Әне менің анам
Сабақтың тақырыбы: «Көңілді мереке — 8 наурыз»
Мақсаты
- Аналарды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу.
- Аналарға мерекелік көңіл күй сыйлап, қуаныш сыйлау.
Сабақтың барысы
- Алғашқы ұйымдастыру кезеңі: ата-аналарды, қонақтарды қарсы алу; тақырып пен мақсатты хабарлау.
- Негізгі бөлім: көрініс, өлеңдер, әндер, ойындар, оқушылар шығармашылығы.
Кіріспе көрініс: «Бота анасын іздейді»
Сахнаға Бота жылап кіреді.
— Неге жылайсың, балақай?
Бота: Анамнан адасып қалдым.
— Анаң қайда кетіп еді?
Бота: Дүкен аралап кеткен.
— Жарайды, жылама енді. Екеуміз бірге іздейміз. Қазір табамыз. Сенің атың кім?
Бота: Бота.
— Қандай әдемі есім! Көздерің де ботаның көзіндей мөлдір екен.
— Анаң қандай адам?
Бота: Менің анам — дүниедегі ең жақсы адам.
— Онда ең жақсы адамды осы жерден бірге табайық.
Бота: Жарайды.
Бота адамдардың арасынан көзімен анасын іздеп тауып: «Анашым! Әне, менің анам!» — деп анасын ортаға ертіп шығады.
«Ол ешкімге ұқсамайды: сұлу, әдемі, әрі ең жақсы адам», — дейді.
Бота: Анашым, енді ешқайда кетпеңізші. Мен сізге ән айтып беремін.
Ән: «Ана»
Мұғалім: Балалар, Бота анасын «ең жақсы адам» деді. Ал сендердің аналарың қандай?
Оқушылар: Ең сұлу, ең ақылды, ең қайырымды, ең парасатты, ең әдемі, ең байсалды, ең инабатты, ең қамқор, ең білімді, ең керемет!
Ендеше ең ізгі жандарға арналған «Көңілді 8 наурыз» мерекелік концертімізді бастаймыз!
Өлең шашуы
Аян
Мейіріміңнен нәр алдым, Күн нұрынан жаралған. Аяулысы адамның, Жақын кім бар анаңнан.
Ислам
Еркелеткен жаным деп, Ардақтым да асылым, Қастерлеймін қадірлеп, Әрбір талын шашыңның.
Аян
Аялаған анамыз, Саялаған панамыз. Шынары боп өсеміз, Шырағы боп жанамыз.
Мирас
Ана — біздің күніміз, Ананың біз — гүліміз. Ұландарды қуантып, Ұзақ өмір сүріңіз.
Ақнұр
Шешем менің — жақсы ана, Маған ақыл айтады. Базарға да, бақшаға Өзі апарып қайтады.
Сергіту сәті: сұрақ-жауап
Мұғалім: Бүгінгі мерекеміз барлық аналарға, қыздарға, әжелерге арналады. Ендеше, айтыңыздаршы:
Біздің мектепте қанша қыз бала бар? (22)
Біздің сыныпта қанша қыз бар? (3)
Біздің сыныпта қанша ана бар? (7)
Мектепте қанша әйел мұғалім жұмыс істейді? (16)
Біздің сынып балаларының әжелерінің есімдері кімдер?
Біздің мектепте неше Ақнұр, неше Бота, неше Дильмира, неше Гүлдана бар? Барлығы қанша?
Ойын: «Ананың аялы алақаны»
Мұғалім: Бірде Жиренше шешен бір баладан: «Ең тәтті не? Ең жұмсақ не?» — деп сұраған екен. Балалар: «Ең тәтті — ананың сүті, ең жұмсақ — ананың алақаны», — деп жауап берген.
Қазір «Ананың аялы алақаны» ойынын ойнаймыз: көздерің байлаулы кезде қолды сипап жүріп, өз аналарыңды табуларың керек.
Ән
«Мереке күніңмен!»
Орындайтын: Қанапия
Би
Аян және оқушылар вальс билейді.
Арнау өлеңдер
Дильмира
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым, Тәтті ұйқыңды бөліп, талай түн қаттың. Өміріме нәрін берді ақ сүтің, Кең құшағың — аясындай гүл бақтың. Мен өзіңмен қайда болсам — біргемін, Махаббатың жүрегімде жүр менің. Күн нұрындай жадырай бір күлгенің, Қандай жақсы ортамызда жүргенің.
Бота
Ер жеткізіп, елге берген баласын, Ақылдысың, ардақтысың, данасың. Қарайтыным — қас-қабағың бір сенің, Қайратыңнан қайта көрме, анашым.
Қойылым: «Жалқаубектің жауабы»
Ақнұр: Сабақ жүріп жатыр. Сынып тына қалған. Оқушылар тік тұрып тұр, мұғалім сынақ алып жатыр. Ал Жалқаубек мүлгіп отыр: көзін жұмып, бір ашып, басын шұлғып, тәтті ұйқыға кетіп барады.
Мұғалім: Қанша ескерту жасаймын? Қарағым, қалғыма, алдыңа қара!
Ақнұр: Жалқаубек көзін ашып алды да, қайтадан қалғып кетті.
Мұғалім: Тұр! Ұят емес пе? Дәптерің қайда? Көрсет!
Жалқаубек: Сыныпта қалып кетті. Біреулер алып кетті.
Мұғалім: «Жазбадым» десеңші.
