Қызым - қызым бізге көмекке келші

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Білім беру саласы

Қатынас

Оқу іс-әрекет түрі

Көркем әдебиет

Тақырыбы

«Ертегілер еліндегі Шалқан» (орыс халық ертегісі)

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Балаларға көркем туындының мазмұнын түсіндіріп, мәтінін мәнерлеп қабылдауға және түсінуге бағыттау.

Білімділік

  • Еңбек сүйгіштікке баулу.
  • Мақал-мәтелдер жаттату, жұмбақ шешкізу.
  • Ертегі кейіпкерлерін сахналау.
  • Ертегі мазмұнын меңгерту.

Дамытушылық

  • Сахналау арқылы тіл байлығын дамыту.
  • Ойлау, зейін және сөздік қорын жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Достыққа, кішіпейілдікке тәрбиелеу.
  • Ұқыптылық пен әдемілікке баулу.
  • Еңбекқорлыққа үйрету.

Көрнекіліктер

«Шалқан» ертегісіне арналған макеттер: шалқан, ата, әже, қыз, ит, мысық, тышқан.

Сабақ барысы

«Жүрек жылуы» шеңбері

Күніміз жарық болсын,

Аспанымыз ашық болсын.

Деніміз сау болсын,

Елімізде тыныштық болсын.

Әңгімелесу: мезгілдер мен қыс ерекшелігі

Тәрбиеші: Балалар, бір жылда неше мезгіл бар?

Балалар: 4 мезгіл (көктем, жаз, күз, қыс).

Тәрбиеші: Қазір қандай мезгіл?

Балалар: Қыс мезгілі.

Тәрбиеші: Қыс мезгілінде неше ай бар?

Балалар: 3 ай (желтоқсан, қаңтар, ақпан).

Тәрбиеші: Қыс мезгілінде қандай ерекшеліктер болады?

Балалар: Күн суық, аяз болады. Бас киім, қолғап киеміз, аяғымызға етік киеміз.

Тәрбиеші: Балалар, сендер қандай ертегілерді білесіңдер?

Балалар: «Қызыл телпек», «Маша мен аю», «Мақта қыз бен мысық».

Тәрбиеші: Өте жақсы. Бүгін біз орыс халқының «Шалқан» ертегісін мұқият тыңдаймыз. Дайынсыңдар ма?

Балалар: Иә, апай, тыңдаймыз.

Ертегі: «Шалқан»

Ерте, ерте, ертеде ата мен әже тату-тәтті өмір сүріпті. Үй шаруасына ұқыпты болып, үй алдындағы бақшаға шалқан отырғызыпты. Уақыт өтіп, күзде өнім жинаған кезде, бақшадағы шалқанның өте үлкен болып өскенін көреді.

Ата: Ой, бәрекелді! Менің шалқаным қандай үлкен болып өсіпті. Бәрімізге жететін болды!

Ата шалқанды тартады, тартады — бірақ жұла алмайды. Содан көмекке әжені шақырады.

Ата: Әже, бері келші! Шалқанымыз өте үлкен болып өсіпті. Жалғыз өзім жұла алмай тұрмын, көмектесші.

Әже: Расымен де үлкен екен. Кәне, бірге тартайық.

Әже атаның артынан ұстап, бірге тартады. Бірақ шалқан орнынан қозғалмайды. Сонда әже немере қызын шақырады.

Әже: Қызым, бізге көмектесші! Атаң екеуміз шалқанды жұла алмай жатырмыз.

Қыз: Жарайды, әже, көмектесейін.

Қыз келіп, үшеуі рет-ретімен тартады. Әлі де күштері жетпейді. Енді қыз итін шақырады.

Қыз: Ақтөс, келші! Біз шалқанды жұла алмай жатырмыз, көмектес.

Ит: Аф-аф! Көмек керек болса, келдім.

Ит қыздың етегінен, қыз әжеден, әже атадан ұстап, бәрі бірге тартады. Бірақ шалқан шықпайды. Енді ит мысықты шақырады.

Ит: Мысық, көмектес! Біз шалқанды жұла алмай жатырмыз.

Мысық: Мяу-мяу, көмектесейін.

Мысық иттің құйрығынан, ит қыздан, қыз әжеден, әже атадан ұстап, барлығы әрі-бері жұлқиды. Бірақ шалқан әлі шықпайды. Сонда мысық тышқанды шақырады.

