Оқушыларға мәтінді негізге ала отырып Желтоқсан оқиғасының тарихын, маңызын түсіндіру
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
- Пәні
- Әдебиеттік оқу
- Тақырыбы
- К. Табей — «Ол ақын болар ма еді?»
- Сабақ әдістері
- Сұрақ-жауап, түсіндіру (БЖС технологиясы элементтері)
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Мәтін мазмұны негізінде Желтоқсан оқиғасының тарихын және маңызын түсіндіру. Көтеріліске қатысқан күрескер жас Қайрат Рысқұлбековтың ерлігін, адамгершілік қасиеттерін үлгі ету.
2) Дамытушылық
Оқушыларды байланыстырып, жүйелі әрі мәнді сөйлеуге дағдыландыру. Шығармашылық қабілетін дамыту, өз бетімен жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыру.
3) Тәрбиелік
Елі үшін құрбан болған батырлардың ерлігін дәріптеу, туған жерге сүйіспеншілікті арттыру және патриоттық тәрбие беру.
Сабақтың құрылымы
- I Ұйымдастыру кезеңі: психологиялық дайындық.
- II Үй тапсырмасын ООМ арқылы тексеру. Көшбасшыға сөз беру. Оқушылардың субъективті тәжірибесін өзектендіру.
- III Жаңа сабақ: Желтоқсан оқиғасы және Қайрат Рысқұлбеков. К. Табейдің «Ол ақын болар ма еді?» мәтінімен танысу.
- IV Түсінуді тексеру: сұрақ-жауап, қарсы сұрақ қою, сыни «ия/жоқ» тапсырмалары.
- V Қорытынды және бағалау: ТСҚ (тақырыптық сөздік қор) арқылы жазба жұмыс, нормалар бойынша бағалау.
Үй жұмысын тексеру (сұрақ-жауап)
- Мәтін кім туралы? Рақымжан туралы.
- Жеңіс туы тігілген уақыт? 1945 жыл, 30 сәуір, кешкі уақыт, 6:30.
- ҰОС-та неміс фашистеріне қарсы шыққан қандай батырларды білеміз? Н. Әбдіров, Б. Момышұлы, Р. Қошқарбаев.
- Бұл батырлар не үшін күресті? Елді жаудан қорғау, тәуелсіздік үшін.
- Бүгін біз қандай елміз? Тәуелсіз елміз, тәуелсіз мемлекетпіз.
- Тәуелсіздік туралы не білеміз? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы — тәуелсіздікке бастау болған тарихи кезең.
Жаңа сабақ: Желтоқсан және ерлік тағылымы
Бүгінгі бейбіт күннің жарығын бізге өз жанын аямай қорғаған, сол қуанышты сәттің куәсі бола алмаған ағаларымыз бен апаларымыздың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Осы сабақта Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы, Коммунар Табейдің «Ол ақын болар ма еді?» мәтіні арқылы ой қозғаймыз.
Автор туралы
Коммунар Табей 1956 жылы 5 мамырда Семей облысы, Аягөз ауданы, Шолпан кеңшарында дүниеге келген. Заңгер мамандығын тәмамдаған.
Қайрат Рысқұлбеков туралы
Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшы әулетінде туған. 1973–1981 жылдары Шу ауданындағы Төле би ауылында орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, комсомол ұйымының хатшысы болған.
Тарихи контекст
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның басшылығына сырттан тағайындау жасалуына бейбіт түрде наразылық білдірген жастар мен студенттер Орталық алаңға шығып, шеруге қатысты. Бұл оқиға ұлт намысын оятқан, тәуелсіздікке апарған күрестің маңызды белесі ретінде бағаланады.
Тірек сөздермен жұмыс
Оқушыға ұсынылатын тірек сөздер (есте сақтау, дәптерге жазу, өзара тексеру):
Есте сақтау нормасы: 7 сөз — 30 секунд. Одан кейін дәптер алмасу арқылы тексеру және ООМ бойынша бағалау.
Мәтінді түсіну және тексеру
Оқуды ұйымдастыру
Оқушылар оқулықтағы бір бет мәтінді 4 минут ішінде оқиды. Мұғалім кейін мазмұн бойынша сұрақ-жауап болатынын алдын ала ескертеді. (3–4 сыныптар үшін: 1 бет — 4 минут.)
Түсінуді біріншілік тексеру (қарсы сұрақтар)
1. «Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді?» деген сөз кімге қатысты айтылған?
Жауап: Қайрат Рысқұлбеков туралы.
2. Қайрат отбасының нешінші баласы?
Жауап: Жетінші баланың үшіншісі.
3. Әскерден оралған соң Қайрат қайда оқуға баруды жоспарлады?
Жауап: Өнер оқу орындарының біріне бармақ болды.
4. Қайраттың әкесі мен анасының аты кім?
Жауап: Әкесі — Ноғайбай, анасы — Дәметкен.
5. Ата-анасы нені еске алды?
Жауап: «Балалықпен айтқан сөзі шығар, қайдан білейік…» деген ойға келгенін еске алды.
