Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу

Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бірлік орта мектебі мемлекеттік коммуналдық мекемесі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Мамырова Қарлыға Қалқаманқызы

Мұқағали – мәңгілік ғұмыр (Мұқағали оқулары)

Мұқағали сөзіне жазылған ән орындалады.

Жүргізуші

Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Қош келдіңіздер, өлеңсүйер, өнерсүйер қауым! Ақпан айы – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген айы. Тума талант бұл күнде өмірден өтсе де, барша қазақтың жүрегінде берік орныққан.

Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіңе қайтарамын.

Жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың көпшіліктің махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты Мұқағали оқуларына қош келдіңіздер!

Жүргізуші

Сырым да осы, жырым да осы алдыңда.
Байқашы сен, бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Ақын жайлы

Мұқағали – ақын, аудармашы, драматург, прозашы. Оның жауһар жырлары – мәңгілік. Ендеше, ақынның өлеңдерін жаттап, сусындап өсіп келе жатқан өлеңге құмар оқушыларды ортаға шақырайық.

(Ортаға қатысушы сайыскерлер шақырылады.)

Кештің өзегі

  • Поэзияның рухын сезіну, көркем оқу мәдениетін дамыту.
  • Мұқағали мұрасын ұлықтау, жас ұрпақтың талғамын шыңдау.
  • Өз шығармашылығы арқылы ақынға тағзым ету.

Сайыс кезеңдері

  1. I

    Мұқағали өлеңдері

    Мұқағали өлеңдерінен 10 өлеңді жатқа, мәнерлеп оқу.

  2. II

    Поэма оқу

    Мұқағали поэмасын мәнерлеп, жатқа айту.

  3. III

    Арнау

    Мұқағалиға өз шығармашылығынан арнау оқу.

Әділқазылар алқасы

Бақытжан Гүлнұр

2014–2015 оқу жылындағы «Мұқағали оқулары» жеңімпазы, 10-сынып оқушысы

Жақай Айдана

«Жас Ұлан» ұйымының Мәдениет министрі

Жақаш Жадыра

10-сынып оқушысы

Поэзияның аламан бәйгесінен оза шауып, шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік – Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Ендеше, Мұқағали туралы шағын бейнефильм тамашалайық.

(Бейнефильм көрсетіледі.)

Поэзия өлмейді

«Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса, Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда, күнбе-күн қасымызда…»

— Әбділда Тәжібаев

Ендеше, ақынның өлеңдеріне кезек берейік.

I кезең: Өлеңдерді мәнерлеп оқу

Сайыскерлер ортаға кезек бойынша шақырылады.

Осы орайда Мұқағали атамыздың өз дауысымен оқыған өлеңдеріне кезек берейік.

(Мұқағалидың дауысымен айтылған өлең тыңдатылады.)

Қазаққа тән қара өлеңге табынды,
Ата-баба дәстүрінен ап үлгі.
Ұшан-теңіз ұлылықты паш еткен,
Мұқағали – поэзия алыбы.

II кезең: Поэманы жатқа айту

Сайыскерлер ортаға кезек бойынша шақырылады.

Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жон арту үшін.

III кезең: Ақынға арнау

Сайыскерлер өз шығармашылығынан арнауын кезек бойынша ұсынады.

Өлең – менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен аңында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай...

Көрерменмен байланыс: Сөзжұмбақ-сұрақтар

Әділқазылар алқасы қорытынды шығарғанша, шағын сұрақтарға жауап берейік.

1) Мұқағали Мақатаевтың анасының аты?

Жауабы: Нағиман

2) Ақынның азан шақырып қойылған аты?

Жауабы: Мұқаметқали

3) Мұқағали қай жерде дүниеге келген?

Жауабы: Қарасаз

4) Жарының аты?

Жауабы: Лашын

5) 1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген, ақынның көзі тірісінде оқырман қолына тиген бесінші өлеңдер жинағы?

Жауабы: «Дариға-жүрек»

6) Өмірден ерте кеткен қызы?

Жауабы: Майгүл

7) Экрандағы кісінің Мұқағалиға қандай жақындығы бар?

Жауабы: көрсетілімге байланысты

8) «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз… Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген өлең кімге арналған?

Жауабы: Фариза Оңғарсыноваға

Мұқағалиды еске алып келеді елім,
Қайталаған қазақтың қара өлеңін.
Ұмытпайды ұрпағы ұлыларды,
Мұқағали, Жұмекен, Төлегенін.

Ән арқылы тағзым

Ән сал, жаным! Әніңмен тербет мені,
Бір сәтке тынсын тіршілік жер-көктегі.

Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтайды. Оның сөзіне жазылған әндер барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды.

Қолдарыңызға таратылған ән мәтіні бойынша ақынға тағзым, еске алу ретінде «Есіңе мені алғайсың» әнін бәріміз бірге шырқайық.

Қорытынды және марапаттау

Бүгінгі «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты Мұқағали оқуларының қорытындысын жариялау үшін әділқазылар алқасына сөз беріледі.

(Сайыскерлер марапатталады.)

Қырансың, аға, топтан сен бөлек дарасың,
Хантәңірі сынды заңғар боп мәңгі қаласың.
Жырларың сенің таулардай биік тұлғалы,
Шарлап жүр бүгін көк пенен жердің арасын.

Құрметті жырсүйер қауым! Ақиық ақынның ұрпаққа ұран болған жырларын ел де, ой мен сезім астасқан өлеңдерін жаттаған жас қауым да ешқашан естен шығармайды деп сенеміз. Бүгінгі сайысымыз өз мәресіне жетті.

Бірге:

Келесі кездескенше сау болыңыздар!