Мысық: Тышқан, бізге көмектесші!

Тышқан: Әрине, көмектесемін.

Тышқан келіп, мысықтың құйрығынан ұстайды. Мысық иттен, ит қыздан, қыз әжеден, әже атадан ұстайды. Бәрі жабылып тартады да, ақыры шалқанды жұлып алады!

Талқылау: ертегіден қандай ой түйдік?

Тәрбиеші: Балалар, тышқан бәрінен де мықты болды ма?

Балалар: Иә, апай. Тышқан қосылған соң шалқан шықты.

Тәрбиеші: Бұл ертегі бізге бірліктің күшін көрсетеді: кішкентайдың көмегі де маңызды.

Танымдық бөлік: кеміргіш туралы

Тышқан кеміргіштер тобына жатады. Олардың тістері өте өткір болады: ағашты да кеміре алады, ін қазып, өздеріне баспана жасап алады.

Жұмбақтар

Тікірейіп құлағы,
Менен бұрын тұрады.
Бойын жазып керіліп,
Бетін-қолын жуады.

Жауабы: мысық

Жылт-жылт еткен,
Жыралардан өткен.

Жауабы: су

Қонақтармен кездесу

Тәрбиеші: Балалар, есігімізді біреу қағып тұрған сияқты. Қане, тыңдайық.

Ата мен әже: Ой, балаларым, амансыңдар ма, шырақтарым?

Балалар: Сәлеметсіздер ме, ата мен әже!

Тәрбиеші: Қош келдіңіздер! Отырыңыздар. Бақшаны суарып шаршап келген боларсыздар.

Тәрбиеші: Біздің балабақша балалары еңбекқор. Жазда гүл егіп, су құйып, ауламызды әдемілейміз.

Балалар: Иә, ата, біз гүл егіп, суарып, айналамызды көркейтеміз.

Ата: Шынымен де еңбекқор балалар екенсіңдер.

Ата: Кім маған «Шалқан» ертегісін айтып береді?

Балалар: Апай, мен айтамын!

Айым ертегіні атаға айтып береді.

Сергіту сәті (саусақ жаттығуы)

Бас бармағым — атам менің,
Балан үйрек — әжем менің,
Ортан терек — әкем менің,
Шылдыр шүмек — анам менің,
Кішкентай бөбек — бұл мен.

Сахналау

Балалар рөлдерге бөлініп, «Шалқан» ертегісін сахналайды.

Шал

Анэль

Әже

Айым

Қыз

Дамира

Ит

Мейрлан

Мысық

Дильназ

Тышқан

Аяулым

Еңбек туралы мақал-мәтелдер

  • Еңбек етсең — емерсің.
  • Ерінбесең — жеңерсің.
  • Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.

Пеш түбінде мысық отыр,
Екі көзін қысып отыр.
Тышқан етін жегісі келіп,
Оның тісі қышып отыр.

Қорытынды сұрақ-жауап

Тәрбиеші: Бүгін қандай ертегімен таныстық?

Балалар: «Шалқан» ертегісімен.

Тәрбиеші: Ертегі кейіпкерлерін бақшадағы шалқанның қасына ретімен орналастырып көрейік.

Балалар кейіпкерлерді дұрыс ретпен орналастырады: ата → әже → қыз → ит → мысық → тышқан.

Тәрбиеші: Шалқанды еккен кезде ол қандай болды?

Балалар: Кішкентай болды.

Тәрбиеші: Шалқан қалай өсті?

Балалар: Күтім арқылы, күннің жылуы арқылы.

Тәрбиеші: Шалқанды кім екті?

Балалар: Ата.

Тәрбиеші: Шалқан қандай болып өсті?

Балалар: Үлкен болып өсті.

Тәрбиеші: Шалқанды жұлуға кімдер көмектесті?

Балалар: Ата, әже, қыз, ит, мысық, тышқан.

Тәрбиеші: Кеміргіштерге не жатады?

Балалар: Тышқан.

Тәрбиеші: Шалқанның түсі қандай?

Балалар: Сары.

Тәрбиеші: Оның пішіні қандай?

Балалар: Дөңгелек.

Қорытынды

Бәріміз де еңбекқор болып өсейік. Атамыздың бақшасындай берекелі бау-бақша болсын деп, балалар «Бау-бақша» әнін орындайды. Осылайша «Ертегілер еліндегі “Шалқан”» ашық сабағы аяқталды.

Сау болыңыздар!