6. «Ол ақын болар ма еді?» деген ой қандай өлең жолдарына сүйенеді?
Жауап: «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар…» жолдарына.
7. Бұл жолдар Қайраттың қандай көңіл күйін білдіреді?
Жауап: Пешенесіне жазылған қысқа ғұмырды сезінуін, өмірге құштарлығын, соңғы үмітін аңғартады.
8. Қайрат абақтыдағы күнделігіне не деп жазған?
Жауап: «Арман қудың ба — алдыңа қара, артына алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе; көзді жұм да қойып кет, белді шеш те кешіп өт…»
9. Абақтыда жатқанда Қайрат нешеде болды?
Жауап: 21 жаста.
10. Өсиет қалдыруының себебі неде?
Жауап: Қысқа ғұмырында көрген-білгені көңіліне түйін болып, кейінгілерге ой қалдырғысы келген.
11. Қайрат Рысқұлбеков қазақ халқына қандай есіммен қалды?
Жауап: Ұлттық батыр ретінде ел жадында мәңгі қалды.
12. Желтоқсан оқиғасының құрбандары болған қандай жастарды білеміз?
Жауап: Сабира, Ләззат, Ербол.
13. Қазақстан тәуелсіздігін қашан алды?
Жауап: 1991 жылы 16 желтоқсанда.
14. Тәуелсіздікке бастау болған оқиға қай жылы өтті?
Жауап: 1986 жылы 16 желтоқсанда.
15. Мәтіннің авторы кім?
Жауап: Коммунар Табей.
16. Тәуелсіздік алған шақтағы бір өкініш қандай?
Жауап: Азаттық үшін күрескен боздақтардың бүгінгі бақытты күнді көре алмауы.
17. «Ер есімі — ел есінде» дегенді қалай түсінесің?
Жауап: Ел үшін істелген ерлік халық жадында мәңгі сақталады.
18. Қайрат Рысқұлбеков қашан және қайда дүниеге келген?
Жауап: 1966 жыл, 13 наурыз; Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы.
19. Қайратқа қандай айып тағылды?
Жауап: Савицкийді өлтірді деген жалған айып тағылғаны айтылады.
20. «Пешене» сөзінің мағынасы қандай?
Жауап: Жазмыш, тағдыр.
21. Л. Асанова, Е. Сыпатаев, С. Мұхамбетжанқызы кімдер?
Жауап: Желтоқсан оқиғасының құрбандары.
22. Мәтінде ел басынан өткен қандай кезең сөз болады?
Жауап: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Бекіту: «Ия/Жоқ» сыни сұрақтар
Тапсырма: тұжырым дұрыс болса «Ия», дұрыс болмаса «Жоқ» деп жауап беру (ОМ бойынша белгі қою).
- 1) «Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді?» сөзі Ләззат Асановаға арналып айтылған.
- 2) Қайрат отбасының жетінші баласының үшіншісі болған.
- 3) Қайрат әскерден оралған соң дәрігерлік оқуға бармақ болды.
- 4) Қайраттың әкесі — Ноғайбай, анасы — Дәметкен.
- 5) Ата-анасы оның кей сөздерін «балалықпен айтқан шығар» деп еске алған.
- 6) «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар…» жолдары Қайраттың өмірге құштарлығын және қысқа ғұмырын сезінуін білдіреді.
- 7) Қайрат күнделігінде «…жүрексінбе… белді шеш те кешіп өт…» деп жазған.
- 8) Абақтыда жатқанда Қайрат 20 жаста болды.
- 9) Қазақстан тәуелсіздігін 1986 жылы алды.
- 10) Тәуелсіздікке бастау болған оқиға 1986 жылы желтоқсанда өтті.
- 11) Мәтіннің авторы — Коммунар Табей.
- 12) Л. Асанова, Е. Сыпатаев, С. Мұхамбетжанқызы — Желтоқсан оқиғасының құрбандары.
- 13) Мәтінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты кезең баяндалады.
Бағалау және тақырыптық сөздік қор (ТСҚ)
ТСҚ тапсырмасы
Оқушылар мәтіннің мазмұнын түсінгенін көрсету үшін қысқаша жазба жұмыс орындайды. Тексеру нәтижесі бойынша сыныптың меңгеру деңгейі анықталады.
Норма және ұпай
- 4–5 белгі — 5 ұпай
- 3 белгі — 4 ұпай
- 2 белгі — 3 ұпай
- 1 белгі — 2 ұпай
Сапа нормативі: оқушылардың кемінде 63% нәтижеге жетуі тиіс.
Үй тапсырмасы
Нәтижесі 4 белгіден төмен болған оқушыларға қосымша үй тапсырмасы беріледі.
Қорытынды
Сабақ қорытындысында оқушылар Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын, оның тәуелсіздікке бастау болғанын, сондай-ақ Желтоқсан құрбандарының есімі ел жадында сақталатынын түсінеді. Қайрат Рысқұлбековтың ерлігі — жас ұрпаққа отансүйгіштіктің биік үлгісі.