Сабақ басталар қуанышты сәт

Сабақ басталар қуанышты сәт...

Бұл іс-шара — оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік пен қазақстандық патриотизм қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін дәріптеуге, ана тілін қадірлеуге, қазақ елінің өткені мен бүгінін танып-білуге және ата-мекенге сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған.

Мақсаты

  • Азаматтық пен патриотизмді қалыптастыру.
  • Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу.
  • Дәстүрді дәріптеу, ана тілін қадірлеу.
  • Ел тарихы мен бүгінін тануға ынталандыру.

Көрнекілігі

Ұлағатты сөздер

Интерактивті тақта

Ұлағатты сөздер

Мектеп — ғылым патшасы.
Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
Күш — білімде.

Іс-шараның барысы

І. Ұйымдастыру

  • Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.
  • Мұғалімнің кіріспе сөзі.

Кіріспе сөз

Ана тілде тұңғыш анам үйреткен,
Осы тілде алғаш мені сөйлеткен.
Ана тілде сырын ұқтым өмірдің,
Ана тілде жырын ұқтым көңілдің.

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Мектеп әрқашан оқушысымен көрікті. Осы орайда «Сабақ басталар қуанышты сәт...» ұранымен өтетін мәнерлеп оқу байқауына қош келдіңіздер.

Байқау басталмас бұрын қазылар алқасымен таныстырылады. Байқау үш турдан тұрады.

ІІ. Негізгі бөлім — 3 тур

І тур

Мәнерлеп оқу

«Білімсіз күні жоқ» тақырыбы аясында ақын-жазушылар шығармаларын мәнерлеп оқу (мектеп, білім, тіл туралы).

Жылдар — жылдар жан бесігін тербеткен,
Шуағында білім алып ер жеткен.
Таңын шықтай, балалық шақ бал дәурен,
Арманымның ақ қанаты серметкен.

ІІ тур

Сурет байқауы

«Менің арманымдағы мектеп» тақырыбында сурет салу. Оқушылар қиялынан туған жұмыстардан көрме ұйымдастырылады.

ІІІ тур

Эссе

«Менің мектептегі алғашқы күнім» тақырыбында эссе жазу.

Эссе туралы қысқаша:

Эссенің шығарма мен мазмұндамадан айырмашылығы бар: ол — еркіндік пен батылдыққа, өжеттікке жол беретін ой алаңы. Шағын көлемде «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтуға мүмкіндік береді.

Сергіту сәті

Қысқа тапсырмалар арқылы тіл білімінен негізгі ұғымдарды еске түсіреміз.

Морфология

Сөз және оның формалары туралы тіл білімінің бір саласы.

Етістік

Заттың қимылын, іс-әрекеті мен амалын білдіретін сөз табы.

Көнерген сөздер

Мысалы: хан, тақ, уәзір, атшабар, құл.

Тасымал

Сөз жолға сыймаған жағдайда бір немесе бірнеше буынның келесі жолға бөлініп жазылуы.

Есімдік

Жіктеу, сұрау, сілтеу, өздік есімдіктер — есімдікке жатады.

Пысықтауыш

Сөйлемдегі іс-әрекеттің, оқиғаның мекенін, мезгілін, себебін, мақсатын білдіретін тұрлаусыз мүше.

ІІІ. Қорытынды

Қазылар алқасы қорытынды шығарады.

Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс білдіріліп, марапаттау рәсімі өткізіледі.