Қандай кілтті сұрап тұрсыз

Мерекелік ертеңгілік сценарийі

Жаңа жылға арналған мерекелік ертеңгілік әсем безендірілген залда өтеді. Балалар қол ұстасып, көңілді әуенмен залға кіреді.

Жүргізушінің құттықтауы

Жаңа жыл бірлік-береке берсін елімізге,
Береке-ырыс келсін жерімізге.
Ұлу жылын кең пейілмен қарсы алайық,
Қуаныш шашу шашсын төрімізге!

Армысыздар, құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз. Бүгінгі кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер. Кешімізді көтеріңкі көңіл күймен бастайық.

Ән «Ертегілер әлемі»

Ертегіге саяхат

Жаңа жыл — ең қызықты, қуанышты әрі ерекше мереке. Себебі бұл күні жер шарын Ертегі аралайды: әр елдің шыршасына қонақ болып, шаттық сыйлайды. Бүгін біз де Ертегімен бірге саяхат жасап, жер жүзінің Жаңа жылын бірге қарсы аламыз.

Жүргізуші (өлең)

Келіңдер, жас ұландар, ертегімді тыңдаңдар,
Ертегімде сан қилы қызық-қызық сырлар бар.
Жаңа жылдың кешінде аңдар келіп бір шешімге,
Жиналыпты келісімге.

Сонымен, балалар, Жаңа жылға арналған ертегіні көріңдер,
Шын бағасын беріңдер.

Мерекелік музыка ойнайды.

Қоянның шығуы

Шыршаның артынан қоян секіріп шығады.

Ау, жарандар, ал қараңдар,
Жауып тұр қар себелеп.
Көкке толды, жерге қонды
Сансыз аппақ көбелек.

Аюмен кездесу

Қоян билеп жүргенде оның алдынан аю шығады. Қоян сасқалақтап қалады.

Қоян: Амансыз ба, аю паң!

Аю: Жаңа жылдың алдында жылды қарсы алайық. Тойды еске алдым да — би билеп, ән салайық. Ұйқымды ашып, сергідім. Жаңа жылдың тойында ұйықтамаймын мен бүгін! Жан салайық ойынға!

Екеуі қол ұстасып билейді.

Түлкінің келуі

Түлкі: Қоянжанға бір сәлем! Аю паңға мың сәлем!

Аю, қоян: Аман ба, түлкі? Кел мұнда!

Түлкі: Достарым, жыл келеді, сыйлығын да ол береді. Жұмбақ шешкіш түлкінің өнерін жұрт көреді. Тауып өз сыңарымды, тайсалмай биге түсіп, тарқатам құмарымды.

Аю, қоян: Рахмет, түлкіжан! Жүрген жерің күлкілі ән!

Үшеуі бірге билейді.

Тиіннің әні

Тиін: Тра-ля-ляй! Тра-ля-ляй! Өнершіл аңдар-ай! Өңкей паңдар, тыңдаңдар: Жаңа жылға әнім бар. Қол ұстасып, биге басып, жыл әніне салыңдар! Бәріңізге бір сәлем.

Бәрі: Сәлем, тиін! Жақсы-ақ биің!

Бәрі қосылып билейді.

Қасқырдың қосылуы

Қасқыр: Армысыңдар! Бармысыңдар, ағайын! Кәне, құшақ ашайық, достық тойын жасайық!

Бәрі: Жаңа жыл құтты болсын! Достығымыз мықты болсын!

Би «Шоқ қыздар»

Барлығы: «Жаңа жылдарыңызбен!»

Жұмбақ және Аяз атаны шақыру

Жүргізуші

Жарайсыңдар, балалар! Енді сендерге жұмбақ жасырайын — шеше аласыңдар ма?

Балалар: Иә.

Ақсақалды шал жылына
Бір-ақ рет келіп кетеді.
Қызы мен ұлына
Сыйлық алып келеді.

Жауабы: Аяз ата.

Ендеше, жаңа жылдық мерекемізге Аяз атаны шақырайық. Мүмкін, орманда жүріп адасып қалған шығар.

Балалар: Аяз ата! Аяз ата!

Мыстан кемпірдің араласуы

Аяз атаның орнына залға мыстан кемпір ұшып кіреді. Шыршаны бір айналып өтіп, қонақтардың алдына келіп тоқтайды.

Мыстан: Пай-пай! Мен қайда келдім өзі? Мына шыршаның кереметін-ай! Үйге алып кетсем бе екен?

Мыстан шыршаның түбінен ұстап, жұлып алмақ болады.

Жүргізуші: Мыстан кемпір! Біз Жаңа жыл мейрамын тойлап жатырмыз. Тимеңіз біздің шыршамызға!

Мыстан: Туу! Мына шыршаның тамыры қандай терең еді — жұлынбайды ғой!

Ол шыршадағы жылтыраған кілтті байқайды: «Бұл әлгі сандықтың кілті шығар…» деп, кілтті алып кетеді.

Мыстан кетіп бара жатқанда, қалтасынан бір зат түсіп қалады.

Ән «Ақ таяғын таянып…»

Аяз ата мен Ақшақардың келуі

Есіктің сыртынан дауыстар естіліп, залға Аяз ата мен Ақшақар кіреді. Аяз ата Ақшақарды қолынан жетелейді, ал ол кіргісі келмейді.

Ақшақар: Ата, жіберіңізші мені! Кірмеймін мұнда, үйге кетемін.

Аяз ата: Айналайыным-ау, не болды саған? Ауырып қалған жоқсың ба?