Жалқаубек: Жоқ, апай, жазғам. Кеше құдық қазғам. Сонда түсіріп алдым, парағы ұшып кетті.
Мұғалім: Онда оқығаныңды айт. Көңілге тоқығаныңды айт!
Жалқаубек: Апай, оқымадым. Үйде отырмадым.
Мұғалім: Ендеше қайда болдың? Не істедің?
Жалқаубек: Сайда болдым. Доп ойнадым.
Мұғалім: Кешкілік не істедің?
Жалқаубек: Асық ойнайтын жерді тегістедім. Сосын үйге кіре беріп, табалдырықтан құлап түстім, ұзынымнан сұлап түстім.
Мұғалім: Кітап бетін аштың ба?
Жалқаубек: Иә, көрпенің астында. Біраз қарап, парағын санап, басым ісіп кетті, денем ысып кетті. Сабақты оқи алмадым. Оқығанмен миыма тоқи алмадым. Сөйтіп көңілім ала болды, ұйқым шала болды.
Мұғалім: Ұйқымен өтсе өмірің, құрметтейді сені кім? Оқымаған адам — топас, надан. Онда саған тиісті баға: «Жаман!»
Ән: «Апам үшін»
Орындайтындар: Мәди, Ислам, Ақнұр
Апам үшін күнде де Отынға ағаш жарамын. Су құямын гүлге де, Дүкенге де барамын. Жоқтатпаймын әпкеді, Берем шайын қайнатып. Жылай қалса бөпемді, Жұбатамын ойнатып. Сыпырамын үй ішін, Жуам аяқ-табақты. Апам бірақ мен үшін Оқымайды сабақты.
Ойындар мен шығармашылық бөлім
Ойын: «Балалық шақты еске түсіру»
Аналарымыз да бір сәт өздерінің бала күндерін еске түсірсін. Балаларға бір стақан шай мен қасық беріледі. Балалар қасықпен аналарына шай ұсынады. Кім жылдам?
Балалар шығармашылығы: «Бұл кім?»
Балалардың салған портреттері мен жазған шығармалары бойынша әр ана өз бейнесін тануы керек.
Оқушылардың ана туралы шағын сипаттамалары
Мәди
Менің анам сабағымды өте қатты қадағалайды. Ол өте мейірімді. Көзәйнек кисе де әдемі көрінеді. Оның дайындаған тағамын сүйсініп жеймін.
Ақнұр
Менің анам көп баланың анасы. Бірақ барлығына да үлгереді, өйткені қимылы ширақ. Үстіміздің таза жүруін, сабағымызды, үйдің тазалығын да қадағалап отырады.
Мирас
Менің анам әдемі киінеді, мейірімді. Жұмыс істейді, бірақ жұмыстан кейін де сабағымды қадағалап, үй шаруасына үлгереді.
Бота
Менің анам орта бойлы, аққұба өңді, жарқын мінезді. Анам пісірген борщ пен күрішті жақсы көремін. Үй тірлігіне көмектесемін. Ол мені «құлыным» деп еркелетеді.
Ислам
Менің анам қараторы, орта бойлы. Мамам жұмыс істейді, сабағымды қарайды. Теледидардан сериал көргенді ұнатады: 7:30-да «Хабар», 9:00-де «Сырғалым», 12:30-да «Келін».
Дильмира
Менің анам мейірімді, сұлу. Түрлі салаттар мен тағамдар дайындайды. Мен үй жинауға, ыдыс жууға көмектесемін. Ол полиция туралы фильмдерді көргенді ұнатады.
Аян
Менің анам ұзын бойлы, аққұба өңді, көңілді, мейірімді, ән айтқанды ұнатады. Үйдегі барлық шаруаны атқарады: үй жинау, кір жуу, мал қарау, су әкелу. Өскен соң анама қолғанат боламын.
Оқушылар (кезектесе): Анашым, мені өсіргеніңіз үшін, сабағымды қадағалағаныңыз үшін, тамағымды әзірлегеніңіз үшін, киімімді таза ұстағаныңыз үшін, тәттіні алдымен менің аузыма тосқаныңыз үшін, мейірімділігіңіз бен қамқорлығыңыз үшін, бар жақсылығыңыз үшін үлкен алғыс айтамыз!
Хор: «Ақ мамам»
Оқушылар хормен орындайды.
Ана тілегі
Мая
Жан ұлым — жұбанышым, Көз нұрым, қуанышым. Тәңірге сені берген, Жүрекпен мың алғысым.
Рақима
Өмірімнің шырайысың, Көңілімнің Күн, Айысың. Өзіңсің ұмыттырған Жанымның мұң- қайғысын.
Жұлдыз
Сен менің барлығымсың, Бақытым, байлығымсың. Иілмес болат болсам, Сен үшін майрылғышпын.
Венера
Жан ұлым — арман құсым, Бұлт болып самғармысың? Анаңа асқар бел боп, Арманын жалғармысың?
Сәнім
Мерейің тасып тұрса, Қызығың асықтырса, Пәк жаның жақсылықтың Күллісін ғашық қылса.
Бибігүл
Жусын деп нұр жүзіңді, Жансын деп жұлдызыңды, Бақытты тірлігіңді Тілеймін күндіз-түні.
Эльмира
Өзіңсің жаным менің, Маңдайда бағым менің. Сен барда қандай мәнді Атқан әр таңым менің.
Мая
Жан ұлым — шамшырағым, Өзіңсің шалқар әнім. Қуатын берсін Алла, Ылайым жансын бағың.