Бүгінгі жас ұрпаққа еліміздің қысқаша тарихын, мемлекеттік рәміздерін таныстыру

Тақырыбы: «Егеменді — елдігіміз, тәуелсіздік — теңдігіміз»

Мақсаты

  • Жас ұрпаққа еліміздің қысқаша тарихын және мемлекеттік рәміздерін таныстыру.
  • Желтоқсан оқиғасы туралы түсінік бере отырып, тәуелсіздіктің жолын, мәні мен маңызын ұғындыру.
  • Желтоқсан оқиғасы арқылы бабалардың асыл арманын сезіндіру, дүниетанымды кеңейту.
  • Отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу; Желтоқсан құрбандарын құрметтеуге және ерлігін мәңгі дәріптеуге баулу.

Көрнекілігі

  • Интербелсенді тақта
  • Слайдтар
  • Мемлекеттік рәміздер
  • Тақырыпқа байланысты суреттер

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру бөлімі және кіріспе сөз.

Тірек білімдерін жетілдіру: сұрақ-жауап.

Тарихи мазмұн: Желтоқсан оқиғасы, тәуелсіздік жолы.

Рәміздер: Ту, Елтаңба, Әнұран туралы түсіндіру, оқушы баяндамалары.

Өлеңдер, мақал-мәтелдер және қорытынды.

Кіріспе

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін Тәуелсіздік күніне арналған «Егеменді — елдігіміз, тәуелсіздік — теңдігіміз» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.

Тәуелсіздік — теңдесі жоқ құндылығымыз, ең басты байлығымыз. Бұл таң ата-бабамыздың сан жылдық аңсауы мен арманының жемісі, талай боздақтың көз жасы мен қанының өтеуі арқылы келген қасиетті мұра.

Тілек: Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, елдігіміз баянды болсын.

Осы бөлімде Әнұран орындалады.

Тірек білімдерін жетілдіру (сұрақ-жауап)

  • Біздің еліміз, туған жеріміз қалай аталады?
  • Қазақстан қандай мемлекет?
  • Еліміздің Президенті кім?
  • Мемлекеттік рәміздерді атай аласыздар ма?
  • Тәуелсіздік күнін білеміз бе?
  • Тәуелсіздікке жету жолы туралы не білеміз?

Тәуелсіздік — оңай келген олжа емес

Бүгін біз өркениетті, кемелденген, тәуелсіз әрі егемен елде, өзге мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең өмір сүріп отырмыз. Алайда бұл еркіндік бізге өздігінен келмеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыздың елдік мұраты — жерін қорғау, бірлігін сақтау, намысын таптатпау болды. Қазақ жерінің байлығы мен шежірелі тарихы талай жаудың қызығушылығын оятты. Бірақ арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұл-қыздар найза алып, атқа қонып, елін қорғады.

Көрсетілім

«Қазақ елі — Қазақ хандығы» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы

1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқы тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар-намысы таразыға түскен сын сағатта қазақ жастары дүлей күшке қаймықпай, өз елінің тәуелсіздігі үшін алаңға шықты.

1986 жылғы 16–17 желтоқсанда Алматыда мыңдаған жас наразылық білдіріп, «Тәуелсіздік керек! Қазақ елінің өз көсемі сайлансын!» деген талаптарын айтты.

Сол кезеңде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына Геннадий Колбин тағайындалды. Республика жұртшылығы бұл тұлғаны танымады. Бұл шешім халық санасында ұзақ жылдар қордаланған наразылықтың сыртқа шығуына түрткі болды.

Ащы шындық

Алаңға шыққан жастарға «бұзақылар», «ұлтшылдар», «нашақорлар» деген жала жабылды.

Көрсетілім

«Желтоқсан» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылады.

Тәуелсіздік жолында қаны мен жанын қиған боздақтардың қатарында Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанова секілді өрімдей жас ұл-қыздар болды. Олар оқу мен болашаққа ұмтылған шақта, Желтоқсан қасіреті олардың армандарын қиып түсті.

Алайда ерлердің ерлігі халық жадында қалды: олар тәуелсіздіктің жолын жақындатып, бүгінгі азат күніміздің нұрын алып келді.

Желтоқсан — бірліктің де, мұңның да күні.

