Суда тіршілік ететіндер нелер

Судың тіршіліктегі маңызы

Су — тіршіліктің негізі. Ол табиғаттағы айналым арқылы жаңарып отырады, өзен-көлдер мен жер асты сулары түрінде жиналып, адам өмірі мен шаруашылыққа қызмет етеді. Су қорын сақтау — бүгінгі экологиялық жауапкершіліктің өзегі.

Білімділік

Судың маңызы, табиғаттағы айналымы, жер асты суларының пайдасы, Қазақстандағы ірі өзендердің географиялық орны мен шаруашылықтағы мәні туралы түсінік қалыптастыру. Суды қорғау туралы ой қозғау.

Дамытушылық

Экологиялық сөздік қорды байыту, ойды жүйелі жеткізуге дағдыландыру, сұраққа нақты жауап беру мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік

Табиғатты қорғау — ортақ мүдде екенін ұғындыру. Су ішіп, ауа жұтып отырған табиғат-ананы аялауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Карта
  • Су, сүт (тәжірибе үшін)
  • Суреттер мен бейнематериалдар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру: қызығушылықты ояту

Оқушылар көзін жұмып, дыбысты тыңдайды: судың сылдыры, тамшының үні. Осыдан кейін негізгі сұрақ қойылады: «Су дегеніміз не?»

II. Ой жинақтау: бағыттаушы сұрақтар

  • Судың қасиеттері қандай?
  • Суда не ериді, не ерімейді?
  • Судың маңызы қандай?
  • Суда тіршілік ететін ағзалар нелер?
  • Су маңында тіршілік ететіндер нелер?

III. Жаңа тақырып: өзен-көл және жер асты сулары

Жер шарының үлкен бөлігін су алып жатыр. Қазақстанда 85 мыңға жуық өзен бар. Солардың ішінде Ертіс, Тобыл, Есіл, Шу, Іле, Сырдария, Жайық секілді ірі өзендердің ұзындығы мың километрге жуықтайды.

Картамен жұмыс: Есіл өзені

Есіл өзені Орталық Қазақстандағы Нияз тауларынан басталып, Ресей аумағында Ертіс өзеніне құяды. Бейнематериал арқылы өзеннің табиғаты мен маңызы талданады.

Негізгі ұғымдар

Өзен
Өзі салған арнамен ағатын су ағыны.
Көл
Жер бетіндегі суға толған табиғи ойыс.
Теңіз, мұхит
Үлкен су айдындары; өзен-көлдермен бірге табиғи суқоймалар жүйесін құрайды.

Өзен құрылымы: қысқа сызба

Бастау — өзен басталатын орын. Ол бұлақтан, батпақтан, көлден немесе таудағы мұздықтан басталуы мүмкін.

Ағыс — өзен суының қозғалысы. Өзен еңіске қарай ағады.

Сала — негізгі өзенге келіп қосылатын ұсақ өзендер мен бұлақтар.

Саға — өзеннің көлге, теңізге немесе басқа өзенге құятын жері.

Жер асты суы қалай пайда болады?

Адамдар өзен-көлдермен қатар жер асты суын да пайдаланады. Жер асты суы — жер қойнауындағы бос қуыстар мен жарықтарда жиналатын су.

Ол жаңбыр суының және еріген қар мен көл суларының жерге сіңуінен пайда болады. Су құмды, шағылды және тасты қабаттардан оңай өтеді де, төменде жатқан су өткізбейтін қабатқа (көбіне саз бен гранит) тіреліп, сол жерде жиналады.

Су молайғанда, еңіс жақтан жер бетіне шығатын жол іздейді. Жол тапса — бұлақ болып ағып шығады. Ал жер бетіне өздігінен шыға алмаса, адамдар құдық қазады (құдық тереңдігі 2 м, 4 м, 8 м және одан да терең болуы мүмкін).

Артезиан құдығы

Егер су қабаты тереңде жатса, бұрғылау арқылы жерге тесік жасалып, құбыр түсіріледі. Қысым әсерінен су құбыр бойымен жоғары көтеріліп, сыртқа шығады. Мұндай құдық артезиан құдығы деп аталады.

Сергіту сәті: «Дұрыс — отыр, бұрыс — тұр»

Суды жейміз — бұрыс (тұр)

Суды ішеміз — дұрыс (отыр)

Сумен жуынамыз — дұрыс (отыр)

Су қатпайды — бұрыс (тұр)

Су — сұйық зат — дұрыс (отыр)

Өзен-көлдерді не үшін пайдаланамыз?

  • Егістік пен бау-бақшаны суару
  • Мал суару
  • Ауыз су қоры ретінде пайдалану
  • Тұрмыстық қажет және өндіріс

Қорытынды: минералды сулар және олардың пайдасы

Жер асты суларының бір түрі — минералды сулар. Олардың шипалық, емдік қасиеті болады. Қазақстандағы белгілі орындар: Құлагер-Арасан, Сарыағаш, Асу, Тассай және басқа да көздер.

Табиғи суқоймалар

Өзен, көл, теңіз, мұхит — табиғаттағы негізгі су айдындары.

Су неге ластанады?

Негізгі себептер: тұрмыстық қалдықтар, өндірістік ағынды сулар, егістіктен шайылған тыңайтқыштар мен химикаттар, өзен-көл жағасын бейберекет пайдалану. Суреттер арқылы ластаушы факторларды анықтап, талдау жасау ұсынылады.

Ойтолғау: «Сусыз тіршілік жоқ»

Су жүргізер тіршіліктің тамырын, Су жоқ болса, тірлік тамам, бауырым. Судың біздер біле тұра маңызын, Көп болған соң ұмытамыз қадірін.

Үй тапсырмасы

  • Өз өңіріңізден шығатын минералды су туралы ақпарат жинау.
  • Оқулықтағы 43–45-беттерді оқып, мазмұндау.