Тақтаға жазылған сөздер Әліппе білім бастауы

Сабақтың мақсаты

Бұл іс-шараның мақсаты — оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыру, оқу мен ізденіске ынталандыру, білімді болуға шақыру.

Оқушыларды мектепті және ұстазды құрметтеуге, еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу; ата-ананың үмітін ақтайтын, Отанға адал ұл-қыз болып өсуіне бағыт беру. Сонымен қатар ой-өрісін дамытып, сүйікті оқулығы — Әліппемен қоштасу кешінде балалардың қабілеті мен өнерін таныту.

Көрнекіліктер

  • «Әліппе — білім бастауы!» деген жазу
  • Әліппе, бағалар (5, 4, 3, 2)
  • Күннің көзі мен бұлттар
  • Алма ағашы, сыйлықтар, шарлар
  • Сандықшалар, буындар

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Жеміске құты тола ма,
Бір-бірлеп теріп алмасаң?
Әп-сәтте шыға қоя ма,
Еккен дәнің ойласаң?

Білім де сондай, қарағым,
Біртіндеп сіңер ойыңа.
Ұғып ал білім боларын —
Шам-шырағың жолыңда.

Көлге ойнаған бұлағың
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том болып кітаптың
Басы болар Әліппең.

Құрметті ата-аналар, ұстаздар және 1-сынып оқушылары! Әліппемен қоштасуға арналған ертеңгілікке қош келдіңіздер! Әліппені аяқтау тойларыңыз құтты болсын!

1) Мәнерлеп өлең оқу

Әліппем, менің Әліппем

Әліппем, менің Әліппем,
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен.

Еркемай

Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.

Мадияр

Оқулықпен достассақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Өсті білім, бойымыз,
Құтты болсын тойымыз.

Айдос

Ең алғаш алғанымда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.

Әсел

Ашыла берді алдымнан
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдар алтыннан,
Әліппе — білім бесігі.

2) «Алма ағашын жинау» ойыны

Әр алманың артында өтілген сабақтарға байланысты тапсырма бар. Тапсырмаларды кім жылдам орындап, көп алма жинайды?

1-тапсырма

Мақал-мәтел айтыңдар.

2-тапсырма

Әліпбиден кез келген әріпті көрсетемін: ол қандай әріп, қандай дыбыс екенін айтыңдар.

3-тапсырма

Сұрақ-жауап.

Сұрақтар

  • Жапырақ қай кезде сарғаяды?
  • Қазақтың ұлттық аспабы қандай?
  • Алфавиттің ең бірінші әрпі қандай?
  • Сиырдың төлін қалай атайды?
  • Әкеңнің анасы саған кім болады?
  • Қазақстан Республикасының Президенті кім?
  • 2 + 2 жауабы қанша?
  • Тудың түсі қандай?
  • 10-нан қай санды азайтсаң 5 болады?
  • Сыныпта неше оқушы бар?
  • Дәрігер не істейді?
  • 1-ден 0-ді азайтсаң не болады?
  • «Ә» қандай дыбыс?
  • Есту мүшесі қандай?
  • 5 + 3 неше болады?
  • Өзіңді қайдан көресің?
  • 2 мен 9 аралығында қандай сандар бар?
  • Тамақты шайнап жеуге не көмектеседі?

Ән

«Әнші балапан»

3) Сергіту сәті

Аты шыққан биімен,
Мен боламын ортеке.
Ойқастаған ортеке,
Қой бастаған ер теке.

Мен бір билеп берейін,
Тұяқтарым сыртылдап.
Мен бір билеп берейін,
Буындарым былқылдап.

4) Әріптерге байланысты мәнерлеп оқу

Нұрару

Әліпбидің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба, «Б» тұрады үшінші,
Ал осының сыры неде? Түсінші.

Нұрдаулет

«А» деген ол — аналар ғой ардақты,
«Ә» деген ол — әкелер ғой салмақты.
«Б» деген ол — балалар ғой көңілді,
Біздің елде үшеуі де кәделі.

Қамарсұлу

«Қ» — қартқа қол бер, жасқа жол бер.
«М» — мектеп берген біліммен, марқаясың, жас ұлан.
«Н» — Наурыз айы келгенде, Наурыз тойын тойлаймыз.
«С» — сыйламаған жолдасын, сыйлай алмас өз басын.
«Т» — дегенім жеңімпаз, туымыз ғой қолдағы.

Аян

«И» — дегенің иманың,
Адалдықтың белгісі.
«К» — дегенің күй-дарын,
Домбыраның дастаны.

Назерке

Барлық әріп бағалы —
Айттық әділ бағаны.
Әріпсіз сөз болмайды,
Буын онсыз толмайды.
Адам барлық әріпті
Ардақтайды, қолдайды.

5) Буынмен жұмыс

«Неше буынды сөз?» ойыны

Үлестірмелі қағаздар оқушыларға таратылады. Әр сөз буын санына қарай сандықшаларға салынады: 1 буынды, 2 буынды, 3 буынды.

Буындардан сөз құрастыру

Тақтаға буындар шашыратып ілінеді. Буындарды сызықпен қосу арқылы сөздер құрастырылады.

Көркем жазу

Мына сөйлемдерді дәптерлеріңе әдемі, көркем етіп жазыңдар:

  1. Мен кітап оқыдым.
  2. Анама көмектестім.
  3. Дәптерге сурет салдым.
  4. Күн суытты.
  5. Қар жауды.

6) Би және бағалар көрінісі

Би

«Қаражорға» биі.

Бағалар кіреді

Бестік: «Бес!» деп едім бүгін мен, қалды бәрі күлімдеп.

Төрттік: Төрт алып еді көп бала, қуанып қалды ата-ана.

Үштік: Үш алғанда байқадым, папам басын шайқады.

Екілік: Оқып ем, екі алдым — кейіп қалды мұғалім.

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Құрметті оқушылар! Бұл — сендердің алғашқы бағаларың. Осы бағалардың ішінен 4 пен 5-ке дос болып, жақсы нәтиже көрсетіп, үлгілі оқушы болуларыңа тілектеспін.

Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқуларыңа ата-аналарың да үлкен үлес қосты. Қане, бәріміз алғыс айтайық.

Бақытты балалық шағымыз үшін рахмет сіздерге, ата-аналар!