Бұл — қазақ жұртының басы біріккен, намысы оянған тарихи белес.

Елдігіміздің нышандары: мемлекеттік рәміздер

Бүгінгі таңда елдігіміздің айқын нышандары бар: Ту, Елтаңба, Әнұран, сондай-ақ Конституция, шекара, ұлттық валюта және мемлекеттік институттар.

Қабылдануы

1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі сессиясында мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран қабылданды.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — әрбір азаматтың парызы.

Мағынасы

Рәміздер — халық бірлігінің, елдің тарихы мен болашаққа ұмтылысының белгісі. Олар ортақ құндылықтарды айқындайды.

Ту туралы

Тудың ашық көгілдір түсі — бейбіт аспанның, тыныштық пен бірліктің белгісі. Тудың авторы — Шәкен Ниязбеков.

Негізгі бейнелердің мәні

  • Алтын күн — өмір мен жылудың, береке мен нұрдың нышаны.
  • Қалықтаған қыран — ерлік, еркіндік және биік мақсаттың белгісі.
  • Ою-өрнек — ұлттық мәдениет пен дәстүр сабақтастығын білдіреді.

Өлең жолдары

Ұлттық өрнек — мұрамыз,
Адастырмас мұраттай.
Нық көтеріп тұрамыз,
Жалауды біз құлатпай.

Елтаңба туралы

Елтаңбаның авторлары — Жандарбек Мәлібекұлы және Шота Уәлиханов. Елтаңба елдің тарихын, дәстүрін, рухын танытуы тиіс.

Елтаңбаның жүрегінде шаңырақ орналасқан. «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген игі тілек осы идеяның өзегіне айналған.

Бейнелердің астары

  • Шаңырақ — ортақ үй, ынтымақ пен бірліктің белгісі.
  • Уықтар — күн сәулесіндей тарап, тұтастықты білдіреді.
  • Жұлдыз — бақ жұлдызының биіктеуін, жарқын болашақты меңзейді.
  • Қанатты тұлпар — еркіндік пен жеңістің, аңыздағы асқақ рухтың символы.
  • Бидай сабақтары — тоқшылық пен молшылықтың нышаны.

Әнұран туралы

Әнұран — мемлекеттік салтанатты ән, халық рухын көтеретін қастерлі ұғым. Онда елдің тарихы, бүгінгі тынысы және келешекке деген арманы айтылады.

Авторлары

  • Сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
  • Әні: Шәмші Қалдаяқов

Хор

Қазақстан Туымен — тұғырлы,
Елтаңбасымен — еңселі,
Әнұранымен — айбатты.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан — әлемдік аренада өз орнын айқындаған, Азия мен Еуропаны мойындата білген рухы биік, қайсар ел.

Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз халықаралық қауымдастықтармен ықпалдасып, бірлікті бекемдейтін және ұланғайыр даламыздың тұтастығын қорғайтын құжаттар мен келісімдерге қол қойды. Мамиражай бейбіт тірлік, төріміздегі Ата заң, көгіміздегі көк байрақ, ұлттық теңге, республикалық ұлан — бәрі де егемен ел екендігіміздің айғағы.

Оқушылардың өлеңдері

Еркебұлан

Желбірейді шалқып Қазақстан жалауы,
Көкке қыран қалықтап, қанат қағып барады.

Нұрай

Көк аспанда тулардың
Желбіреген күні бұл.
Елім деген ұлдардың
Елжіреген күні бұл.

Берекет

Ұлттық өрнек — мұрамыз,
Адастырмас мұраттай.
Нық көтеріп тұрамыз,
Жалауды біз құлатпай.

Думан

Мен қазақпын, ұланымын қазақтың,
Тәуелсізбін, егеменмін, азатпын.
Көк байрағым көгімде желбіреп,
Алатаудай көкке өрлеген ғазаппын.

Ақсәуле

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан — елім менің.

Дастан

Отан дейміз кең-байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Отан туралы мақал-мәтелдер

  • Отан — отбасынан басталады.
  • Отан — оттан да ыстық.
  • Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.

Қорытынды

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік.

Қоштасу сөзі

Келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар!

Қорытынды бөлімде «Атамекен» әні орындалады.