Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік

1 қыркүйек — Білім күні

Сынып сағаты (4-сынып)

Тақырыбы: «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

Мақсаты

Оқушыларды Елбасының жаңа Жолдауымен таныстыру; қойылатын талаптарды орындауға атсалысу — әр азаматтың борышы екенін түсіндіру. Жолдаудың жарқын болашаққа бастайтын тарихи құжат екенін ұғындыру.

Елжандылыққа, адамгершілікке және отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Әдісі

  • Баяндау
  • Түсіндіру

Көрнекілігі

  • Н. Назарбаевтың суреті
  • Қазақстан Республикасының рәміздері
  • Нақыл сөздер
  • Тірек-сызбалар

Сабақтың жүру барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Психологиялық дайындық

Оқушыларды жылы көңіл-күйге баулып, сынып ішіндегі сенімді атмосфераны қалыптастыру.

Тренинг

«Мен бақыттымын»

II. Кіріспе

Ел тарихының XXI ғасырдағы аса күрделі кезеңдерінің бірі аяқталып келеді. Дүниежүзі экономикасын әлсіреткен жаһандық дағдарыстың салдары толық сейіле қойған жоқ. Дегенмен, ол алғашқы алапат қуатынан айырылды.

Біз тастүйін дайын болғандықтан, дағдарыстың зардабы еліміз үшін аса ауыр соққан жоқ. Дағдарысқа дейінгі кезеңде Қазақстан Қытай, Үндістан және экономикасы қарқынды дамыған өзге де мемлекеттермен қатар өсудің жоғары деңгейіне көтерілді. Өйткені біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік: дұрыс жоспарлап, жүйелі іске асыра алдық.

Жасампаздыққа жұмыла кіріскен Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті. Қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінің жоғары бағасына ие болды.

Осылайша Қазақстан қуатты әрі табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы халықаралық беделін нығайтты. Елдің жетістіктері әлем назарын аударып, нәтижесінде Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету сияқты мәртебелі миссия сеніп тапсырылды. Жаңа онжылдық осындай тарихи оқиғамен басталды.

Негізгі ой

Алдағы жетістіктеріміз де осындай жарқын болады деген сенім бар.

III. Ой қозғау

Сұрақ-жауап арқылы негізгі ұғымдарды нақтылап, әр оқушының пікірін тыңдау.

1)

«Бір мүдде» дегенді қалай түсінесің?

2)

«Бір болашақ» деген не?

3)

Қазақстан әлемді несімен таң қалдырды?

4)

Қазақстанның дамуы үшін сен қандай үлес қоса аласың?

5)

Экономика туралы не айта аласың?

Ой шақыру

Кешеден келдік, бүгінге жеттік.

Стратегия ұғымы

«Стратегия» сөзі грек тіліндегі «генерал өнері» деген мағынаны білдіретін ұғымнан шыққан. Бұл — мемлекеттің міндетті ісін орындауды және мақсатына жетуді қамтамасыз ететін жан-жақты жоспарлар жиынтығы.

Жалпы, «стратегия» дегеніміз — алға қойылған міндеттерді шешуге бағытталған ірі ауқымды, ұзақ мерзімді жоспарлау термині.

Ал стратегиялық жоспарлау — басшылық қабылдайтын шешімдер мен әрекеттердің жүйесі; сол арқылы ұйым не мемлекет өз мақсатына жетудің нақты бағытын айқындайды.

Тарихи мысал

1997 жылы қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясы 7 бағыттан тұрды. 33 жылға жоспарланған міндеттердің басым бөлігін ел 15 жыл ішінде орындады.

Қорытынды

Президент сөзі

«Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты жолымызға сәуле шашып, алға басуға жігерлендірді».