Екілік жүйенің сандары
Кіріспе
Бүгінгі таңда қоғамның қарқынды дамуы, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері және еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарында танылуы білім беру жүйесіне де тікелей ықпал етуде. ХХІ ғасыр ақпараттық қоғам ретінде қалыптасқан сәттен бастап, елімізде білім беру жүйесін ақпараттандыру ісі жүйелі түрде қолға алынды.
Заман талабы оқу үдерісіне компьютерлік технологияларды енгізуді және оларды кең көлемде қолдануды қажет етеді. Оқытуға арналған бағдарламалық құралдарды (электрондық оқулықтар және т.б.) тиімді пайдалану пән мұғалімінен тәжірибе, үздіксіз ізденіс және әдістемелік шеберлік талап етеді.
Негізгі ұстаным
«Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз»: бүгінгі бала — ертеңгі азамат. Сондықтан мектеп пен мұғалімнің басты міндеті — рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды тұлға қалыптастыру.
Әр мұғалімнің ізгі мұраты — өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланың ішкі «менін» ашу, сол мүмкіндікті шығармашылық тұлғаға бағыттау. Шығармашылық ізденімпаздықтан туады: оқушының өзіне сенімін қалыптастыру, өз бойынан қабілет іздей білуіне жағдай жасау, ойлануға итермелеу — осы үдерістің өзегі. Бұл жұмыс мектептен басталады: мұғалімнің басшылығымен орындалған әр шығармашылық тапсырма оқушының ішкі мүмкіндіктерін ашады.
Информатика сабақтарында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту арқылы оқу тиімділігін арттыру — қазіргі педагогиканың маңызды мәселелерінің бірі. Өз тәжірибемде мақсатым — оқушыларды рухани бай, жан-жақты, түсінігі мол, өзін-өзі басқаруға бейім, бір-бірінің пікірін тыңдап, бағалай алатын тұлға ретінде қалыптастыру.
Оқу үдерісін ұйымдастыру: қазіргі құрылым және негізгі түйін
Танымдық қызығушылықты арттыру үшін оқу үдерісі ерекше түрде ұйымдастырылуы қажет. Қазіргі кезде көптеген сабақ немесе сабақтар жүйесі жиі мынадай үлгімен құрылады:
- Мұғалім мақсатты анықтайды, бірақ бағалаудың өлшемдерін толық түсіндірмей қалуы мүмкін.
- Оқу мәселелері қойылған мақсаттардың элементі ретінде қарастырылады.
- Мақсатқа жету құралдары мен әдістерін мұғалім өзі таңдайды, бірнеше нұсқа ұсынады.
- Жаңа тапсырманы меңгеріп, қорытындылау үшін оқушылар мұғалім ұсынған жаттығуларды өз бетінше орындайды.
- Мұғалім орындалған жұмыстарды бағалап, білім деңгейін тексереді; бұл цикл қайталанып отырады.
Қорытынды
Қазіргі білім беру жүйесі көбіне білімді жинақтауға (дағды, шеберлік) бағытталады. Ал заңды нәтиже — қажет болған жағдайда алған білімін қолдана алатын тұлға қалыптастыру.
Бүгінгі оқыту үдерісінде оқушыларға тым көп мәлімет беру барған сайын қиындап, кейде мүмкін емеске айналуда. Сондықтан оқушының танымдық қабілетін дамытып, қызығушылығын арттыру, оқуға және жаңа тақырыпқа ынтасын көтеру — шешуші міндет.
Оқушы дайын білімді жаттап алуға бағытталған селқос тыңдаушы емес, керісінше, өзіне қажетті білімді сұрап, кітапхана мен интернет арқылы іздеп, қажет жағдайда қолдануға ұмтылатын белсенді тұлға болуы тиіс. Мысалы, жаңа білімді бекіту үшін оқушы жеке, сыныптастарымен немесе топпен жұмыс істей отырып, тек есте сақтауды ғана емес, көру, тыңдау, қайталау сияқты есте сақтаудың өзге түрлерін де іске қосады.
Жаңа материалды меңгерудің үш тірек элементі
1) Мақсатты түсіну
Оқушы тақырыптан не күтетінін және не үшін оқитынын нақты біледі.
2) Мақсатты жүзеге асыру
Қосымша материалдар, тәжірибе, мысалдар арқылы білім кеңейеді.
3) Нәтижені бақылау
Білім нәтижесі тексеріліп, бағаланады; оқушы өзін-өзі бағалауға үйренеді.
Тәжірибеде көбіне екінші элемент — қосымша материалмен толықтыру — көбірек қолданылады, өйткені оны кез келген мұғалім енгізе алады. Алайда мақсат қою мен нәтижені бағалау элементтері толық іске аспаса, оқушының өз қызметін бақылауы, бағалауы және оқу нәтижесінің тиімділігін түсінуі әлсірейді. Мұндай жағдайда оқу үдерісіне қызығушылықтың тұрақты артуы екіталай.
