Қос гүлсерікті гүлде

Ақтөбе қаласы №55 ЖОББМ

Биология пәнінің мұғалімі: Медетова Мейрамгүл Акимбайқызы

Сабақ тақырыбы

Қосжынысты және даражынысты гүлдер. Гүл формуласы.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Қосжынысты және даражынысты гүлдердің ерекшеліктерін меңгерту, гүл формуласының жазылу тәртібін үйрету.

Тәрбиелік

Гүлдің адамға қуаныш пен жақсы көңіл күй сыйлайтынын түсіндіру арқылы эстетикалық тәрбие беру.

Дамытушылық

Қосжынысты және даражынысты гүлдердің құрылысын салыстыру арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыту.

Сабақ жоспары

  1. 1. Ұйымдастыру

  2. 2. Сергіту сәті

  3. 3. Қызығушылығын ояту

    • Суретпен жұмыс
    • Кітаппен жұмыс
    • Биологиялық диктант
  4. 4. Мағынаны тану (жаңа тақырыпты түсіндіру)

  5. 5. Ой-толғаныс

    • Сын тұрғысындағы сұрақтар
    • Формула жазып үйрену
    • Графикалық диктант
  6. 6. Қорытындылау: «Тыңдайық — ойланайық!» (ертегі)

  7. 7. Бағалау

Сергіту сәті: қысқа визуализация

Оқушылар, көздеріңді жұмып, гүлзардың ортасында отырмыз деп елестетіңдер. Айналада әдемі қызыл-сары гүлдер жайқалып тұр. Күн аспанда жарқырап, гүлдердің хош иісі аңқиды. Күннің шуағы жылытып, самал жел жеңіл ғана желпіп өтеді. Енді көзімізді ашайық.

Көңіл күйлерің көтеріліп, бойларыңа қуат пен сергектік қосылғанын байқадыңдар ма? Осындай көтеріңкі көңіл күймен сабағымызды бастаймыз.

Қызығушылығын ояту

Тапсырмалар: суретпен жұмыс, кітаппен жұмыс және биологиялық диктант.

Суретпен/кітаппен жұмыс

Берілген сипаттамалардың қайсысы гүлдің қай бөлігіне тән екенін анықтап, тиісті бас әріппен белгілеңдер: ГС — гүлсағақ, ГТ — гүлтабан, Т — тостағанша, К — күлте, А — аталық, Ж — аналық.

  • Гүлдің дәл ортасында орналасқан.
  • Тозаң ұясы бар.
  • Гүлсеріктің ішкі бөлігі.
  • Үлпекке айналған бөлігі.
  • Жәндіктер қоректенетін бөлігі.
  • Шірне бөлетін бөлігі.
  • Жабысқақ сұйықтық бөледі.
  • Ұшы ілмекке айналған бөлігі.
  • Екі қабатты қабықшасы бар жасушалар жетіледі.
  • Хош иіс шығаратын бөлігі.
  • Мойны бар.

Биологиялық диктант

Бос орындарға тиісті сөздерді қойып жазыңдар.

1. Гүлдің барлық бөлімдері __________ бекінеді.

2. Тостағанша жапырақша мен күлте жапырақша __________ деп аталады.

3. Егер гүлде __________ немесе __________ болмаса, ол жай гүлсерікті деп аталады.

4. Қос гүлсерікті гүлде __________ мен __________ болады.

5. Күлтенің ашық реңі тікелей түскен күн сәулесін шағылыстырып, қызуын бәсеңдетіп, __________ пен __________ қызып кетуден сақтайды.

6. Тозаңның құрамында __________, __________, __________, __________ бар.

7. Гүл жазықтығына бірнеше сызық жүргізгенде теңдей бөлікке бөлінсе, ол __________ деп аталады.

8. Аналықтың түп жағындағы жуанданған жерін __________ деп атайды.

