Балаларды күз байлығымен таныстыру

Тәрбие шарасының сценарийі

Күз – мереке, күз – береке

Бұл материал мектепке дейінгі шағын орталыққа арналған. Мақсаты — балалардың күз туралы білімін кеңейту, күздің байлығымен таныстыру, еңбек адамдарының еңбегін қадірлеуге тәрбиелеу.

Мақсаты

  • Күз туралы түсінікті кеңейту.
  • Күз байлығын (жеміс-жидек, көкөніс, астық) таныту.
  • Еңбекке, нанға құрмет сезімін қалыптастыру.

Көрнекіліктер

Күзгі бақ көрінісі, сарғайған жапырақтар, құстар бейнелері, жемістер мен көкөністер.

Қатысушылар

Жүргізуші, балалар, ата-аналар, ұстаздар, сондай-ақ «Күз» кейіпкері.

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Сіздер шағын орталық тобы дайындаған «Күз – мереке, күз – береке» атты тәрбие шарасын тамашалауға келдіңіздер. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын!

Жомарт көңіл, жарқын күз — сары алтынға малынған. Жетті, міне, алтын күз — сары алтыннан бұрын да. Сары пүліш көйлегі, алтын күзді шынында ару дейсің бейнелі. Келістіріп бар сәнін берген — сөзі табиғат. Алтын күзді, ал қане, қарсы алайық, жамағат!

Күз

Толтырып дәнге қырманды, бастадым қырда думанды. Мәуесін терген бағбанның жанарында нұр жанды.

Қадірлімін халқыма — баламас бекер алтынға. Өн бойым толған ырыс-құт, көңілім жомарт салтымда.

Астық, жеміс, алмаға толып қойма, қамбалар. Байлығымен ұлы елім алты ай қысқа қамданар.

Диалог

Жүргізуші: Жомарт көңіл, жарқын күз, берекесі халқымның. Қош келіпсің, Алтын күз — құт қонағы төрімнің!

Күз: Егін-терін жиналып, қамбаларға толады. Әр көңілге нұр дарып, әр үйде той болады. Жылы жаққа бет алып, құстар көкте ұшады. Сары жапырақ қалықтап, жердің төсін құшады. Айтыңдаршы, балақай, бұл қай кезде болады?

Балалар (хормен): Күзде!

Күз мезгілінің кезеңдері

Ерте күз

Жапырақтар енді ғана сарғая бастайды, күн салқындайды.

Алтын күз

Ағаштар сары түске еніп, жеміс-жидек пен көкөністер піседі.

Қоңыр күз

Ағаштар жапырағынан айырылады, шөптер қурайды, қыстың алғашқы белгілері сезіледі.

Балалардың тақпақтары

Бүгінгі кешіміздің басты қонағы — Күз. Балалар өздерінің күз туралы жаттаған тақпақтарын оқиды.

Баян

Дәнге толы қызыл қырман,
Қырман басы — қызық думан.
Мөлдіретіп жүзімдерін,
Келді менің алтын күнім.
Молшылық күз, береке күз,
Береке күз — мерекеміз.

Мадияр

Көктемде егін егетін,
Күзде жиып беретін.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық — айнала.

Көзайым

Сеуіп мейір-білімін,
Табысқан біздерді.
Оқу жылының басы —
Берекелі күз келді.

Мақсат

Біздің дала — бай дала,
Алтын астық — айнала.
Жасады той халқымыз,
Жаса, жаса, алтын күз!

Айда

Қауын-қарбыз, жемістермен
Толтырамыз себетті.
«Алтын күз» деп аталады
Күз айы сол себепті.

Айсана

Берекесін сыйлауға
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға
Шақырады біздерді.

Күздің жұмбақтары

Жүргізуші балаларға күзгі еңбек пен өнімге қатысты жұмбақтар жасырады.

Жұмбақ 1

Өзі шалғы, өзі орақ, өзі қырман, өзі арба. Өзі күрек, өзі қап.

Жауабы: Комбайн

Жұмбақ 2

Іздесең күнде табылар, көз жауын алып көктейді. Қабат-қабат тоны бар, түймелеуге жетпейді.

Жауабы: Қырыққабат

Жұмбақ 3

Жер астында басы бар, жер бетінде шашы бар.

Жауабы: Сәбіз

Жұмбақ 4

Қалың киімді ұнатады, шешіндірсең жылатады.

Жауабы: Пияз

Еңбек туралы мақал-мәтелдер

Күз байлығын жинау үшін адамдар аянбай еңбек етеді. Балалар еңбек туралы мақал-мәтелдерін айтады.

Айда

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.

Мадияр

Еңбек ер атандырады.

Көзайым

Еңбектеп қашпа, ырысыңды шашпа.