Үш элементтің де нәтижелі жүзеге асуы үшін пәннің ішкі логикасын, ойдың қалыптасу тарихын, сондай-ақ информатика (немесе кез келген пән) жалпы білім жүйесінің бір бөлігі екенін оқушының түсінуі маңызды. Информатика терминдерін ұғыну барысында логикалық ойлау белсенділеніп, пәнге қызығушылық артады.
Информатикадағы қызығушылық: компьютер факторын дұрыс бағыттау
Мектеп оқушыларының информатика пәніне деген ішкі қызығушылығы әдетте жоғары. Ең алғашқы ынта көбіне компьютердің өзінен басталады: ол баланың қиялын оятып, жаңа мүмкіндіктерге қадам жасатады, «досы» әрі «көмекшісіне» айналады. Компьютер арқылы оқушы дамиды, әлеммен байланыс орнатады.
Дегенмен уақыт өте келе компьютер тұрмыстық құралға айналып, қызығушылықтың алғашқы күшті әсері бәсеңдеуі мүмкін. Оқушы компьютерде көп отырған сайын, оқу мақсатындағы қызығушылық төмендеуі ықтимал. Сондықтан сабақта компьютерге деген қызығушылықты тұрақты сақтайтын әдістерді іздеу маңызды.
Танымдық қызығушылықты арттырудың әдістері
I. Оқушы көзқарасын өмірмен байланыстыру
Бұл тәсілде оқушыларға таныс, өмірден алынған шынайы мысалдар арқылы жаңа материалдың маңыздылығы көрсетіледі. Мақсат — «бұл білім өмірде қайда керек?» деген сұраққа нақты жауап беру.
Мысал: «Монитор» ұғымы (7-сынып)
Дисплей — компьютер экранына ақпарат шығаруға арналған құрылғы. Сыртқы пішіні түрлі-түсті теледидарға ұқсас болғандықтан, оны жиі монитор деп атайды. Дисплейді адамға ақпарат жеткізетін компьютердің «тілі» ретінде қарастыруға болады.
Одан әрі оқушыларға интернетті пайдаланып мониторды қандай фирмалар шығаратынын, оны қайдан алуға болатынын, қандай сипаттамалары маңызды екенін іздету — жаңа тақырыптың практикалық негізіне айналады.
Бұл әдіс тек қызығушылық тудырумен шектелмейді: оқушы тәжірибелік іс-әрекет арқылы білімнің қолданбалы маңызын нақты көреді.
II. Проблемалық жағдай тудыру (жұмбақтау)
Проблемалық жағдай арқылы жаңа материалды меңгерту кең тараған тәсіл. Ол оқушылардың дағдысын, іс-әрекетін, білімін қалыптастыра отырып, мәселе шешу ойлауын дамытады. Дегенмен проблемалық жағдай әрдайым қызығушылықты тұрақты қанағаттандырмауы мүмкін. Ал жұмбақтау тәсілі арқылы сабақ тақырыбын ашу — көбіне өте нәтижелі.
III. Рөлдік және іскерлік ойындар
Бұл жағдайда оқушылар топ құрамында негізгі немесе қосалқы рөлдерде әрекет етеді. Мысалы, «алгоритмнің жасанды орындаушысы» рөлі оқушыны шарттарды дұрыс тұжырымдап, оларды нақты орындауға үйретеді.
Іскерлік ойында әр оқушының рөлі анық болуы қажет. Дайындау мен ұйымдастыру жан-жақты, тыңғылықты жоспарлауды талап етеді, бірақ соның есесіне оқушылардың материалды терең меңгеруіне жағдай жасайды. Ойын оқу процесін табиғи түрде «жасырып», қызығушылықты күшейтеді.
Іскерлік ойындар экономикалық бағыттағы есептерге де қолайлы, осылайша кіріктірілген сабақ өткізуге болады (мысалы, «Ақпараттық есептеуіш технологиялар + Экономика»: банк, банкомат, факс, таксофон және т.б.).
IV. Стандартты емес (логикалық) есептерді шешу
Математикалық логика тақырыбын оқыту барысында логикалық есептерді қолдану — өте тиімді. Бұл тәсіл ойлау қабілетін дамытып, танымдық белсенділікті арттырады.
1-есеп
Кез келген үш таңбалы сан жаз. Оған өзіндей үш таңбалы санды тіркеп жаз. Шыққан алты таңбалы санды өзіндей алты таңбалы санға қос. Нәтижені 2002-ге бөл. Бөліндіні бақыла: қандай сан шығады?
Мысалы: 365 → 365365 + 365365 = 730730; 730730 ÷ 2002 = 365. Нәтиже бастапқы санға тең.
2-есеп
- а) Бір сызық қосу арқылы теңдікті дұрыс қыл: 181 = 1.
- ә) Бір санды қозғау арқылы теңдікті дұрыс қыл: 102 − 1 = 101.
