Қане ашып оқып берейін
Сабақтың мақсаты
Бұл сабақта балалар «К» дыбысымен танысып, оны буын ішінде бекітеді, сөз құрастырады және дыбыстық талдау жасайды. Дидактикалық құралдар арқылы есте сақтау мен ойлау қабілеті дамиды, «К» дыбысы бар сөздерді буынға бөлуге және сөйлем құрауға үйренеді. Сонымен қатар байланыстырып сөйлеуге және дұрыс отыруға тәрбиеленеді.
Әдіс-тәсілдері
- Әңгімелеу
- Ойын арқылы оқыту
- Көрнекілік
- Сұрақ-жауап
Көрнекіліктер
«К» дыбысының баспа түрі, текшелер, ойыншықтар, интерактивті тақта, суреттер, қарындаш, сауат ашу дәптері.
Күтілетін нәтиже
- «К» дыбысын таниды және дұрыс айтады
- Сөз құрап, буынға бөледі
- Сөйлем құрастырып, байланыстырып сөйлейді
Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Мұғалім: Балалар, бәріміз қонақтармен амандасайық.
Балалар: Сәлеметсіздер ме!
Мұғалім: Енді бір-бірімізге жылуымызды жіберейік.
Шумақ:
Қуан, шаттан, алақай,
Қуанатын күн келді.
Қайырлы күн! Қайырлы таң!
Күліп шықты күн бүгін.
Бір-бірімізге күннің жылуын үрлейік.
Мұғалім: Қане, отырайық. Бүгінгі сауат ашу сабағымызды бастайық.
Жаңа сабақ
Интерактивті тақтамен жұмыс
Мұғалім: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Қыс.
Мұғалім: Қыс екенін қайдан білдіңдер?
Балалар: Қар жауады, күн аяз, боран болады.
Мұғалім: Ал бұл жыл қалай аталады?
Балалар: Қоян жылы.
Сюжеттік сәт: «Жеделхат»
Есік қағылғандай дыбыс естіледі. Мұғалім жедел хатты ашып оқиды: бұл хат қояннан келген. Айлакер түлкі қоянның көжектерін ұстап алып, жасырып қойған. Түлкі: «Сұрақтарға жауап берсеңдер ғана, әр жауапқа бір көжекті босатамын» дейді. Қоянның сегіз көжегі бар.
Түлкінің сұрақтары
- Әліпбиде неше әріп бар?
- Мына әріптерді атаңдар: А, Т, П, Н, Ғ, Р, Л, М, У, Ш, Й, О, Қ, Д, Б, С, Ы, Ж, Ы, Ұ, Ң, Е.
- Дыбыстар нешеге бөлінеді? Қандай түрлері бар?
- Неше әріп атадыңдар? Санап көріңдер.
- Қоянның баласын қалай атайды?
- Жұмбақтарды шешіңдер.
Балалар сұрақтарға жауап беріп, түлкі қоянның көжектерін босатады.
«К» дыбысымен танысу
Бүгін біз «К» дыбысын өтеміз. «К» — дауыссыз дыбыс, оны көк түспен белгілейміз. (Әріп таңбасын көрсету.)
«К» дыбысы бар сөздер
Кілт, күн, көз, көзілдірік, көлеңке, көгершін, күз, көкек, көк, көрпе, көбелек, кірпі.
Осы сөздерді буынға бөліп көрейік. (Суреттер интерактивті тақтадан көрсетіледі.)
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Біз тынығып алайық.
Сергіткеннен кейін «К» дыбысын ауада жазып көреміз.
Дәптермен жұмыс
Сауат ашу дәптерін ашып, «К/к» әрпінің бас және кіші түрін жазамыз (44-бет).
Қолға арналған сергіту
1, 2, 3 — жинап алып күш.
Қаламсапты аламыз,
Әдемілеп жазамыз.
Буындарды оқу (интерактивті тақта)
1-топ
ке, ке, ке, кесе
2-топ
ек, ек, бек, тек, лек
3-топ
кел, кем, кемел, керек, келбет
Ойын: «Кім жылдам, тез тап?»
Мақсаты: тақтадағы қағаздарда жасырылған әріптер арқылы сөз құрау. Кім тез әрі дұрыс жауап берсе, жұлдызша алады.
Қолданылатын әріптер
А, Т, П, Н, Ғ, Р, Л, М, У, Ш, Й, О, Қ, Д, Б, С, Ы, Ж, Ы, Ұ, Ң, Е.
Соңында балалар жұмбақтарды да айтып көреді.
Сөзжұмбақ шешу
Суреттерге қарап сөзжұмбақты шешеміз. Шешімі арқылы бүгінгі өткен дыбысты бекітеміз (Әліппе дәптері №1, 44-бет).
Сурет 1
Көк
Сурет 2
Кесе
Сурет 3
Күрек
Сурет 4
Кірпік
Өлең жаттау
Ұзын құлақ сұр қоян,
Естіп қалып сыбдырды.
Ойлы-қырлы жерлермен,
Ытқып-ытқып секірді.
Қарап еді артына,
Қиығын салып көзінің.
Келе жатқан артында,
Көжегі екен өзінің.
Сурет бойынша сөйлем құрастыру
Балалар суретке қарап, «К» дыбысы кездесетін сөздерді қолдана отырып, 1–2 сөйлем құрастырады. Мақсат — ойды жүйелі жеткізу және байланыстырып сөйлеуді дамыту.
Бағалау критерийлері
- Сөйлемнің мағынасы түсінікті болуы
- «К» дыбысы бар сөздерді дұрыс қолдануы
- Дұрыс, анық айтуы
Қорытындылау
Қайталау сұрақтары
- Бүгін қандай дыбыспен (әріппен) таныстық?
- Жеделхат кімнен келді?
- Біз кімге көмектестік?
Сыйлық және мадақтау
Тағы да есік қағылғандай болады. Қоян балаларға алғысын айтып, бір себет сыйлық жібергенін хабарлайды. Мұғалім сыйлықты таратады.
Соңында жұлдызшалар саналып, ең көп жұлдызша жинаған бала үздік бағаланады. Барлығы белсенді қатысқаны үшін мадақталады.
Қонақтармен қоштасу: «Сау болыңыздар!»