Мақатаевтың Бақыт өлеңін жатқа оқу Менің бақытты сәтім

Сабақтың тақырыбы

Салт және сабақты етістіктер.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың алдыңғы сабақта алған білімдерін жинақтау, салт және сабақты етістіктердің жасалу жолдарын меңгерту.

Дамытушылық

Ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін арттыру; шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелілік

Оқушыларды адамгершілікке және имандылыққа тәрбиелеу.

Сабақ туралы мәлімет

Әдіс-тәсілдер

  • Баяндау
  • Сұрақ-жауап
  • Топтастыру

Көрнекілік

  • Интерактивті слайдтар
  • Сызбалар

Пәнаралық байланыс

Әдебиет.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды түгендеу, сабаққа назарын аудару, жұмысқа бағыттау.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Тест арқылы қорытындылау

  1. 1. Етістік нені білдіреді?

    • А) заттың атын білдіреді
    • Б) заттың сапасын білдіреді
    • В) заттың қимылын, іс-әрекетін білдіреді
  2. 2. Етістік тұлғасына қарай нешеге бөлінеді?

    • А) 1
    • Б) 4
    • В) 2
  3. 3. Дара етістіктерді табыңдар.

    • А) оқып отыр
    • Б) жүгірді
    • В) айтар-айтпас
  4. 4. Туынды етістікті көрсет.

    • А) пікірлесті
    • Б) сөйлесті
    • В) айтты
  5. 5. Етістік іс-әрекеттің жүзеге асу-аспауына қарай нешеге бөлінеді?

    • А) 5
    • Б) 2
    • В) 3
  6. 6. Болымсыз етістік жұрнақтарын тап.

    • А) -са, -се
    • Б) -ма, -ме
    • В) -ын, -ін
  7. 7. Болымды етістікті көрсет.

    • А) жазар
    • Б) жазбайды
    • В) жазбаған
  8. 8. Етістіктің сұрақтарын тап.

    • А) кімге? неге?
    • Б) не істеді? қайтеді?
    • В) қашан? қалай?
  9. 9. Көмекші етістікті көрсет.

    • А) оқыды
    • Б) екен
    • В) жазды
  10. 10. Күрделі етістікті тап.

    • А) әңгімелесті
    • Б) айтысты
    • В) жығылып қалды

3) Жаңа сабақ

Мысалдар (Абай өлеңдерінен)

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
«Өзгеге, көңілім, тоярсың»
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек»
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек»

Тура толықтауышты қажет ететін қимыл

Төмендегі мысалдарда қимыл, іс-әрекет тура объектіні қажет етеді (табыс септігіндегі сөз).

Термек (нені?)
ертегіні
Жазбаймын (нені?)
өлеңді
Қоярсың (нені?)
өлеңді
Жоярсың (нені?)
дертті
Шабам (нені?)
ауылды (табыс септігі жасырын түрде)
Таппай (нені?)
ойды (табыс септігі жасырын түрде)

Тура толықтауышты қажет етпейтін қимыл

Келесі мысалдарда қимыл, іс-әрекет тура объектіні қажет етпей, басқа септіктермен байланысады.

Тоярсың (неге?)
өзгеге
Табам (немен?)
ұрлықпен
Жатады (қайда?)
үйінде

4) Тапсырма: салт және сабақты етістіктерді ажыратыңдар

Берілген етістіктерді салт және сабақты болып бөліп жазыңдар:

қайт сөндір келді жазылды демалды көрісті өсірді кетірді айтысты пікірлесті әңгімелесті жарысты тара шеш сана

5) Мәтінмен жұмыс

Тапсырма

  • Мәтінді оқып, мазмұнын баяндаңдар.
  • Мәтіннен салт және сабақты етістіктерді табыңдар.

«Бақыт» (Саттар Ерубаев)

Мен бақытты көрсем деп армандайтынмын. Біздің қақпаның алдындағы үлкен қара жолмен күнде бір қайыршы шал өтетін. Шал ұзын асасын жоғары көтеріп алып: — Е, азаматтар, бақытты болыңдар! — дейтін.

Күн батар шақта шал қаракөлеңкеде үйреншікті жолымен күнде бір қалыпта кетіп бара жататын. Мен біраз қарап тұрып, қараңдап алыстап бара жатқан сыры белгісіз, жұмбақ қайыршының аузынан шыққан «бақыт» деген сөзден көңіліме елең түскендей, біртүрлі сескенетінмін. Содан соң жылдам басып үйге келетінмін.

Есікке жақындағанда белгісіз қайыршының қаракүңгірт дауысын естіп, үйге жүгіріп кіретінмін де, өзімнен-өзім «бақыт» дейтінмін. Төсекке жатқанда ұзын асалы шал көз алдымнан кетпей, даусы құлағымда тұратын. Мен сол жұмбақ бақытты көргім келетін.

6) Шығармашылық жұмыс

Тапсырма

  • М. Мақатаевтың «Бақыт» өлеңін жатқа оқу.
  • «Менің бақытты сәтім…» тақырыбында ойтолғау жазу.

Өлең

Өлеңді жазған: Мұқағали Мақатаев

Бақыт деген сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.
Бақытын да басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.

Бақыт жайлы менің мынау білгенім —
Бақыт деген бірде шаттық, бірде мұң.
Бақытты сол — тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім.

Бақыт деген әркімдерде бір арман,
Сол арманның шыққан жері құмардан.
Ал сен үшін бақыт деген дәл қазір —
Бақыт жайлы жазылмаған шығармаң.

Бақыт іздеп мал бақ, мейлің, тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең — масқара!

Бақытың мен, бақытым деп біл мені,
Мені білсең бақытыңды білгенің.
Ал мен үшін ең бақытты күндерім —
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.

7) Бекіту

Сабақты етістік

Тура толықтауышты (табыс септігін) қажет ететін етістік.

Салт етістік

Тура толықтауышты қажет етпейтін, өзге септіктермен байланысатын етістік.

8) Үй тапсырмасы

Салт және сабақты етістіктерге ақын-жазушылардың шығармаларынан мысалдар тауып, дәптерге жазып келіңдер.

9) Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы және мәтінмен жұмыс кезіндегі белсенділігі бойынша бағаланады.