Тал егіп жатқан балалар
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Наурыз мерекесі туралы түсінігін кеңейту. Қазақтың ұлттық тағамдары, ойындары және киімдері жайлы білімін толықтыру.
Дамытушылық
Грамматикалық тұлғаларды дұрыс қолданып, жүйелі сөйлеуге баулу.
Тәрбиелік
Отанға сүйіспеншілікті арттырып, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Наурыз мерекесіне арналған суреттер.
Жаңа сөздер
- Наурыз
- уыз
- ұршық
- алтыбақан
Оқу іс-әрекетінің барысы
1) Шаттық шеңбері
Көктем, көктем, көктемде,
Құстар келіп жеткенде.
Қуанып бір қаламыз,
Әнмен қарсы аламыз.
Көктем туралы сұрақтар
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем мезгілі неше айдан тұрады?
- Көктем мезгілінде қандай өзгерістер болады?
- Наурыз айында қандай ұлттық мерекені тойлаймыз?
2) Кіріспе бөлім
Наурыз мерекесі туралы әңгіме
Наурызда күн мен түн теңеледі. Байырғы қазақ күнтізбесі бойынша наурыздың алғашқы күні жаңа жылдың басы саналып, «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған.
«Татулық» сөзіне мағынасы жуық сөздер
Мысалы: татулық, ауызбіршілік, достық, сүйіспеншілік.
3) Негізгі бөлім
Суреттер бойынша әңгіме
- Тал егіп жатқан балалар.
- Құстың ұясын ағашқа іліп жатқан балалар.
- Гүл егіп жатқан қыздар.
- Ағаш түбін қопсытып жатқан балалар.
Сөздік жұмысы
- Көшет
- Көшіріп егу мақсатымен өсірілген жас өсімдік (шыбық, көкөніс екпелері).
- Раушангүл
- Әдемі, ашық түсті алқызыл гүл.
Өлең жаттау
Ә. Табылдының «Наурыз той» өлеңін жаттату.
Салт-дәстүр туралы мәлімет
Қазақ халқы — қонақжай, зерделі, ойшыл, сабырлы, төзімді, жомарт, елгезек, кеңпейіл әрі кішіпейіл халық. «Ата салтың — халықтық қалпың» деген нақылға сүйене отырып, салт-дәстүрімізді ұмытпай, құрметтеуге тиіспіз.
Қазақтың рухани өмірінде қарттарды құрметтеу, үлкенді сыйлау, балаларға жанашыр болу, жастарға қамқорлық ету, ата-ананы ардақтау, әйелдерді аялау ізгі дәстүрге айналған.
Көне дәстүрлерден мысалдар
Шілдехана, тұсаукесер, ашамай және т.б.
Сергіту сәті
Көтеріліп шаңырақ,
Уықтары шаншылар.
Керегелер керіліп,
Өрімдей боп өрілер.
Бәріміз жүрсек айналып,
Киіз үй боп көрінер.
«Сен білесің бе?» дидактикалық ойыны
Шарты
Қоржын ішінен «кереге», «уық», «шаңырақ», «түндік» деп жазылған парақтарды алып, әр сөздің мағынасын түсіндіру. Мұғалім «кереге» сөзін оқып, суретін тақтаға іледі. Балалардың жауаптары тыңдалып, толықтырылады.
- Кереге
- Киіз үйдің ағаштан жасалған жиналмалы торкөзді сүйегі (қаңқасы).
- Уық
- Кереге мен шаңырақты жалғап тұратын сырық, киіз үй сүйектерінің бірі.
- Шаңырақ
- Уықтарды біріктіріп, киіз үйдің еңсесін көтеріп тұратын дөңгелек шеңбер.
- Түндік
- Шаңырақты жауып тұратын, жаңбыр мен күн өткізбейтін төрт бұрышты шағын киіз.
Наурыз көже туралы түсінік
Дәптердегі сурет арқылы Наурыз көженің қалай дайындалатынын әңгімелеу, оның береке мен молшылықтың нышаны екеніне тоқталу.
4) Қорытынды бөлім
Мақалдың мағынасын ашу
«Бір тал кессең, он тал ек.»
Табиғатты қорғау, ағаш отырғызу арқылы жақсылықты көбейту және келешекке жауапкершілікпен қарау идеясын түсіндіру.
Пысықтау (сұрақ-жауап)
Сабақта алған білімді сұрақ-жауап әдісі арқылы бекіту.
Бата
Балаларға бата айтқызып, игі тілекпен сабақты аяқтау.