзатқа әлемдегі. Керемет ол неткен, Ар-ұждан сөйлейді, Жүректі тербейді, Бақытқа бізді жетелеп.
Қайырмасы қайталанады.
Үй тапсырмасы
Осы сабақ бойынша
№1 сабақ: ақиқат туралы мақал-мәтелдер жазып келу.
Келесі сабаққа дайындық
№2: «Ақиқат айнасы» мәтінін оқып келу.
Сабақтың қорытынды сәті: тыныс алуға зейін қою
Баяу музыка қойылады. Түзу отырыңыз, аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге қоюға болады. Көзіңізді жұмып, тыныс алуға назар аударыңыз: тынысқа зейін қойған кезде ақыл да тынығады. Ауаны ішке жұтқанда тыныштық пен қуанышты қабылдаймыз, демді сыртқа шығарғанда мазасыздықты шығарамыз.
Жаттығу
- Көзіңізді жұмып, арқаңызды тіктеңіз.
- Баяу дем алыңыз да, жайлап дем шығарыңыз.
- Осыны 9–10 рет қайталаңыз.
Бүгінгі сабақта игерген жақсы қасиеттерді еске түсіріп, жүрегімізге сақтайық.