Оқушылардың алған білімдерін Әліппемен қоштасу кешінде бекіту

Ақмола облысы, Астрахан ауданы

Жалтыр №4 орта мектебі • Бастауыш сынып мұғалімі: Мажитова Алтынгүл Кабиденқызы

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың алған білімдерін «Әліппемен қоштасу» кешінде бекіту.
  • Оқушылардың өнерін ата-аналарға көрсету.
  • Адамгершілікке, ұқыптылыққа және мерекелік іс-шара барысында өзін дұрыс ұстауға баулу.

Қажетті көрнекіліктер

Нақыл сөздер Оқушыларға арналған әріп белгілері Ертегі кейіпкерлерінің бетперделері «Әліппе» «Ана тілі» Шарлар Гүлдер

Іс-шара барысы

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті аталар мен ақжаулықты аналар!

Бүгін 1-сынып оқушылары өздерінің сүйікті «Әліппе» оқулығымен қоштасқалы отыр. Міне, біз барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі болған «Әліппені» аяқтадық. Бүгін — шексіз қуаныш күні.

Ендеше, сүйікті «Әліппемізді» ренжітпей, оған алғыс айтып, өзімізден кейінгі іні-қарындастарымызға табыстау — біздің міндетіміз. Сондықтан бүгінге дейін алған білімімізді ортаға салайық.

Жүргізушілердің құттықтауы

1-жүргізуші

Қайырлы күн, халайық!

Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар, білім іздеп инемен құдық қазғандар!

Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді: бүгін би биленіп, ән де шырқалар!

2-жүргізуші

Армысыздар, аталар мен аналар, ұстаздар!

«Әліппемен қоштасу» тойы құтты болсын!

Қош келдіңіздер, ақжаулықты аналар! Алдарыңызда жауқазындай құлпырған, алаңсыз балғын шақты балалар.

Жылы сұрақ — хормен жауап

Мұғалім:

Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?

Хор

Болашаққа жол ашар — ол сүйікті Әліппе!
Ол сүйікті Әліппе!

Мұғалім:

Ендеше, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық.

Хор

Әліппе! Әліппе! Әліппе!

«Әліппенің» сахнаға шығуы

Әліппе:

Армысыңдар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаңа.

Менің атым — Әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ер жеткен —
Ағаң менен әпкең де.

Балалар, сендер мені оқыдыңдар. Менен не үйрендіңдер?

Оқушылар

Жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, өлең, ән үйрендік. Сонымен қатар оқуды да, жазуды да меңгердік.

Жұмбақтар бөлімі

«Әліппе» балаларға жұмбақтар ұсынады. Оқушылар шешімін табады.

  1. Ақыл-ойдың шырағы,
    Зәулім көктей шынары.
    Биігіне бойлаған
    Қанбайды адам құмары.

    Жауабы: Кітап

  2. Қабат-қабат қаптаған,
    Асыл сөзбен аптаған.
    Парағы бар сөйлейтін,
    Ол — қазына өлмейтін.

    Жауабы: Кітап

  3. Бойлаған сайын тереңге,
    Шығасың биік белеске.

    Жауабы: Білім

  4. Жылжытады алға бізді,
    Жылжымайды бірақ өзі.

    Жауабы: Сынып

  5. Алты қырлы, түсі бар,
    Суретпенен ісі бар.

    Жауабы: Қарындаш

  6. Күміс алмұрт тілі бар,
    Сыңғырлаған үні бар.
    Шақырады білімге,
    Сағаты бар, күні бар.

    Жауабы: Қоңырау

Келесі қадам

Мұғалім әріп пен дыбыс ұғымын сұрайды. Оқушылар дауысты және дауыссыз дыбыстарға бөлініп, өз әріптерінен басталатын сөз ойлап, оны буынға дұрыс бөледі.

Оқушылардың тақпақтары

1-оқушы

Армысыңдар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаға.
Бүгін үлкен салтанат — басқа оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштасақ.
Өсті білім, бойымыз...

