Қандай балабақша
Сабақ тақырыбы
Үй жануарлары
Мақсаты
Балалардың үй жануарлары туралы білімдерін толықтыру; олардың пайдасы мен маңызы туралы түсінік беру. Үй жануарларын бір-бірінен ажыратуға, мұқият тыңдауға үйрету. Тақпақ, мақал-мәтел, сұрақ-жауап, жұмбақ арқылы тіл байлығын дамыту. Ұлттық тәрбие негізінде еңбексүйгіштікке баулу және экологиялық тәрбие беру.
Тәрбиелік міндет
Үй жануарларына қамқорлық жасауға, оларды қорғап-күтуге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Түсіндіру
- Көрсету
Көрнекілік
Үй жануарларының суреттері, слайд.
Сабақ барысы
Амандасу және кіріспе
Тәрбиеші балаларға амандасудың маңызын түсіндіреді: амандасу — адамгершіліктің, әдептіліктің баспалдағы.
Білер қазақ баласы —
«Сәлем» — сөздің анасы.
Көп танысты көреміз,
Алдымыздан кезіккен.
Бәріне де ізетпен,
Иіліп сәлем береміз.
Сұрақ-жауап: жыл мезгілі
Балалармен қыс мезгілі туралы әңгіме жүргізіледі.
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілінде неше ай бар?
- Қыс мезгілінде қандай өзгерістер болады?
- Қыс мезгілінде қандай ойындар ойнайсыңдар?
Үй жануарларымен танысу
Тәрбиеші жануарлардың дыбысын тыңдату арқылы балалардың қызығушылығын оятады. Сиыр мен қойдың даусын таныған соң, олардың үй жануарлары екенін түсіндіреді.
Үй жануарлары
Сиыр, қой, жылқы, түйе, ешкі, сондай-ақ ит пен мысық үй жануарларына жатады.
Ит пен мысық
Мысық көбіне үй ішінде тұрады. Ит үйдің сыртында, үйшікте тұрып, үйді күзетеді. Ит — жеті қазынаның бірі.
Еркелету сөздері және ұлттық таным
Тәрбиеші балалардан ата-әжелері қандай сөздермен еркелететінін сұрайды. Балалар: «ботақаным, қозым, құлыным, еркем, кішкентай лағым, қошақаным» деп жауап береді. Бұл — халқымыздың төрт түлікке деген жақындығын көрсетеді.
Төрт түлік және төлдері
Төрт түлікке: түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі жатады.
Түйенің төлі — бота
Сиырдың төлі — бұзау
Қойдың төлі — қозы
Ешкінің төлі — лақ
Жылқының төлі — құлыншақ
Пайдасы және қамқорлық
Халқымыздың байлығы мен берекесі — осы мал. Сүтін ішеміз, етін жейміз, жүнінен киім тігеміз. Сүттен май, құрт, айран, ірімшік жасалады. Ал адамдар малға қамқорлық көрсетіп: бағады, шөп-жем, су береді, сауады, күтім жасайды. Үй жануарлары адам көмегінсіз өздігінен күн көре алмайды.
Көрініс: Бақташы атаның келуі
Боран соғып, есік ашылады. Бақташы ата кіріп, төлдерін іздеп жүргенін айтады. Балаларға: «Тауып берсеңдер, сыйлығым бар» дейді. Тәрбиеші қонаққа төр ұсынып, сабақтың үй жануарлары жайлы екенін түсіндіреді.
Жұмбақтар және жануарлардың дыбысы
1) Жұмбақ
Кішкене ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар.
2) Жұмбақ
Кезекті бір жануар, үстінде екі тауы бар.
3) Жұмбақ
Басында екі таяғы бар, төрт аяғы бар, бірақ тағы сақалы бар.
4) Жұмбақ
Екі айнасы бар, екі найзасы бар, төрт жылтырмағы бар, бір шыпыртқысы бар.
5) Жұмбақ
Екеуі елеңдеп келеді, төртеуі төбелесіп келеді.
Сергіту сәті
Тіктеп титтей құлағын —
Ботам былай жүреді.
Сыртылдатып тұяғын —
Бұзау былай жүреді.
Алға созып мойынын,
Ойнақтайды ботақан.
Көкке қарай мұрынын
Шүйіреді бұзауқан.
Балалардың тақпақтары
Аңсар
Ақ бұзауым ұнайды,
«Мө-мө» деп сүт сұрайды.
Күн сайын өсіп келеді,
Тұмсығын созып қарайды,
Тілімен мұрнын жалайды.
Фарида
Кіп-кішкене момақан,
Қошақанды ұнатам.
«Қозым» дейді апам да,
«Қошақаным өзім» деп.
Санжар
Құлыншағым — құндызым,
Құлдырайды, шабады.
Жылтылдаған жұлдызым,
Құстай қанат қағады.
Кәусар
Шөре-шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секектеме, деміңді ал,
Селтеңдемей құлағың.
Жаннұр
Айналайын, ботам,
Қандай күлте жотаң.
Табандарың жалпақ,
Теріп жейсің жантақ.
Ойын: «Сиқырлы қалташа»
Төрт түліктің дыбыстары тыңдатылады. Балалар дыбысты ажыратып, қай төлдің даусы екенін табады.
Осы сәтте балалардың бірі қуанышты хабар айтады: «Сүйінші, ата! Қозыңызды тауып алдым!»
Бақташы ата алғысын білдіріп, балаларға қозыны ұстатып, оның сүйкімді, әдемі, кішкентай екенін айтқызады.
Қорытынды сұрақтар
- Үй жануарларына нелер жатады?
- Үй жануарларының төлдерін қалай атаймыз?
- Малдың дыбыстауын қалай атаймыз?
Жылқы — кісінейді
Сиыр — мөңірейді
Қой мен ешкі — маңырайды
Түйе — боздайды
Жылулық шеңбері: тілек айту
Балалар шеңберге тұрып, жылқы жылына арналған тілектерін айтады:
Тәрбиеші: «Осы тілектеріміз қабыл болсын!»
Сыйлық және қоштасу
Балалар тәрбиешілерге арнап дайындаған сыйлығын ұсынады: жылқы жылына арналған күнтізбе. Бұл — алдағы күндер сәтті, табысты болсын деген ниет.
Біз ақылды баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Бүгінгі келген қонаққа
«Сау болыңыз» деп айтамыз.