Балалардың жүрегінде анаға деген сүйіспеншілік, қадір - құрмет сезімдерін дамыту

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға ананың қоғамдағы, өмірдегі, ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы түсінік беру.
  • Әлемдегі жақсылық пен игі істердің бастауы — ана махаббаты екенін ұғындыру.
  • Балалардың жүрегінде анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін дамыту.
  • Адамзат алдындағы үлкен парыз — ананы сүюге, ана еңбегін ақтай білуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы: сұхбат және ой бөлісу

Тақырыпты ашу үшін оқушылар мына сұрақтар төңірегінде пікір алмасады. Әр жауап — анаға деген жеке көзқарастың, өмірлік тәжірибенің көрінісі.

1) «Ана — өмір тірегі» дегенді қалай түсінесің?

Анаға сүйеніш, бағыт-бағдар, күш-қуат көзі ретінде қарау туралы ойлан.

2) Ананың қоғамдағы, отбасындағы орны

Тәрбие, мейірім, жауапкершілік, бірлік ұғымдарымен байланыстырып жауап бер.

3) Неліктен ана махаббаты бәрінен биік?

Шартсыз сүйіспеншілік, кешірім, жанқиярлық қырларын атап көр.

4) Ана алдындағы парыз

Ізет, қамқорлық, адалдық, оқу-білім, жауапты мінез арқылы түсіндір.

Мұғалімнің кіріспе сөзі (ой түйіні)

Оқушылардың жауаптарын тыңдай отырып, мұғалім ананың қадір-қасиеті тек отбасы аясында емес, тұтас қоғамның рухани өзегінде жатқанын айқындайды. Анаға құрмет — адамның адамдығын танытатын өлшем.

Шығармашылық жұмыс

Әр топ бүгінгі тақырыпқа байланысты өз идеясын шығармашылық түрде ұсынады.

Еркін формат: сурет, қойылым, әңгіме, өлең, модель

Ұсынылатын форматтар

  • Тақырыпқа сай сурет салу
  • Қойылым көрсету
  • Әңгіме құрастыру
  • Өлең шығару
  • Модель жасау

Ой қозғау сұрағы

Анасы ұлдарына былай дейді: «Балапандарым, мен сендерге бір жұмбақ айтайын. Сендерді тоғыз ай “абақтыға” жапса, шыққан соң аузыңа өкпе тықса, арқанмен ағашқа таңса — сол адамға не істер едіңдер?» Топтар осы сұрақ бойынша ортақ ойларын айтады.

Әңгіме желісі

Тұңғыш ұл: «Оның басын балтамен шабар едім».

Екінші ұл: «Мен оны мылтықпен атып тастар едім».

Үшінші ұл: «Оның кеңсірігін бұзар едім».

Кенже ұл: «Жоқ, бұл — ақылсыздық. Мен ол адамды аялап, өлгенше алақаныма салып бағар едім. Ол — мені жаратушы, жарық дүниеге әкелуші адам. Сіз бізді тоғыз ай көтердіңіз, жарық дүние сыйладыңыз. Қырқынан шыққан соң таза жатсын деп ағаш бесікке бөледіңіз».

Жаттығу: «Құпия хаттар»

Әр хат — өмірден алынған жағдай. Мақсат — айыптау емес, түсіндіру, жөн сілтеу, дұрыс қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.

№1 Хат

Егер досыңның анасына әділетсіздік көрсетіп, дөрекілік танытып жүргенін байқасаң, оған деген көзқарасың өзгере ме? Қандай кеңес берер едің?

№2 Хат

«Сәлем, достар! Ана — бүкіл саналы ғұмырымыздың мәні. Мұны біле тұра, кейде күйгелектігімнен анамды ренжітіп аламын. Мысалы, 14 жаста болсам да, анам мені мектептен келгенде қарсы алып, достарымның, үлкендердің көзінше “томпағым”, “жарық жұлдызым” деп еркелетеді. Мен қатты қысылып, өзім байқамай ұрысып жіберемін. Сөйтіп анамды ренжітіп қоямын. Сендер менің орнымда болсаңдар не істер едіңдер?»

№3 Хат

«Құрметті досым! Мен 8-сынып оқушысымын. Соңғы кезде анама өтірік айтып, алдауды шығардым. Анам мұны білмейді. Көбіне достарыммен мектептен тыс басқа жаққа барғанда өтірік айтуға мәжбүр боламын. “Өтіріктің арты бір тұтам” дейді ғой, бір күні анам біліп қойса, ренжитіні анық. Не істесем болады?»

№4 Хат

«Құрметті достар! Сыныптасым үнемі анасына жекіп сөйлейді, кейде ауыр сөздер айтып, балағаттайды. Жұрт жиналған жерде анасын жамандап, тоқтамай кетеді. Мен бұл қылыққа қарап өзімді де кінәлі сезінемін. Дұрыс емес екенін айттым, бірақ ол тыңдамайды. Кеңестерің пайдасын тигізер деген үмітпен хат жазып отырмын. Не айтар едіңдер?»

Мұғалім: «Сендердің кеңестеріңді хат иелеріне жеткіземін. Пайдасы тиер».

Оқырман айтары: ана туралы әдебиеттен үзінділер

Ана туралы жырламаған, жазбаған ақын-жазушы кемде-кем. Ендеше, ана жайлы өлеңдер мен үзінділерді еске түсірейік:

Анашым! Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.
М. Мақатаев
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатың самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған.
Ғ. Қайырбеков
«Апа, әлдилеші!...»

Өзін қаусырма қалқалап, киіз үйдің ірге жағындағы өрнекті ағаш төсекке жантая кеткен анасына Қанабек бүгін де осы өтінішін қайталады. Анасы тамағын кенеп қойып, баяу ырғақты әуенмен әлди сарынына салды.
Ә. Кекілбаев
...Ару... Ана... Бүкіл әлемнің әдемілігі, бар тіршіліктің мәні осы екі ұғыммен өзектесіп жатады екен. «Ару» сөзі адалдық, асқақтық қасиеттерімен қабысып жатса, «ана» ұғымының аясында аяулы, асыл, ардақты саналатын құдіретті сезімдер тоғысары ақиқат.
Ж. Дәулетбек

Дәйексөз

Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды.
Н. Назарбаев

Қорытынды ой

Ана — құдіретті күш иесі. Ана — күннің нұры. Ана — мейірімнің иесі. Ана — жылылықтың ұясы. Ана — қорғаушы. Ана — жарық беруші.

Сабақтан алған әсер

Оқушылар алдарында жатқан смайликтер арқылы көңіл күйі мен әсерін білдіреді.

Үй тапсырмасы

Дәптерге «Әлемді тербеткен мейірім» тақырыбында шағын шығарма жазу.

Жүректен жүрекке

Ризамыз бүгінге!
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз қазірге! (2 рет)

Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге!
Ризамын, ризамын, ризамын қазірге!