Ақшақар: Жоқ, ауырған жоқпын. Ешқайда барғым келмейді, үйге қайтамын.

Аяз ата: Қызым-ау, не айтып тұрсың? Қарашы, біз тойға келдік! Кәне, балалармен амандасайық.

Аяулы аналарға, ардақты ұл-қыздарға, бүлдіршін балаларға бір сәлем!

Аяз ата: Рахмет, рахмет, балаларым! Қызым, қонақтардан ұят болады, басыңды көтер.

Аяз ата шыршаның әдемі безендірілгенін айтып, шамын жағуды ұсынады.

Ақшақар: Мен шырша шамын жағатын сиқырлы таяғымды жоғалтып алдым!

Аяз ата: Қазір мен өз таяғыммен жағып жіберейін.

Ақшақар: Қойыңыз, ата! Бұл таяқпен бүкіл шыршаны қатырып тастайсыз.

Жүргізуші: Ақшақар, сиқырлы таяғың қандай еді?

Ақшақар: Жылтырауық, жүрек пішіндес еді. Көрмедіңіздер ме?

Жүргізуші: Жаңа ғана мыстан келіп еді. Ұшып бара жатып, қалтасынан жылтыраған бір зат түсіріп алды. Сол болуы мүмкін. Кәне, аңдар, іздеп көріңдер!

Тиін сиқырлы таяқты тауып әкеледі.

Аяз ата: Жарайсың, балапаным!

Ән «Шырша жыры»

Балалар қайырмасын айтып тұрған сәтте, Аяз ата Ақшақарды қасына шақырып, шырша шамын жаққызады.

Ойындар мен тақпақтар

Ойын

Ақшақар ойыны «Кім көп қар түйіршігін жинайды?»
Қозғалыс ойыны «Кім тез пиманы киеді?»

Балалардың тақпақтары

1. Жыл әнін бастайын, Аяз ата кеп қалды. Майысады жас қайың, көтере алмай көп қарды.

2. Жаңа жылды қарсы алдың, мініп алып күймеге. Мен де бүгін ән салдым, араластым биге де.

3. Ақ қырауға малынған сақалы да, мұрты да. Аяз ата сағынған, сәлем берді жұртына.

4. Аппақ тонға оранып, базарлықты мол алып, келді алыс сапардан Аяз ата оралып.

5. Бақша іші мереке, ойын-күлкі, асқақ ән. Жақсы әпкелер жаңа кеп, мерекені бастаған.

6. Оралдың өлкеме, Жаңа жыл, армысың. Оранды ақ көрпеге асқар тау, қарлы шың.

7. Безендіріп шыршаны, жыл қуантты баршаны. Той-маскарад басталды, Аяз оны басқарды.

8. Қалып едік сағынып, шыршаларға шам іліп. Күтіп алдық жабылып, жолын қойдық жарық қып.

0–4 сынып оқушылары орындайды.

Ән

Орындайтын 3 «Б» сынып оқушылары

«Нақ-нақ»

Сыйлық сандығы және мыстанның шарты

Жүргізуші: Аяз ата, балаларға сыйлық әкелдіңіз бе?

Аяз ата: Әрине! Барлық сыйлық мына сандықтың ішінде. Ақшақар, сандықтың кілті қайда?

Жүргізуші: Бағана шыршада ілулі тұрған кілтті мыстан алып кетті. Тіпті шыршамызды да әкеткісі келген.

Аяз ата: Қап, әттеген-ай! Кәне, Ақшақар екеуміз оны іздеп келейік.

Осы сәтте залға мыстан кемпір кіріп келеді. Сандықты ашпақ болғанда, белгісіз бір күш оны артқа қарай итереді.

Аяз ата: Мына ұры мұнда екен ғой! Кәне, кілтті бер. Балалар сыйлығын күтіп қалды.

Мыстан: Сыйлық маған да керек!

Аяз ата: Онда өзіңнен көр! Қатырып тастайын!

Аяз ата таяғымен мыстанды қатырып қояды. Мыстан жалбарынады.

Мыстан: Аяз ата, кетпеңіз! Кілтті беремін. Тек балалар менің шартымды орындасын: жұмбақтарымды шешсін.

Жұмбақтар

Қыста ғана болады,
Терезеге қонады.
Ұстасаң қолың тоңады,
Әсем ою ояды.

Тікен, тікен тік пісте,
Қысы-жазы бір түсте.

Жауаптар

1-жұмбақ: Қар / қырау.

2-жұмбақ: Шырша.

Мыстан: «Жарайсыңдар, балалар! Жұмбақты жақсы шешеді екенсіңдер», — деп кілтті қайтарып береді.

Қорытынды және қоштасу

Аяз ата: Жарайсыңдар, балаларым! Бүгін мені қуанттыңдар. Барлығың да ақылды, білімді, өнерлі екенсіңдер. Киімдерің де қандай әдемі! Сыйлығымызға риза болыңдар.

Енді біз жолға шығайық. Басқа да балалардың өнерін тамашалайық. Өсе беріңдер, өркендей беріңдер! Аспандарың ашық болсын! Қош болыңдар!

Балалар: Сау болыңыздар!

Жүргізушінің жабылу сөзі

Құрметті қонақтар, балалар! Жаңа жылға арналған мерекеміз де аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рахмет. Жаңа жыл құтты болсын, отбасыларыңызға тек бақыт пен қуаныш әкелсін!

Солтүстік Қазақстан облысы, қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі — Байлина Арай Елубайқызы.