Дейтін көкем

Мақсаты

Балалардың «табиғат» және «қамқорлық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Табиғат пен адам үйлесімділігін және оның адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Табиғатқа қамқор болу іскерліктерін дамыту.
  • Табиғаттың аң-құстарына қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Электронды оқулық Слайд-шоу Бейнеүзінді Түрлі-түсті кеспе қағаздар

Шаттық шеңбері

Өлең жолдары арқылы балалардың көңіл күйін көтеру, табиғат сұлулығын сезіндіру.

«Мен де балғын гүлмін!»

Арасында гүлдің,

Ойнап бүгін жүрдім.

Қызыл, көгілдір, сары —

Әп-әдемі бәрі.

Бірі сондай ірі,

Ал нәп-нәзік бірі.

Дейтін көкем: «Күнім»,

Дейтін апам: «Гүлім».

Енді ғана білдім —

Мен де балғын гүлмін!

Мәтінмен жұмыс

«Табиғат — ана»

А. Мырзағұлова

Әңгіме табиғаттың адамға беретін қамқорлығы, оның сұлулығы мен маңызы туралы ой қозғайды.

Әңгімелесу сұрақтары

  1. 1. Табиғаттың адамға жасаған қамқорлығын қалай түсінесіңдер?
  2. 2. Табиғат-ананың көріктеніп, сұлулығының артуының сыры неде деп ойлайсыңдар?
  3. 3. Табиғат-ананың көріктене түсуіне өз үлестеріңді қалай қосар едіңдер?

Тапсырмалар

Табиғат құбылыстары мен тіршілік иелерін байқап, атауларын дәл табу.

Табиғаттағы жарқырағандар

Күн, ай, жұлдыз.

Табиғаттағы көгілдірлер

Аспан, өзен, көл, теңіз, мұхит.

Табиғаттағы жайқалғандар

Ағаштар, гүлдер.

Табиғатта ән салатындар

Құстар.

Сыбырлайтындар

Жапырақтар.

Сыңғырлайтындар

Сулар.

Осының бәрін бір сөзбен қалай атаймыз? Табиғат-ана

Дәйексөз

Көзіңді қалдыр — бұлақ көзін аша жүр,

Ізіңді қалдыр — істен мұра шаша жүр,

Өзіңді қалдыр — бақша өсіріп, жаса нұр.

Халық даналығы

Жаңа ақпарат

Табиғат — аң, құс, өсімдік, тау, тас, өзен, көл, ауа, жер. Бұл — біздің тіршілік ортамыз.

Олардың барлығы — табиғаттың бізге берген сыйы. Сол сыйды аялау және табиғатқа қамқорлық жасау — әрбір адамның міндеті.

Тыныштық сәті

Табиғаттың құдіретін сезіндіру мақсатында тыныштық сәті ұйымдастырылады. Балалар денелерін түзу ұстап, бастарын жоғары көтеріп, ыңғайланып отырады.

Қазақстанның әсем табиғаты туралы бейнебаян тамашалап, кейін алған әсерлерімен бөліседі.

Ой толғау

«Табиғатқа қамқорлық керек, өйткені…»

Қорытынды

Табиғат-ана барлығына ортақ. Ол адамдарды немесе айналасындағыларды «жақсы-жаман» деп талғамайды: өзінің сыйын бәріне бірдей береді.

Мысалы, Күн ешкімді алаламайды — нұрын да, жылуын да тең ұсынады. Ол бәріне бірдей бақыт пен қуаныш сыйлайды.

Күннің атынан

Даламдай кең пейілім. (Құшақтарын ашады.)

Жүрегім толы мейірім. (Қолдарын жүрек тұсына қояды.)

Мен үшін жоқ «кіші» ұғым. (Кішіні көрсетеді.)

Бәріңе ортақ шуағым. (Екі қолын көтереді.)