Жаның аман болсын, қызым

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мектеп
№3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі
Сынып
8-сынып
Пән
Өзін-өзі тану
Сабақ №
29
Тақырып
Ана тілі – жүрек үні
Құндылық
Сүйіспеншілік
Қасиеттер
Мейірімділік, сүйіспеншілік, ізгілік, сыйластық
Мұғалім
Г. С. Сүліменова

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға ананың қоғамдағы, өмірдегі және ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы түсінік беріп, анаға және ана тіліне риясыз сүйіспеншілікпен қараудың мәнін ұғындыру.

Міндеттері

  • Әлемдегі барлық жақсылық пен игі істердің қайнар көзі — ана махаббаты екенін түсіндіру.
  • Балалардың жүрегінде анаға деген сүйіспеншілік пен кешірімділік сезімдерін дамыту.
  • Адамзат алдындағы үлкен парыз — ананы сүюге, кішіпейілділікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу. «Өзін-өзі тану» сабағының 5-Т ережесін еске түсіру.

2) Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Баяу әуен қосылып, оқушылар зейінін тыныштыққа, ішкі жылулыққа бағыттайды.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Ж. Дәулетбектің «Ана — өмір тірегі» әңгімесі бойынша талқылау.

Сұрақтар

  • «Ана — өмір тірегі» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Ананың қоғамдағы және отбасындағы орны туралы не айтар едіңдер?
  • «Жер — ана», «Тіл — ана», «Табиғат — ана» ұғымдарында қандай үйлесім бар?

4) Дәйексөзбен жұмыс

«Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды...»
Н. Назарбаев

Талқылауға сұрақтар

  • Неліктен ана махаббаты бәрінен биік деп ойлайсыңдар?
  • «Ана алдындағы парыз» ұғымын қалай түсінесіңдер?

5) Әңгімелеу (мұғалімнің сыйы): «Ана махаббаты»

Үйдің ең әдемі жері — үстіңгі қабаттағы бөлменің терезе тұсы еді. Сол жерден бүкіл көше мен қаланы қоршаған таулар анық көрінетін. Ана күн сайын кешке қарай балаларын да, күні бойы жұмыста жүретін жарын да сол терезе маңында қарсы алатын. Алыстан олардың қарасы көрінгеннен-ақ қуанышпен амандасатын.

Ана ұзақ жылдан бері науқастанып, жүре алмай қалған еді. Аяқтары сал болып, қозғалысы шектеулі болса да, балаларының үстінен көзі түспейтін: киімінен кішкентай дақ байқаса немесе аяқ киімінен балшық ізі көрсе, бірден алаңдап, қамқорлық танытатын.

Балаларының қасында болып, бірге серуендегендерін, тыңдаған әуендерін, мектептегі жағдайларын айтып бергенін естігенде, ана қуанышқа бөленетін. Әсіресе олар өрісте жайылған сиырларды немесе аяқ астынан алдарынан шыққан қоянды көргендерін қызыға баяндаса, ана өзін ерекше бақытты сезінетін.

Бір күні әкесі: «Келесі жексенбіде бір қалашыққа барамыз. Таңға жуық пойызбен шығып, кешке қайтамыз», — деді. Балалар қуаныштан қол шапалақтап, өзен жағасында демалуды, не алатындарын ойластыра бастады: сөмке, құты, доп, гамак және басқа да заттар...

Ал ана бір күн бойы үйде жалғыз қалатынын ойлап, көңілі құлазыды. Терезе жанында отырып кітап оқыса да, уақыт өтпейтіндей көрінді. «Шіркін, балаларымның бірі жанымда қалса ғой», — деп ойлады. Бірақ ештеңе демеді: балаларының көңіл күйін бұзуға хақы жоқ еді.

Түстен кейін анасының қасында кіші ұлы отырып, кітап оқып берді. Анасы оның қате оқыған сөздерін түзетіп, көмектесті. Бір мезетте ұлы кітабын жауып, анасының кеудесіне басын қойып: «Анашым, жексенбі күні сенің қасыңда қалғым келеді. Бірақ мұны ешкімге айтпай-ақ қояйықшы», — деді. Анасы оны бауырына қысып: «Жарайды, ұлым. Сенің шешіміңе ризамын. Жексенбі күні ішім пыспайтын болды», — деді.

Ертеңіне кіші қызы ас үйде жүріп, байқаусызда табақты түсіріп, сындырып алды. Қатты қобалжыған қызын көрген ана: «Жаның аман болсын, қызым. Шкафта басқа да табақтар бар», — деп күлімсіреді. Қызы қуанып, мектепке шығарда: «Анашым, мен де жексенбі күні үйде қаламын. Бірге болайықшы. Бірақ ешкімге айтпайық», — деді.

Кешке ана бөлмесінде тігін тігіп отырғанда, үлкен ұлы кірді. Ұялып, әрі-бері жүрді. Анасы: «Балам, бір жағдай болды ма?» — деп сұрағанда, ол: «Мен ойыншық ұшақ жасап едім. Жексенбі күні үйде қалып, соны бітірсем бола ма? Басқалары бара берсін. Мен сенің қасыңда қалғым келеді. Бірақ әкеме де, бауырларыма да айтпайықшы», — деді.

Осындай мейірімді, түсінігі мол балалары бар ана толқып, көз жасына ерік берді. Кейін әкесі бұл жағдайды естігенде: «Жексенбіде басқаша демалайық. Фабрика иесімен сөйлесіп, жолға бір машина аламын. Төрт орын бар: үлкен ұлым жүргізушінің қасына отырса, бәріміз сыямыз», — деді.

Ана қуанышпен келісім берді. Сол жексенбі олар үшін шын мәнінде ұмытылмас күнге айналды: бұл демалысты жылдар бойы естерінен шығармады.

Талқылау сұрақтары

  • Ана өз махаббатын қалай білдірді?
  • Риясыз жақсылықтың өмірдегі мәні қандай?
  • Неліктен ізгі істер жақсылықтан басталуы керек?

6) Шығармашылық жұмыс

Оқушылар 3 топқа бөлініп жұмыс жасайды:

1-топ

Тіл туралы мақал-мәтелдер жинау

2-топ

Тіл туралы өлең шығару

3-топ

Эссе жазу

7) Топпен ән айту: «Айналайын»

Авторы: Е. Хасанғалиев

Өзің едің тірегім де,
Жыр боп тұндың жүрегімде.
Мені сендей түсінетін,
Кім бар екен бұл өмірде.

Қайырмасы:

Жарқын құшақ жайған анайым,
Ниетіңе сай болайын.
Мені сүйген жүрегіңнің,
Лүпілінен айналайын.

Саған мәңгі борыштармын,
Көңіліме қоныстандың.
Азаматтың ажарына,
Мақтау айтсам намыстандың.

Қайырмасы:

Әнің әнге жалғассын деп,
Келеді арман алға сүйреп.
Менің кемем өрге жүзсе,
Сен қуандың алғашқы рет.

Қайырмасы:

8) Үй тапсырмасы

Ә. Нарымбетовтың «Менің ана тілім» өлеңін оқу.

9) Соңғы тыныштық сәті

Әрқайсымыз оң қолымызды жүрегімізге қойып көрейік. Өз жүрегіміздің жылуын сезініп, сол жылуды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық.

Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рақмет! Көздеріңізді ашуға болады.

Баяу әуен