Абайдың шын аты кім

Тәрбие сағаты Әдеби кеш Абай Құнанбайұлы

Сабақтың тақырыбы: «Абай — бүлдіршіндер жүрегінде»

Бұл әдеби кеш қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірі мен мол мұрасына арналады. Кеш барысында оқушылар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін орындап, шығармаларынан үзінділер арқылы ой әлеміне тереңірек үңіледі.

Негізгі бағыт

Сөз өнерінің қыр-сырын таныту, әдеби талғамды дамыту.

Дағды

Көркем сөйлеу, өз бетімен іздену, шығармашылықпен жұмыс.

Тәрбие

Отансүйгіштік, адамгершілік, табиғат сұлулығын сезіну.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

  • Абайдың өнегелі өмір жолымен таныстыру.
  • Шығармаларына шолу жасап, өлеңдері мен әндерін мәнерлеп орындауға баулу.
  • Сөз өнерінің қыр-сырына назар аударту.

Дамытушылық

  • Көркем әрі анық сөйлеуге бағыттау.
  • Өз бетімен ізденіп, ой қорытуға үйрету.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік беру.

Тәрбиелік

  • Туған жерге сүйіспеншілік пен Отан тыныштығын қорғау идеясын күшейту.
  • Адамгершілік құндылықтарды, қасиетті нәрселерді қадір тұтуды насихаттау.
  • Сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, эстетикалық тәрбие беру.

Әдіс-тәсіл және көрнекілік

Сабақтың әдіс-тәсілдері

Сұрақ-жауап Баяндау Түсіндіру Өлең оқу Ән айту Көрініс көрсету

Сабақтың көрнекілігі

  • Абай портреті
  • Кітаптар, шығармалар жинағы
  • Тірек сызбалар, қанатты сөздер
  • Фотослайдтар, буклеттер

Кіріспе (мұғалім сөзі)

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Абай — бүлдіршіндер жүрегінде» атты әдеби кешіміз қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады. Бұл кеште Абайдың өлеңдері, әндері және шығармаларынан үзінділермен танысасыздар.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?

Жырымен жан сусынын қандырған кім?

Өзіне-өзі орнатып ескерткішті,

Мұра қып кейінгіге қалдырған кім?

Ерте оятып, ойланып, ержеткен кім?

Талабын тас қияға өрлеткен кім?

Құбажан, құрбақан құм, құла қырда,

Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

2-жүргізуші

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім?

Үнінен әділдіктің лебі ескен кім?

Арманын атандырып келешекке,

Бізбенен осы күнгі тілдескен кім?

Тайсалмай, мыңмен жалғыз алысқан кім?

Жауына найза сөзін шанышқан кім?

Өзендей құйған барын көк теңізге,

Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім?

Сахналық сәт

Сахнаға Абай шығады:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Өмірбаян (1-оқушы)

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Семей өңірінің қазіргі Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Абайдың шын есімі — Ибраһим. Әжесі еркелетіп «Абай» деп атап кеткен.

Абай ауқатты, ел ішіне ықпалды Тобықты руынан шыққан. Әкесі Құнанбай — аға сұлтан, болыс болған, ал аталары Өскенбай мен Ырғызбай — аты мәлім билер. Болашақ ақын жас кезінен өлең мен әңгімеге құмар болып, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның аңыз-әңгімелерін ынтамен тыңдап өседі.

Ауыл молдасынан арабша сауат ашқан Абайды әкесі он екі жасында Семейге оқуға жібереді. Ол Ахмет-Риза медресесінде оқып, араб және парсы тілдерін жақсы меңгереді. Шығыс ақындары Низами, Сағди, Физули, Хафиз шығармаларымен танысады. Медреседе оқып жүріп, үш ай приход мектебінде орыс тілін үйренеді.

Тірек сызбамен жұмыс (2-оқушы)

философ заңгер ақын аудармашы сазгер дара ойшыл қоғам қайраткері әділ би ағартушы гуманист кемеңгер жазба әдебиетінің негізін салушы ұстаз

Фотосуреттерді сөйлету (3-оқушы)

Оқушылар Абайдың өмірі мен шығармашылық кезеңдерін бейнелейтін фотослайдтар арқылы деректерді әңгімелейді, көргенін дәлелмен жеткізеді.

