Аружан бұған өкпелі
Сабақ тақырыбы: Өзіңді де, өзгені де аяла
Бұл сабақ 3-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» пәні аясында «Аялауды табиғаттан үйрен» халық даналығымен сабақтастырылып өтеді. Негізгі идея — адамның өзіне, өзгеге және қоршаған ортаға мейіріммен қарап, жанашырлық танытуы.
Сабақтың мақсаты
Балалардың «мейірімділік» адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Өзіңді және өзгені аялаудың адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Өзіне және өзгелерге аялы, сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамыту.
- Сүйіспеншілікке, қамқорлыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Оқулық, дәптер, үнтаспа, слайд, сахналық көрініс.
Сәлемдесу
Жарқырап күн де ашылды,
Күн нұры түгел шашылды.
Қайырлы күн, қонақтар,
Біз әдепті баламыз.
Қайырлы күн, ұстазым,
Біз көңілді боламыз.
Шаттық шеңбері
Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып тұрады. Мұғалім балаларды жылы жүзбен қарсы алып, бірлік пен достыққа шақырады.
Қане, қане тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Оң жақтағы көршіге,
Сол жақтағы көршіге
Күлімсірей қарайық.
Көкке қолды созайық,
Бір-бірімізден озайық.
Құшақтасып әр кез де,
Тату-тәтті болайық.
Көңіл күйлерің әрдайым жақсы болсын!
Әңгімелесу және сөзжұмбақ
Сабақ тақырыбының мәнін ашу үшін мұғалім сөзжұмбақ шешуді ұсынады. Дұрыс жауаптар арқылы негізгі ұғымға жетелейді.
Сөзжұмбақ сұрақтары
- 1.Ағаш кесетін құрал.
- 2.Темекі адам денсаулығына …
- 3.Ризашылық білдіру дегеніміз не?
- 4.… — тіршілік иесі.
- 5.Өте күшті жел.
Талқылау сұрақтары
- «Аялау» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
- Сендерді кімдер аялайды? Ал өздерің ше?
Мұғалімнің қорытындысы: аялау — ата-ананы, достарды, үлкен-кішіні, қоршаған ортаны желеп-жебеу, жанашырлықпен қарау, жақсылық жасау.
Мәтінмен жұмыс: «Жанашыр»
Оқушылардың аялау туралы пікірін анықтау үшін мұғалім мәтінді оқып, мазмұнын талдауға бағыттайды.
Бірге оқитын құрбыларымен доп ойнап шаршаған Дастан үйіне қайтып келе жатты. Кенет ол көшенің бұрылысында кедір-бұдыр жолға қайта-қайта сүрініп-жығылып, сенделіп жүрген қыз баланы көрді. «Соқыр ма өзі, машина басып кетеді-ау», — деп ойлады Дастан.
Ол жүгіріп қыздың қасына келді де, қолынан ұстап: «Жолдан әрі шық, әне, машина келе жатыр. Өзің неғып жүрсің?» — деді. Қыз бала өксіп: «Адасып кеттім!» — деп жауап берді.
«Қайда тұрасың?» — деді Дастан. «Көзі көрмейтін балалар үйінде. Сен кімсің?» — «Мен Дастанмын. Қорықпа, үйіңе апарып саламын».
Ақбөпе жетім еді. Ол зағип балалар үйінде тұратын, сонда оқитын. Ән айтатын. Дауысы күміс қоңыраудай сыңғырлап шығатын. Ойын қызығына беріліп, көшеге шығып кеткенін өзі де аңғармаған. Достары «Ақбөпе!» деп шарқ ұрып іздегенімен, таба алмай қалған еді.
Алғашында Дастаннан сескеніп қалған Ақбөпе бірте-бірте бойы үйренді. Ол қолын созып, жаңа досының қайратты кекілін, таңқы танауын, қалқиған құлағын сипады. Сосын жақындап, иығымен түйістіріп, бойын өлшеді — екеуінің бойы бірдей екен.
Екеуі әңгімелесіп, зағип балалар үйіне қарай жүрді. «Мен ғарышкер боламын», — деді Дастан маңғазданып. «Мен әнші болғым келеді», — деді Ақбөпе ұялып жымиып.
Міне, олар Ақбөпенің үйіне де келіп қалды. Ақбөпенің келгенін сезген балалар қатты қуанды. Ақбөпені де, Дастанды да құшақтап, орталарына алды. Бірі биледі, бірі сырнай тартты.