3-есеп: «Жүз торғай»
Мектеп ауласында бір топ торғай отыр. Басқа жақтан бір торғай ұшып келіп, отырғандарын «100 торғай» деп ойлайды. Бірақ олар жүз емес екен: осы топқа тағы сондай сан, тағы оның жартысы, сол жартысының жартысы және келген торғайдың өзін қосқанда ғана 100 болады. Аулада неше торғай отырған?
Шешуі: ауладағы торғай санын x десек, x + x + 0.5x + 0.25x + 1 = 100 → x = 36.
4-есеп: «Әке мен бала»
Баласы әкесіне: «Әке, маған жұмбақ үйретші», — дейді. Әкесі: «Сенің жасыңды үш есе көбейтсе менің жасым шығады. Ал менің жасымнан сенің жасыңды алып тастаса 20 қалады. Мен нешедемін, сен нешедесің?» — дейді.
Шешуі: бала — x, әке — 3x. 3x − x = 20 → x = 10, әкесі 30. Жауабы: бала 10 жаста, әке 30 жаста.
V. Ойындар мен танымдық сайыстар
Ойынның сабақтағы басты мақсаты — білім беруді ойын әрекетімен ұштастыру. Оқушының ойынға белсенді қатысуы ұжымдағы өзге әрекеттеріне де ықпал етеді, себебі ойын — ұжымдық әрекет.
Ойын арқылы оқушы:
- Қисынды ойлау қабілетін дамытады;
- Өздігінен жұмыс істеуге үйренеді;
- Сөздік қоры байып, тілдік дағдысы дамиды;
- Зейіні қалыптасады, байқампаздығы артады;
- Өзара сыйластыққа, тәртіп сақтауға дағдыланады;
- Сенім, достық, ынтымақтастық құндылықтарын нығайтады;
- Сабаққа қызығушылығы артады.
12 жылдық білім беру стандарты жобасында ойын технологиясына айрықша мән берілгені атап көрсетіледі: пәндік және пәнаралық дидактикалық, сюжеттік-рөлдік ойындар білім алушыға өзін танытуға, жолдастарының пікірімен санасуға, көпшілік алдында сөйлеуге, коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға мүмкіндік береді.
Мысал: «Керекті сөзді тауып айт»
Мақсаты — қажетті сөздерді дұрыс табуға жаттықтыру және зейінді қалыптастыру. Мұғалім тақырыпқа қатысты жалпылама сөзді айтады, оқушылар қажетті сөздерді атайды немесе жазады.
Мысалы, «сабаққа бару алгоритмі»: ояну, жуыну, жаттығу жасау, ас ішу, киіну, сабаққа бару. Оқушылар орындау ретін әртүрлі құрастыруы мүмкін. Талдау барысында оқушы өз ретін айтып, мұғалім оның дұрыстығын дәлелдетеді: бұл тәсіл өз ойын жеткізу мен басқаны тыңдау дағдыларын қатар дамытады.
Қорытынды сабақтарда оқушылардың назарын соңына дейін сақтау қиын болған жағдайда, танымдық сайыстар өте тиімді: «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Миллион кімге бұйырады», «Ғажайыптар алаңы», «Білім биржасы», «Қарлы кесек» және т.б.
1-мысал: «Сенсең де, сенбесең де»
- Microsoft фирмасының негізін қалаушы әрі басшысы Билл Гейтстің жоғары білімі болмаған. (иә)
- Алғашқы дербес компьютерлерде қатты магнитті диск қолданылмаған. (иә)
- Екі файлдың мазмұнын біріктірсек, жаңа файлдың көлемі алдыңғы екеуінен кіші болады. (иә)
- Англияда Винчестер, Адаптер, Монитор деген қалалар бар. (жоқ)
2-мысал: «Тапқыр достар» білім сайысы (7–11 сынып)
Мақсаты: информатикаға қызығушылықты арттыру, білім деңгейін көтеру, сөйлеу мәдениеті мен есте сақтау қабілетін дамыту, шапшаңдық пен тапқырлыққа баулу.
Кезеңдері (6):
- Өзім туралы
- Кім жылдам?
- Қисынды ойлай білейік!
- Сен маған, мен саған
- Компьютермен жұмыс
- Капитандар сайысы
VI. Сөзжұмбақтар, ребустар және шығармашылық тапсырмалар
Қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдындағы басты міндет — оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру. Баланың өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып өсуі үшін сабақта жаңа технология элементтерін тиімді қолдану — әр ұстаздың кәсіби борышы.
Әдебиеттер
- Садықов Т. С., Әбілқасымова А. Е. Қазіргі заманғы сабақ. Оқу процесін ұйымдастыру. Алматы, 2004. 218 б.
- Ойын технологиясының ерекшеліктері. Интернет дереккөздері.
- Мұхамбетжанова С. Т. Мектеп информатикасын оқыту әдістемесі (7–11 сынып материалдары негізінде). Алматы, 2006.
- Рахманбердиева Д. С. Информатика және ақпараттық технология (7–8 сынып). Алматы, 2007.