Баян

Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.

Мақсат

Еңбек еткен — емер.

Айсана

Еңбек пен бақыт — егіз.

Жүргізуші: Рахмет, балалар. Еңбек туралы көптеген мақал-мәтел біледі екенсіңдер. Соларды үнемі есте сақтап жүріңдер.

Күз сыйы: жеміс салаты

Енді жомарт күздің сыйларынан қандай тағам жасауға болатынын көрсетейік. Алдымен жемістерден жеміс салатын дайындаймыз.

Алма — Мадияр

Мен алмамын, алмамын, таңдай қақтырған бар дәмім.

Алмұрт — Баян

Мен алмұртпын, алмұртпын, ауыздамын бар жұрттың.

Жүзім — Көзайым

Мен жүзіммін, жүзіммін, моншақ болып тізілдім.

Банан — Айда

Ай пішіндес келбеті, дәмі неткен тәтті еді.

Өрік — Айсана

Мен өрікпін, өрікпін, табиғатқа көрікпін.

Йогурт — Мақсат

Жемістердің үстіне мені құйсаң, жеміс салаты дайын болады.

Дәм тату ойыны

Ойын шарты: ортаға бір баланы шақырып, көзін орамалмен байлайды. Әр жеміс-жидектен (немесе көкөністен) бір-бірден дәм татқызып, оның атын табуды сұрайды.

Жүргізуші: Ата-аналар, балаларыңыз дайындаған жеміс салатынан дәм татып көрейік.

Қойылым: «Нан қадірі»

Халқымыз үшін қастерлі нан — ел ырысы, өмір өзегі. Дастархан сәні де наннан басталады. Ендеше, балалар дайындаған «Нан қадірі» ертегісін тамашалайық.

Рөлдер

  • Автор — Айжан
  • Айжан — Көзайым
  • Гүлжан — Баян
  • Әкесі — Мадияр
  • Кемпір — Айсана

Автор

Баяғыда бір патша болыпты. Оның Гүлжан мен Айжан деген екі қызы болыпты. Екі қыз да байлыққа өте құмар екен.

Бір күні таңғы ас кезінде дастархан үстіндегі нанды көріп, екеуі жерге лақтырып жібереді.

Диалог

Айжан: Әке, мен енді нан жемеймін. Нан жаман.

Гүлжан: Мен де жемеймін. Нан тәтті емес.

Әкесі: Қыздарым, бұл қылықтарың дұрыс емес. Сендерге көтергендеріңше алтын берейін, бірақ сарайдан қуып шығамын.

Автор

Әкесі қыздарына көтергендерінше алтын беріп, сарайдан қуып жібереді. Екі қыз орманға келеді. Қарындары қатты ашады, қолдарында алтыннан басқа ештеңе жоқ.

Сандалып жүріп орман ішіндегі кедейдің үйін көреді. Үйде денсаулығы нашар әжей жатады.

Диалог

Айжан: Бізге нан тауып беріңіз!

Кемпір: Ана қапта ұн бар. Өздерің пісіріп жеңдер.

Гүлжан: Айжан, сен нан пісіре аласың ба?

Айжан: Жоқ. Сен білесің бе?

Гүлжан: Біздің қылығымыз дұрыс болмапты. Әкемізден кешірім сұрайық.

Айжан: Олай болса, сұрайық.

Екеуі (бірге): Әке, бізді кешіріңіз. Қателескен екенбіз.

Әкесі: Қыздарым, қателіктеріңді түсінгендеріңе рахмет. Мен ризамын.

Әсте нанды қор қылмайық,
Нан болса — ойнап-күлеміз.
Тіршіліктің нәрі — нан,
Нан қадірін білеміз.
Нанды баспа, абайла!

Құстардың қоштасу әні

Авторлық мәтін

Мол байлық тергеннің шаттығы қандай! Аспанға өрледі құстар да ән салып.

Құстар

Қош бол, өскен жеріміз,
Айдын-шалқар көліміз.
Аман болып тұрыңдар,
Қамқор болған еліміз.

Қаһарлы қыс өткенде,
Қайтып келіп көктемде,
Күнде думан құрамыз,
Күн шуағын төккенде.

Қош бол, өскен жеріміз,
Айдын-шалқар көліміз.

Құстармен келесі көктемде аман-есен жүздесейік!

Қорытынды

Жүргізуші: Берекелі бақ — дәулет, арта берсін тойланып. Сау болайық, әлеумет, келгенше жыл айналып!

Күзді «келесі кездескенше» деп шығарып салайық. Қош бол, жомарт күз!

Автор туралы

Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық селосы, Чапаев бастауыш мектебінің мектепке дейінгі шағын орталық тәрбиешісі — Қасанғалиева Айгүл.