Мағынаны тану: гүл формуласы

Гүл формуласы — гүл құрылысының негізгі бөліктерін халықаралық қысқартулармен (бас әріптермен) белгілеу арқылы жазылатын шартты жазба.

Гүл бөліктері Халықаралық атауы Қазақша белгіленуі
Тостағанша Ca (Calyx) Т
Күлте Co (Corolla) К
Аталық A (Androecium) А
Аналық G (Gynoecium) Ж (жатын)

Мысалдар

Қызғалдақ гүлінің формуласы

К 3+3 A 3+3 Ж(3)

Итмұрын гүлінің формуласы

Т5 К5 А∞ Ж∞

Ескерту: біріккен бөліктердің саны жақшаға алынады, ал саны өте көп болса таңбасымен берілуі мүмкін.

Негізгі ұғымдар

  • Қосжынысты гүл — бір гүлде аталық та, аналық та болады.
  • Даражынысты гүл — гүлде тек аталық немесе тек аналық болады.
  • Жыныссыз гүл — жыныс мүшелері дамымайды.

Ой-толғаныс

1-тапсырма

Жаңа тақырып бойынша бір-біріңе сын тұрғысынан сұрақтар қойыңдар.

2-тапсырма

Гүл формуласы жазылуын тәжірибеде қолданып көріңдер.

3-тапсырма: графикалық диктант

Тұжырымдардың дұрыстығын белгілеңдер.

Тұжырымдар

  • Бір гүлде аталық пен аналық орналасса, ол қосжынысты деп аталады.
  • Аталық гүл мен аналық гүл бір өсімдікте болса, ол екіүйлі деп аталады.
  • Жыныссыз гүлдерде жыныс мүшелері дамымайды.
  • Халықаралық атау бойынша тостағанша Co деп белгіленеді.
  • Қазақша белгілеуде аналық Ж әрпімен беріледі.
  • Гүл бөліктері біріккен болса, саны жақшаға алынады.
  • Гүл бөліктері көп болғанда + таңбасы қойылады.
  • Аталықтың жіңішкерген жері тозаңқап деп аталады.
  • Аналықтың түп жағындағы жуанданған жерін жатын деп атайды.
  • Гүлде тек күлте жапырақшалар болса, ол қос гүлсерікті гүл деп аталады.

Жауабы

+-+-++--+-

Қорытындылау: «Тыңдайық — ойланайық!»

Ертегі

Ерте, ерте, ертеде бір хан болыпты. Ол өте қаһарлы екен, гүл біткенді жақтырмайды. Бір күні ол барлық гүлді жұлып, орнына бидай егуді бұйырыпты. Адамдар гүлдерді жұлып, егін егіпті. Көп ұзамай айналаны түнерген көңілсіздік жайлап, жұрттың жүзі солыпты.

Бірде хан ауыр дертке шалдығып, қанша емші емдесе де жазылмапты. Тек бір емші ғана: «Егер бал жесеңіз, айығып кетесіз», — деп кеңес береді. Хан уәзірлеріне бал әкелуді бұйырады. Бірақ гүл болмаған соң ара да жоқ, бал да табылмайды.

Сол кезде бір кедей жігіт ханға білдірмей, шағын ауласына гүл егіп қойған екен. Гүлге аралар келіп, бал жинапты. Жігіт сол балды ханға сыйға тартып, хан балды жеп жазылып кетеді. Содан бері хан гүл өсіруге рұқсат беріпті. Айнала қайтадан гүлге толып, адамдардың көңілі жадырап, қуаныш қайта оралыпты.

Түйін

Кейде біз жапырақты, шөпті, гүлді байқамай жұлып тастаймыз. Осылайша табиғат-Ананы ренжітіп алуымыз мүмкін. Сондықтан табиғатқа жанашырлықпен қарап, өсімдіктерді аялап, қорғай білейік.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы және жауаптарының дәлдігі бойынша бағаланады.