Шайнаңдайды сағыз, Сүттің емі нағыз
Мақсаты
Балаларды үй жануарларымен, олардың төлдерімен және тіршілігімен таныстыру. Әңгіме құрастыруға, сұрақтарға жауап беруге дағдыландыру. Жануарлардың қалай дыбыстайтынын айтқызып, тілін дамыту. Жануарларды күтіп-бағуға, қамқорлық жасауға тәрбиелеу.
Қостілділік компонент
- сиыр — корова
- ешкі — коза
- қой — баран
- түйе — верблюд
- жылқы — лошадь
Таңғы көңіл күй және сәлемдесу
Өлең жолдары
Шуақ шашқан алтын таңда, Мөлдір, таза ауада Табиғатта бәрі оянды, Оян сен де, бар бала.
Сұрақ-жауапқа бағыт
Сұрақ: Таңертең көзімізді ашып, терезеге қарасақ, алдымен нені көреміз?
Жауап: Әрине, күнді. Ол нұрын шашып тұрады.
Күн жарқырап тұрса, өзіміз де қуанып, көңіл-күйіміз көтеріледі.
Еске салу: «Сәлем — сөздің анасы». Сондықтан әр сөздің мағынасына мән берген дұрыс. Балалар, келген қонақтармен сәлемдесейік.
Ұл-қыз сәлем береміз, Өнегелі өренбіз. Білер қазақ баласы: Сәлем — сөздің анасы. Сәлеметсіздер ме, қонақтар?! Күндей жадырап, Айдай арайлап, Жұлдыздай жарқырап, Судай мөлдір, таза көңілмен Бүгінгі күнімізді бастайық.
Бүгінгі тақырып: үй жануарлары
Бүгінгі ұйымдастырылған оқу әрекетінде (ҰОӘ) үй жануарлары, олардың төлдері және қалай дыбыстайтыны туралы танысамыз.
Бүгін ата мен әженің ауылына қонаққа барамыз. Ауылға жету үшін жаяу жүріп, жолдағы кедергілерден өтуіміз керек: судан аяқ су қылмай секіреміз, бұралаң жолмен жүреміз, тасты жерден абайлап өтеміз.
Қазақ халқының тұрмысындағы төрт түлік
Қазақ халқының негізгі тіршілігінің бірі — мал шаруашылығы. Ата-бабамыз малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін зерттеп, ерекше мән берген. Төрт түлік — мінсе көлігі, ішсе сусыны, жесе тамағы, кисе киімі болған.
Еркелету сөздері
Сендерді аналарың мен ата-әжелерің қалай еркелетеді? Көбіне балаларды еркелеткенде төрт түліктің сүйкімді төлдерінің атын қолданады.
Талқылау: Қандай үй жануарларын білесіңдер? Неліктен оларды «үй жануарлары» дейді?
Жауап: Өйткені олар адамдардың көмегімен үйде өсіріледі, күтіп-бағылады.
Жол үстіндегі танысу: бес түлік
Жол жүре отырып, алдарымыздан үй жануарлары кездеседі. Әрқайсысын жұмбақ арқылы танып көрейік.
Түйе — верблюд
Кезікті бір жануар, Үстінде екі тауы бар.
Түйе бірнеше күн аштыққа шыдайды. Сол себепті басқа жануарлар жемейтін тікен мен шөпті де жей береді. Арқасына май жинайды, оны өркеш дейді. Түйенің пайдасы мол: сүті — шұбат, терісі мен жүні де адам қажетіне жарайды.
Жылқы — лошадь
Шайнаңдайды сағыз, Сүттің емі нағыз.
Жылқы — ең жүйрік жануарлардың бірі. Оны арба мен шанаға жегеді, мінеді. Сүтінен қымыз ашытады. Етінен жал, жая, қазы, қарта, шұжық әзірленеді.
Сиыр — корова
Өзі күшті, мүйізі мықты, Төрт бұлағы — сүт, баға білсең құт.
Сиыр сүт береді. Сүттен қаймақ, май, ірімшік сияқты тағамдар жасалады.
Қой — баран
Кішкентай ғана бойы бар, Айналдырып киген тоны бар.
Қойдың еті дәмді. Терісін илеп, өңдеп жылы сырт киім — тон, сондай-ақ аяқ киім де тігеді. Жүнінен киіз басады, киім, қолғап, мата тоқиды.
Ешкі — коза
Төлі егіз, өзі семіз, Айтшы, қане, қай түлік дейміз?
Ешкінің сүті емді. Етін де тағам ретінде пайдаланамыз.
Дидактикалық ойын: «Төлін тап»
Шарты
Әр малдың төлін тауып, қасына дұрыс орналастырыңдар.