Көктемде бірінші келетін құстар

Оқу іс-әрекетінің мазмұны

Бұл сабақ — қорытынды сабақ. Мақсаты — балалардың жыл бойы алған білімдерін жүйелеу, ойлау қабілетін, есте сақтау дағдыларын бекіту және оқу әрекетіне жауапкершілікпен қатысуға баулу. Сабақ барысында дыбыс, әріп, сөз, сөйлем туралы түсініктер пысықталып, сандардың құрамы мен қарапайым математикалық ұғымдар қайталанады.

Негізгі мақсаттар

  • Балалардың жыл бойы алған білімдерін пысықтау, ойлау қабілеті мен есте сақтау дағдыларын бекіту.
  • Дыбыс, әріп, сөз, сөйлем туралы түсініктерін дамыту; сандардың құрамына қатысты білімдерін қалыптастыру.
  • Құстардың тіршілігі мен пайдасы туралы мағлұмат беру.
  • Құстарды қорғауға, табиғатты сүюге және қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
  • Балалардың белсенділігін, қызығушылығын, сөздік қорын және ой-өрісін дамыту.

Тәрбиелік бағыт

Отанын, жерін, орманын және табиғатын қорғауға баулу. Уақытты тиімді пайдалануға, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға, тапқырлық пен ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Сабақ форматы

  • Түрі: қорытынды сабақ.
  • Әдісі: дәстүрлі, сұрақ-жауап, жұмбақ шешу, таратпа материалдармен жұмыс.
  • Көрнекілігі: құстар суреттері, буклет, альбом, таблица, текшелер, таратпалар, сөзжұмбақ, құстар дауысы жазылған үнтаспа.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі: психологиялық сәт

Нұр құшып алапты
Арайлап таң атты
Жарқырап күніміз
Жер-көкті оятты
Қайырлы таң, қонақтар!

2) Кіріспе сөз

Бүгінгі сабағымыз қорытынды сабақ ретінде өтеді. Сондықтан барлығымыз ұқыпты болып, жауапкершілікпен қатысайық.

Сұрақ-жауап

  • — Балалар, бізді не қоршап тұр?
    — Табиғат, Жер-ана қоршап тұр.
  • — Тірі табиғатқа нелер жатады?
    — Адамдар, жануарлар, құстар, өсімдіктер, балықтар.

Табиғат туралы өлең

Сүйейік табиғатты, аялайық,
Біз де одан жақсылықты аямайық.
Анадай табиғаттың аясында
Жадырап жас балаша дем алайық.

3) Үнтаспа: құстардың дауысын тыңдау

Үнтаспа арқылы құстардың дыбысы тыңдатылады. Осыдан кейін дыбыс пен әріп туралы ұғымдар қайталанып, тапсырмалар орындалады.

Дыбыс пен әріп бойынша тапсырмалар

  1. Дыбыстар нешеге бөлінеді?
  2. Таблицамен жұмыс.
  3. Сөз құрау: Отан, ана, сабақ, құстар. Сөйлем түрлерін қайталап, мысал келтіру.

4) Таратпа материалдармен жұмыс

A) Буынға бөлу

  • Қар-лы-ғаш
  • Ша-ға-ла
  • Қа-ра-тор-ғай
  • То-қыл-дақ

Ә) Буындарды қосу

Берілген буындарды дұрыс біріктіріп, сөз құрау.

Б) Әріптерді қосу

Әріптерден сөз жасау, сөзден сөйлем құрау.

Сергіту сәті

Қанат жаям жалма-жан,
Талпынғандай ұшуға.
Иіліп келіп қол созам,
Аяғымның ұшына.

5) Құстар туралы не білеміз?

Табиғатты құрайтын маңызды бөліктердің бірі — құстар. Адамдар ежелден-ақ құстарды жақсы көріп, оларға ерекше ықылас танытқан. Жақын, қадірлі адамды құсқа теңеу арқылы сүйіспеншілігін білдірген.

Құстар — бау-бақшаның әні де, «емшісі» де. Олар ағаштар мен жердегі зиянды құрттарды жеп, табиғатқа пайда келтіреді. Әнімен көңіл көтеріп, айналаны көркемдейді.

6) Құстардың түрлері

Негізгі топтар

  • Жыл құстары
  • Үй құстары
  • Түз құстары

Мысалдар

  • Көктемде алғаш келетін құстар: нәурізек, қарлығаш, көкек, қараторғай.
  • Қыстап қалатын құстар: қарға, көгершін, сауысқан, шымшық.

7) Мақал-мәтелдер мен өлең шумақтары

Мақал-мәтелдер

  • Аққу — құстың патшасы, тең келмейді басқасы.
  • Аққуды атпа, досыңды сатпа.
  • Қарға — қарғаның көзін шұқымас.
  • Құстың ұясын бұзба.

Өлең жолдары

Балық ілгіш шағала,
Көк теңізді жағала.

Қуаныш сыйлап көңілге,
Даланың сансыз торғайы.
Күнімен мөлдір көгімде
Әндетіп тұрса болғаны.

Құс сұлуы — аққуым,
Табиғат көркем сыйлаған.
Мылтығын кезеп еш мерген
Атуға көзі қимаған.

Әлемге мәлім елімнің
Тоқылдақ толы орманы.
Ажарын ашып елімнің
Тербеліп тұрса болғаны.

Сергіту

Қимыл-қозғалыс арқылы тынығып, келесі тапсырмаларға дайындалу.

8) Викториналық сұрақтар

Сұрақ Жауап
Тал басында бір үй бар. Ұя
Хат тасушы құс. Көгершін
Қай құста мүлде ұя болмайды? Көкек
Аң аулайтын құс. Бүркіт
Торғайдың жүрегі минутына неше рет соғады? 960 рет
Балабақша ауласына қанша ұя жасадық? 3 ұя

9) Математикадан тапсырмалар

  1. 1–10 аралығындағы сандарды тура және кері санау.
  2. Жұп және тақ сандарды атау.
  3. Бірлік пен ондықты ажырату.
  4. Геометриялық пішіндерді орналастыру.
  5. Көршісін тап.
  6. Есептер шығару.
  7. Санамақ айту.

10) Қосымша жұмыстар

Суретпен жұмыс

Құстарды танып, атау және сипаттау.

Мәтін оқыту

Оқу мәнері мен түсінігін дамыту.

Сөзжұмбақ шешу

Логикалық ойлау мен сөздік қорды кеңейту.

Қорытынды

Сабақтың қорытынды бөлімінде балалардың дыбыс пен әріп туралы білімдері, сөз құрау дағдылары, сөйлем түрлерін ажыратуы және математикалық тапсырмаларды орындауы жинақталады. Ең бастысы — құстарды қорғау, табиғатты сүю, қоршаған ортаға қамқорлық жасау сияқты құндылықтар бекітіледі.