Абай туралы ойлар (4-оқушы)

«Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті.»

Шәкәрім

«Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ.»

Ахмет Байтұрсынұлы

«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.»

Мұхтар Әуезов

«Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді.»

Ғабит Мүсірепов

«Орыстар үшін — Пушкин, ағылшындар үшін — Шекспир, грузиндер үшін — Руставели қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдессіз құбылыс.»

Қайсын Кулиев

«Абай әлемге ашылған терезе еді. Ол жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді… Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты.»

Шыңғыс Айтматов

«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс.»

Нұрсұлтан Назарбаев

Абайдың шығармашылығы

Аудармашылық мұрасы (6-оқушы)

Абай қазақ тіліне А. С. Пушкиннің, Ю. М. Лермонтовтың, Л. Н. Толстойдың, Салтыков-Щедриннің, Гетенің шығармаларын аударып, қазақ оқырманын әлем әдебиетімен табыстырды.

Негізгі еңбектері (7-оқушы)

  • Поэмалары: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі».
  • 45 қара сөзі — адам, қоғам, мінез, ғылым туралы терең ойлар.
  • Өлеңдері мен әндері — ұлттық рухани қазынаның өзегі.

Көрініс: 17-қара сөз бойынша сахналық көрініс қойылады.

Кеш бағдарламасы

Ән тыңдау (5-оқушы)

«Көзімнің қарасы» әнін тыңдау.

Ән орындау

«Желсіз түнде жарық ай» — Оксананың орындауында (7 «Б» сыныбы).

Өлең оқу

Оқушылар Абайдың төмендегі өлеңдерін мәнерлеп оқиды:

  • «Туғаннан дүние есігін ашады өлең…» (жүргізуші сөзі)
  • «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы»
  • «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»
  • «Ғылым таппай мақтанба»
  • «Әсемпаз болма әрнеге»
  • «Мен боламын демеңдер»
  • «Сенбе жұртқа, тұрса да сені қанша мақтап»

Абайға арнау

Оқушылар Абайға арналған өз өлеңдерін оқиды.

Музыкалық қорытынды

Ән: «Қараңғы түнде тау қалқып».

Сұрақ-жауап (Абай шығармашылығы бойынша)

  1. 1. Абай алғашқы өлеңдерін қай ақынның атынан жариялаған? Көкбай
  2. 2. Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім (1903, Петербург)? Әлихан Бөкейханов
  3. 3. Абайдың шын аты кім? Ибраһим
  4. 4. Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата. Үш күйі бар: «Тоқжанға», «Май түні», «Абайдың желдірмесі»
  5. 5. Абайдың аяқталмаған поэмасы қайсы? «Әзім әңгімесі»
  6. 6. Абай Лермонтовтан қанша шығарма аударған? Жиырма жеті
  7. 7. Абайдың әжесі мен анасының аттары кім? Зере, Ұлжан
  8. 8. Ділдәдан туған балалары кімдер? Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия
  9. 9. «Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев» деп атаған кім? Ахмет Байтұрсынұлы
  10. 10. Әйгерім кім? Әйгерімнің шын аты қандай? Абайдың екінші әйелі; шын аты — Шүкман
  11. 11. Абайдың өлеңдер жинағы қай жылы, қай қалада басылып шықты? 1909 жылы, Петербург
  12. 12. «Абай жолы» романын кім жазды? Мұхтар Әуезов
  13. 13. Абай ескерткіші алғаш қай қалада қойылды? Мүсінші кім? Алматы; мүсінші — Х. Наурызбай
  14. 14. Абай кімге ғашық болды? Тоқжанға
  15. 15. Шәкәрімнің Абайға туыстық жақындығы қандай? Абайдың ағасының баласы

Қорытынды (2-жүргізуші)

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырған, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған.

Қорытынды ән

«Қараңғы түнде тау қалқып»