Шаршағанын ұмытып, Дастан үйіне ерекше көңіл-күймен қайтты. «Дастан, келіп тұр!» — деп жаңа достары көпке дейін қол бұлғап қала берді.
Талдау сұрақтары
- Дастанның қызға жанашырлық сезімін неден аңғаруға болады?
- Балалар Дастанды не үшін мақтан тұтты деп ойлайсыңдар?
- Әңгіме мазмұны бойынша қандай қорытынды жасауға болады?
Мұғалімнің түйіні: аялау — өзіңе де қуаныш сыйлайтын ізгі әрекет.
Сергіту сәті
Оқушылар қысқа сахналық көрініс немесе қимыл-қозғалыс арқылы сергіп, сабақтағы көңіл-күйді жаңартады.
Жағдаяттарды талдау
Оқушылар өмірлік жағдаяттар арқылы аялаудың мәнін түсініп, өз әрекеттеріне баға беруге үйренеді.
Жағдаят 1: Аружанның реніші
Аружанның кішкентай сіңлісі Алтынай дүниеге келді. Үйдегілер қуанышты: туыстары жақсы тілектер айтып, сыйлықтарын беріп жатыр. Ал Аружан бұған өкпелі. Алтынай өмірге келгенге дейін анасы оны алдына алып, құшақтап аялайтын. Сыйлық та, жақсы сөз де көбіне өзіне айтылатын. Енді өзіне көңіл бөлінбегеніне ренжиді.
Сұрақтар
- Аружанның қылығы дұрыс па? Неліктен?
- Сен Аружанның орнында болсаң, не істер едің?
Жағдаят 2: Мұхит және мысық
Мұхит сабақтан келе жатып, шөп арасынан қыбырлаған бір нәрсені байқайды. Қараса — кіп-кішкентай мысық. Үсті-басы су, тоңып қалған. Мысық аянышты көзбен қарап, мияулайды. Мұхит оны аяп, үйіне алып келеді: орап, пештің жанына жатқызады. Жылы үйге кірген мысық маужырап ұйықтап кетеді. Аздан соң есік қоңырауы соғылады. Көршісі Асылхан мысығын жоғалтып, іздеп жүр екен. Пеш түбіндегі ораулы мысығын көрген Асылхан күдіктене қарап, мысығын құшақтап шығып кетеді.
Сұрақтар
- Сен Асылханның орнында болсаң, не істер едің?
- Сен Мұхиттың орнында болсаң, не істер едің?
Дәйексөз: «Аялауды табиғаттан үйрен»
Аялауды табиғаттан үйрен.
Табиғаттың қай жаратылысын алып қарасақ та, бәрі адамдарға жанашырлық танытқандай әсер береді: күн нұрын төгеді, суын береді, ауасымен дем алғызады. Ең маңыздысы — осы жақсылығын міндет етпейді және ешкімді бөлмей, бәріне бірдей сыйлайды.
Адам да дәл солай болуы керек: жақсылықты шын көңілмен жасап, қамқорлықты риясыз көрсетуі тиіс. Сондықтан халық даналығы «Аялауды табиғаттан үйрен» деп үйретеді.
Дәптермен жұмыс
Тапсырма
Дәптердегі ребусты шешіп, шешуін жазыңдар.
Шешуі: Аялау — мейірімділікті қажет етеді.
Қорытындылау
Мұғалім сабақты қоржында берілген сөздерді пайдаланып түйіндейді. Оқушылар аялаудың адамның көңіл-күйіне, қарым-қатынасына және қоғамдағы өзара түсіністікке әсер ететінін атап өтеді.
Жүректен жүрекке
Мұғалім оқушыларға өзіне, өзгеге және айналасына аялы көзқарас танытуға дайын екенін «жүрек жылуымен» бөлісу арқылы білдіруді ұсынады.
Аялау — жылы, мейірімді жүректен туады. Бәріміздің жүрегіміз де жылы, мейірімді. Сол жылулық пен мейірімді бір-бірімізден аямайық.
Орындау барысы
- 1.Оқушылар оң қолын жүрек тұсына қояды.
- 2.Жылылығын «түсіріп алмастай» етіп, екінші қолымен демейді.
- 3.Кезекпен оң жағындағы оқушының қолын қысып, ізгі ниетін білдіреді.