Желтоқсан құрбандарының суреттері

Сыныбы: 5

Тақырыбы

Желтоқсан — азаттықтың хабаршысы

Түрі

Ашық тәрбие сағаты

Әдістері

  • Көрініс
  • Сұрақ–жауап
  • Мәнерлеп оқу
  • Әңгімелеу

Тәрбие сағатының мақсаты

  • 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын оқушыларға таныстыру.
  • Оқиғаның неден басталып, не себепті қанды қақтығысқа ұласқанын ашып көрсету.
  • Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті арттырып, отаншылдыққа, елжандылыққа және мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта, компьютер
  • Кітап көрмесі
  • Желтоқсан құрбандарының фотосуреттері

Өту барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты сабаққа дайындау, қонақтарды қарсы алу, тәрбие сағатының тақырыбы мен мақсатын таныстыру.

II. Мұғалімнің кіріспе сөзі

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай өтетін ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Тәрбие сағатымызды бастамас бұрын баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз.

Бүгінгі кездесу — тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақ жастарының өшпес ерлігіне тағзым. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан трагедиясы қазақ халқын ғана емес, сол кезеңдегі бүкіл Кеңес кеңістігінің санасын тоталитарлық ұйқыдан оятқан тарихи оқиға болды.

1986 жылдың 16 желтоқсанында қазақ жастары алаңға не үшін шықты, қандай талап қойды, қандай мақсат көздеді? Бұл сұрақтардың жауабын бәріміз білеміз: әділеттілік, теңдік және елдік намыс. Сол күндері алаңға шыққандардың көбі — 16–20 жас аралығындағы студент жастар еді.

Біз Желтоқсан құрбандарына бас иіп, тағзым етеміз. Оларды еске алу — азаматтық парызымыз.

Көріністер мен мәтіндер

Көрініс: «Егемендік деген не?»

(Сахнаға ақырын басып қарт кісі — ата шығады. Орындыққа отырып демалады. Осы кезде немересі жүгіріп келеді.)

Немересі

Ата, не ойлап отырсыз?

Атасы

Ә, балам, атаң не ойлайды дейсің? Сенің болашағыңды, еліміздің ертеңін, өткен өмірімізді ойлаймын.

Немересі

Ата, өткен өмір деген не?

Атасы

Өткен өмір — ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы, тарихымыз. Өз тарихыңды білу — сенің парызың.

Болмаса да оқыған тарихшы атам,
Жинадым ескілерден тарих хатын.
Мақсатым — кейінгі ұрпақ ұмытпаса,
Айтылған аталардың аманатын.

Ән

«Қазақстаным» (орындайтын: Жұманов Дамир)

Желтоқсанның ызғары және шындық үні

Атасы 1986 жылдың желтоқсанына ой жүгіртеді. Немересі: «Ол жылы не болды?» деп сұрайды.

Ақбота (оқылым)

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары —
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт намысы үшін шыққан сол күн алаңға
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.

Ел билеуге әкелді Колбинді,
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.
Егемендік — елімнің елдігі,
Егемендік — барлық ұлттың теңдігі.

Желтоқсаным — тәуелсіздік тірегі,
Жүректерде сақталуы керек үнемі.

Желтоқсан құрбандары: Ербол, Ләззат, Сәбира

Ербол Сыпатаев

1986 жылғы 19 желтоқсанда ауруханаға бас сүйегі мен миынан ауыр жарақат алған Энергетика институтының 2-курс студенті Ербол Сыпатаев жеткізіледі. Ол 23 желтоқсанда есін жимастан қайтыс болады. Ербол — жалғыз ұл еді.

Ләззат Асанова

Ләззаттың тағдыры — сол кезеңдегі ар-намысты аяққа басқан зорлықтың символы. «Еліңнің намысы үшін құрбан еттің жаныңды» деген сөздер оның ерлігін айқындайды.

Еліңнің сен намысы үшін
Құрбан еттің жаныңды.
Мазақ етіп қорлай алмас
Ешкім сенің арыңды.

Сәбира Мұхамеджанова

Сәбира Мұхамеджанова небәрі 16 жаста еді. Дүрбелеңге үн қосқаны үшін жазықсыз қудаланып, училищеден шығарылғаннан кейін ауыр қорлыққа төзе алмай, жатақхананың 5-қабатынан құлап қаза тапты.

Көрініс: Алаңдағы үн

(Ортаға дабырлай басып бір топ жастар шығады.)

Жастардың сөзі (хор)

Естідіңдер ме? Бұл не масқара?
Неге халықпен санаспайды?
Қашанғы шыдаймыз?
Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған?
Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?

Демократияны бұғаудан босатыңдар! Әр халыққа өз көсемі керек.
Колбин деген кім, қайдан келген? Сыртымыздан қашанғы билейді?

Қақтығыс

Осы сәтте милиция мен солдаттар қоршап, күш қолданатынын ескертеді. Алаңда сойыл, айқай, жантүршігерлік көрініс басталады. Тарихта «Құйын-86» деген атпен қалған қатыгез шабуыл көптеген жастың тағдырын талқандады.

Темір құрсау біздерді бүргені шын,
Ақ-қараңды тексерер түрме деген —
Концлагерь болды ғой біздер үшін.

Өлең: «Желтоқсан» (оқылым)

Алтыныңды айырбастап қолаға,
Отаныңды айналдырса молаға.
Өз тіліңді босағаға лақтырып,
Өз еліңде күн кешуге бола ма?!

Сол кешегі желтоқсанның аспанын,
Дүр сілкінтті жалын жұтқан жастарым.
Үнсіз қалса, намыс өлер еді ғой,
Намыс өлсе, керегі не басқаның.

