Түлкі Әтешті қоя бер

Тақырыбы

Әтеш, ит, түлкі — балалардың туған күн мерекесіндегі ойын-сауық бағдарламасы.

Мақсаты

Айналаны қоршаған әлемді және өмірлік құбылыстарды сезінуге қабілетті, қарапайым шығармашылық іскерліктер мен дағдыларды меңгерген бала тұлғасын қалыптастыру.

Міндеттері

  • Ойын-сауықтарға қызығушылықты және оған қатысуға ынтаны арттыру.
  • Балаларды достық қарым-қатынасқа баулу, достарын қуанышты күнімен құттықтауға үйрету.

Күтілетін нәтиже

  • Балалардың достық қарым-қатынасы нығаяды.
  • Достарын туған күнімен құттықтай алады.
  • Ойын-сауықтарға қызығушылығы және белсенділігі артады.

Мазмұны

Мереке қарсаңындағы дайындық

  • Топ бөлмесін безендіру.
  • Шақыру билеттерін дайындау.
  • Туған күн иелеріне арнап сыйлықтар жасауға ынталандыру.
  • Бірлескен еңбек нәтижесіне қуану сезімін қолдау.

Мерекелік өнер көрсету

  • Өлең оқу, ән айту, би билеу.
  • Ертегі кейіпкерлерін сомдауға қатысу.
  • Балалардың бастамасын қолдау және сахна мәдениетін қалыптастыру.

Барысы

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Адам өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі — дүние есігін ашып, жарық өмірге келген күнің. Бүгін біз тобымыздағы достарымыздың туған күнін бірге тойлаймыз.

Өмірге алғаш үн қатып,
Досымыз келген күн бүгін.
Сәулесін шашып бір бақыт,
Ата берсін күліп таң.

Жүргізуші

Ортаға туған күн иелерін шақырайық!

Асхат

Кел, келіңдер!
Бүгін менің туған күнім.
Бірге біздер тойлап,
Би билейік, ойнап.

Диас

Ән салайық күйде,
Күмбірлесін үйде.
Маған болар тірек —
Айтыңдар ақ тілек.

Балауса

Тойдың сәнін келтіріп,
Келіңдерші бәрің.
Қуанышты бүгін —
Менің туған күнім!

Хор

Туған күніңмен!

Қонақтармен кездесу

Жүргізуші

Балалар, бізге қонаққа Әтеш пен Ит келуі керек еді ғой.

Сахналық белгі

Осы сәтте әтештің шақырған дауысы естіліп, Әтеш келеді.

Жүргізуші

Міне, біз күткен қонақ — Әтеш те келді.

Әтеш

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендердің туған күн мерекесіне арналған шақыру қағаздарыңды алдым. Мені шақырғандарыңа рахмет! Жолда келе жатып, түлкі кездесіп қала ма деп қатты қорықтым.

Жүргізуші

Қорықпа, Әтеш, біз саған көмектесеміз. Қазір біздің балапандар «Шөжелерім» биін билеп береді.

Би

«Шөжелерім»

Әтеш

Ку-ка-ре-ку! Ой, қандай әдемі балапандар! Тура менің балапандарыма ұқсайды екен.

Жүргізуші

Балалар, тыңдаңдаршы — түлкі келе жатқан сияқты.

Әтеш

Ой, мен түлкіден қорқамын! Мені бір жерге жасырыңдаршы!

Жүргізуші

Жарайды, қорықпа. Сені мына қаптың ішіне жасырайық. Түлкі келгенде айтып қоймаңдар. Ол қапқа жақындағанда, сендер қолдарыңды қатты соғып, қорқытып жіберіңдер. Келістік пе?

Түлкінің келуі

Сахналық белгі

Музыка ойнайды. Түлкі келеді.

Түлкі

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен осы жақтан Әтештің шақырған дауысын естідім. Айтыңдаршы, Әтешті көрдіңдер ме?

Балалар

Жоқ, көрген жоқпыз.

Түлкі

Қайда кетті екен?..

Сахналық белгі

Түлкі жан-жағына қарап, қаптың қасына жақындайды. Балалар қолдарын қатты соққанда, Түлкі шошып қалады.

Түлкі

Әтеш! Әтеш, қайдасың? Мен саған жеті түрлі дән әкелдім!

Әтеш (қап ішінен)

Қу түлкі, мені тауып ал! Сонда мен саған жеті түрлі дәннен Наурыз көже пісіріп беремін.

Түлкі қайта іздейді. Қапқа жақындағанда балалар тағы да қол соғады — Түлкі қайта шошиды.

Түлкі

Осы қаптың ішінде бірдеңе бар сияқты. Қане, қарап көрейін!

Осы кезде Әтеш қаптың ішінен атып шығып, қаша жөнеледі. Түлкі қуады.

Әтеш

Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!

Түлкі

Ә, түстің бе қолыма?

Иттің келуі және татуласу

Сахналық белгі

Музыка ойнайды. Әтештің дауысын естіп, Ит келеді.

Ит

Бұл не шу? Әтешке кім тиісіп жүр?

Әтеш

Досым, көмектесші! Мені Түлкі ұстап алды.

Ит

Айттым ғой саған: балалардың туған күн мерекесіне бірге барамыз деп. Сен болсаң ерте тұрып, жалғыз кетіп қалыпсың. Түлкі, Әтешті қоя бер. Туған күн мерекесінде бәріміз дос болып, бірге ән айтайық.

Түлкі

Жарайды, бәріміз достасайық. Қане, балалар, туған күн мерекесінде ән шырқайық!

Құттықтау және тілектер

Ит

Бүгін көктем мезгілінде туған достарымызды туған күнімен құттықтаймыз! Жүректен шыққан мың тілек!

Балалар өз тілектерін гүлдерді тақтадағы жүрекке жапсыру арқылы білдіреді.

Ерасыл

Біз балдырған көңілді,
Жайнатамыз өмірді.
Қуанышпен бәріміз
Туған күнді тойлаймыз.

Інжу

Ән саламыз күнде біз,
Қыздырынып күнге біз.
Балдай тәтті достармыз —
Біз қашанда біргеміз.

Ақерке

Үйренеміз өнерді,
Шетімізден шеберміз.
Тақпақ айтып, ән шырқап,
Би де билеп беремін.

Ақтілек

Толысады ойымыз,
Азаяды ойынымыз.
Өйткені біз күн санап
Өсіп келе жатырмыз.

Ән

«Бүгін туған күніміз»

Қорытынды

Ит

Балалар, ән айтып, би билеп туған күнді бірге тойладық. Енді біздің де жұмыстарымыз бар, қайтайық. Мен үй күзетуім керек.

Әтеш

Мен түсті шақыруым керек.

Түлкі

Мен орманға баруым керек.

Бәрі

Туған күн құтты болсын! Сау болыңдар!

Жүргізуші

Балалар, мерекені әрі қарай жалғастырайық. Бәріңізді мерекелік дастарханға шақырамын!