Хор: Құтты болсын тойымыз!

2-оқушы

Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың —
Ұстазым маған кілтін алып берді.

3-оқушы

«А»-ны алғаш айтқанда дауысым дірілдеді,
Ұстазым көз алдымда күлімдеді.
Күн сайын әріптердің атын біліп,
Сөз оқимын — буынға бөліп енді.

4-оқушы

Жүгеріні орады,
Жинап оны баулайды.
Атамның қол орағы
«С» әрпінен аумайды.

5-оқушы

Әліпбидің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба, «Б» тұрады үшінші —
Ал осының сыры неде? Түсінші.

6-оқушы

«А» деген — аналар ғой ардақты,
«Ә» деген — әкелер ғой салмақты.
«Б» деген — балалар ғой әдемі.
Алшақ кетпей, шынында да сандықтан,
Тұрады олар әліпбидің басында.

7-оқушы

Іші толған әріпке —
Мынау әйбәт Әліппе.
Барлық ілім-білімнің
Әжесі осы — Әліппе.

Ән: «Отан»

«Ә» дыбысын өткенде, тамылжыта ән салуды үйрендік.

8-оқушы

«Ө» дыбысын өткенде бабалардың өнегелі, өсиетті сөздерімен таныстық.
Өтірік айтпа, ұрлық жасама.

Әдептілік, ар-ұят — адамдықтың белгісі,
Тұрпайы мінез, тағы жат — надандықтың белгісі.
Үйрен жақсы әдеттен,
Жирен жаман әдеттен!

9-оқушы

Қолыма нық ұстаған
Шеге ұратын балғаның
«Т» әрпіне ұқсаған
Түрін көріп таң қалдым.

10-оқушы

Көбелекке кәдімгі
Қарасаңыз анықтап,
Жаны бар «Ж» ұшып жүр,
Жапырақша қалықтап.

Көрініс

«Е» дыбысын өткенде, таңғажайып ертегілер еліне саяхат жасадық. Ертегіден үзінді көрсетіледі.

Оқу дағдысын көрсету

Әліппе:

Бәрекелді! Сендер менен көп нәрсе үйренген екенсіңдер. Енді маған мәтін оқып беріңдерші.

Оқушылар мәтін оқиды.

Мұғалім:

Балалар, «Әліппе» сендерге оқуға да, жазуға да үйретті. Ендеше, «Әліппе» досымызға не айтамыз?

Хор

Рахмет саған, Әліппе!

Әліппе

Рахмет, құрметті оқушылар! Мен сендерге өте ризамын. Мені жақсы меңгердіңдер, таза ұстадыңдар.

Адамгершіліктеріңе көп рахмет, кішкентай достарым.

Ризамын, құрметті шәкірттер,
Меңгердің, болмадың босқа тер.
«Ана тілі» атты бір әпкем бар —
Сендерді жетелеп әкетер.

«Ана тілі» оқулығымен танысу

Оқушы

Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсе үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Толқындатып сөйлеттің.

Оқушы

Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаңда оқи да, жаза да білдім,
Сауатты адам санатына кірдім.

Әліппе

Қош сау болыңдар, кішкентай шәкірттер!

Хор: Қош, сүйікті Әліппем!

Ана тілі

Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Сөйлетер сөзді шеберлеп,
Өзіңнің ана тіліңмін.
Байыптап жақсы оқысаң,
Негізі менде білімнің.

Балалар: Оқимыз, оқимыз!

Біз бір-бірімізбен таныстық. Айнымас дос боламыз.

Оқушыларға «Ана тілі» оқулығы ұсынылады.

Қорытынды және мерекелік бөлім

Оқушы

Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға «Ана тілді» аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол —
Сауатты боп шықты міне балаңыз!

Ән: «Ұстазыма»

Ата-ана

Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық!

Шашу шашылады.

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»