Көрініс: Қайраттың тұтқындалуы

(Үй іші. Дастархан басында Қайрат, ата-анасы және бауырлары отыр. Есік қағылып, бірнеше милиция кіріп келеді.)

Милиция

Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азамат осы үйде тұра ма? Оны тұтқындаймыз. Прокурордың санкциясы бар.

Анасы

Ойбай-ау, бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді?

Түсіндірме

Қайратты «төбелеске қатысты» деген желеумен алып кетеді. Анасы көз жасын тыя алмай қалады.

Өлең: «Желтоқсан жыры» (Көбен Асқарұлы)

Мың-мың жылдан кейін дағы ақынды
Тебірентетін — ұлт дауысы, ақырғы.
Жас ұрпақтар ту ғып ұстап, ұрандап,
Ән ғып шырқап, зұлымдыққа атылды.

Желтоқсанның алаңында жекпе-жек,
Жауыздықпен белдескенде бетпе-бет —
Бүкіл әлем батыр қазақ ұл-қызын
Күрескерлік символы етіп кетті.

Көрініс: Түрмедегі жауап

Өлең: «Түрме жыры» (оқылым)

Тор темір жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша,
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік.
Күніне ұстатады үш тілім нан —
Өлмейтін саған ішер осы несіп.

Тергеу диалогы (үзінді)

Тергеуші: Сен Савицкийді көрдің бе?

Қайрат: Егер ол көшеге бармасам, оны қайдан көремін? Бұл — жала. Беттестіріңіз.

Тергеуші: Мойныңа ала салсаң, жазаң жеңілдейді.

Қайрат: Жазықсыз нәрсені мойындай алмаймын. Адам түгіл, тышқан да өлтіріп көргенім жоқ.

Тергеу қысымы, қорқыту және ар-намысты сатып алуға итермелеу — сол дәуірдің қатігез шындығы ретінде көрсетіледі.

Оқылым (үзінді)

Мен қазақпын — қорықпан өлімнен де,
Табан асты — ол туған жерім менің.
Қайрат атты атым бар, жиырма бірде жасым бар,
Еркек тоқты құрбандық, «атам» десең — атыңдар!

Көрініс: Сот барысы (үзінді)

(Сот залында куәгерлердің біржақты айғақтары тыңдалып, Қайратқа ауыр айып тағылады.)

Куәгерлер

«Көрдім», «бейнетаспа бар» деген секілді сөздер айтылады. Оқиға барысы әділетсіз айыптаудың көрінісі ретінде беріледі.

Қайраттың сөзі (үзінді)

Мен ұлтшыл да, кінәлі де емеспін.
Әкетай-ау, пайғамбардай жасың бар,
Қартайғанда жүрегіңді қаралап,
Кесір болды-ау біз секілді масылдар...

Ән

«Желтоқсан желі» (орындайтын: Әлішер, Айнұр, Арсылан)

Көрініс: Соңғы хат (үзінді)

Хат мазмұны (негізгі ой)

Қайрат 1986 жылы 18 желтоқсанда алаңға баруын жасырмай айтады: мақсат — шындықты өз көзімен көру және қыздарға жасалған зорлыққа араша түсу. «Мен адам өлтірген жоқпын» деп, ар-намысының алдында ақталады.

Ол өз әрекетін ер азаматтық жауапкершілікпен түсіндіреді: әлсізге қорған болу — парыз.

Ақтық сөз (оқылым)

Елбең-елбең жүгірген,
Күнәдан таза басым бар.
Жиырма бірде жасым бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алатаудай бабалар —
Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық —
Алам десең алыңдар.

Көрініс: Алаң. Құлпытас жанында

Жігіттің монологы

Алматыға жолым түссе, міндетті түрде Республика алаңына соғамын. Алаңға кіре бергенде жүрегім шымырлап, қасіретті де қасиетті Желтоқсан оқиғасы есіме түседі.

Қыздың монологы

Қайрат! Сен мені естисің бе? Есін жиған халқымыз сені ақтады. Осы сөзді бұл алаңда қайта-қайта айтқым келеді.

М. Шаханов (оқылым)

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың...

Ана Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қояды. Оқушылар да гүл қойып, бір минут үнсіздік жарияланады.

Ән

«Он алтыншы желтоқсан» (орындайтын: Ақмарал және Аружан)

Қайрат рухының монологы (оқылым)

Көкбөрінің сіңіріндей сірімін,
Сол үшін де ажалсызбын, тірімін.
Шындық үшін құрбандыққа шалынып,
Шырылдаған құлындардың бірімін.

Өз тіліңде өмір сүріп, сонан соң —
Не жетеді өз тіліңде өлгенге.
Тәуелсіздік — Қазақ үшін ғажап құт,
Бабалардың арманы — Азаттық!

Ән

«Егемен Қазақстан» (орындайтын: Ақмарал)

Қорытынды сұхбат: Егемендік ұғымы

Немересі

Ата, егемендік деген не?

Атасы

Егемендік — «иесі мен» деген сөз.
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған ел —
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күні бар ел.
Егемендік — ел болудың белгісі.

Рәміздер

Енді көк байрағымыз желбіреп, айбынды Әнұранымыз шырқалып, жарқыраған Елтаңбамыз төрімізде тұр.

Тәрбие өзегі

Тәуелсіздіктің қадірін түсіну — тарихты білу, құрбандарды ұмытпау, елге адал қызмет ету.

Өсиет

Ұмытпаңдар, айналайын ұрпақтарым: бірлік бар елдің туы еңкеймейді.

Би

Қазақ биі (орындайтын: Айнұр, Гауһар, Гүлхан, Фариза, Ақмарал, Айым)

Аяқталуы

Тәрбие сағаты Қазақстан Республикасының Әнұранымен аяқталады.