Баланың тұсауы кесілген соң
Қандай жіппен кеседі?
«Әр елдің салты басқа» дегендей, тұсаукесер рәсімі еліміздің әр аймағында әрқалай атқарылуы мүмкін. Соның бірі — тұсау кесетін жіптің түрі. Еліміздің бірқатар өңірінде баланың тұсауы ала жіппен кесіледі.
Дерек
Ү. Қыдыралин «Батыс Қазақстан қазақтарының ғұрыптарындағы ерекшеліктер» еңбегінде ала жіптің қазақ дүниетанымындағы орнына тоқталып, қазақ халқы тұсауды да, көш кезінде жүк артатын арқанның бірі — қом арқанды да, бесіктің ұзын қолбауын да, түндіктің бауларын да ала жіппен есетінін жазады. Құн дауына жиналғанда айтысушы екі жақтың ортасына ала арқан тасталатыны да айтылады.
Ала жіп — күн мен түннің, адалдық пен арамдықтың, зорлық пен қамқорлықтың, жақсылық пен жамандықтың, ақыры өмір мен өлімнің қатар өрілген қосқайшылығының рәмізі ретінде түсіндіріледі. Бұл мағына «Біреудің ала жібін аттама» деген мақалдан да байқалады. Демек, баланың аяғын ала жіппен тұсау арқылы ең әуелі келер ұрпақтың адал әрі пәк болуын тілеу бар.
Түрлі-түсті жіп
Қазіргі қоғамда тұсауды түрлі-түсті жіппен кесу жиі кездеседі. Дегенмен, қарама-қайшылықтың негізгі белгісі — ақ пен қара болғандықтан, тұсаукесерде ақ пен қарадан есілген ала жіпті қолдану қисындырақ.
Көк шөп
Кей өңірлерде баланың тұсауы көк шөппен кесіледі. Мұны да жоққа шығаруға болмайды: тілек — ұрпағы шөптей көп болып өссін.
Қойдың ішегі
Майлы ішекпен орап кесу — баласы бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілекпен байланыстырылған.
Тұсау кесетін құрал: қайшы ма, пышақ па?
Қазір тұсауды қайшымен кесу жиілеп кетті. Алайда көнекөз әжелердің айтуынша, қайшы секілді екі жүзді құралмен кесу құпталмайды: «Өмірі де қайшыланып, кедергіге толы болады» деген сенім бар. Сондықтан тұсауды өткір пышақпен кескен дұрыс деп есептеледі.
Тұсауды кім кеседі?
Ата-ана баланың аяғына ала жіпті байлаған соң, тұсауын көпшілік алдында сыйлы адамға кестіртеді. Бүгінде бұл құрметті істі көбіне ұрпақтары өсіп-өнген ақ жаулықты әжелер атқарып жүр. Мұның астарында «Балаға әженің жасын берсін, ұрпағы салиқалы болсын» деген ниет жатуы ықтимал.
Зейнеп Ахметованың пікірі
Салт-дәстүр жанашыры Зейнеп Ахметова бұл үрдіске сын көзбен қарайды: жүрісі ауырлаған қарт кісіге тұсау кестіргенде, «бала қалай тез жүріп кетеді?» деген сауал туады. Оның айтуынша, бұрындары әжелер жіпті әдемілеп байлап, ақ батасын берген, ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала таңдаған.
Қыз балаға
Қимылы ширақ, пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, елге сүйкімді келіншектерге кестірген.
Ұл балаға
«Пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын» деген ниетпен ел алдында жүрген, жұртқа сыйлы азаматтарға кестірген.
Мұның бәрі — ырым ғана емес, салттың өзегіндегі әдемі тілек пен жақсы ниеттің көрінісі.
Тұсауды алдынан кесе ме, әлде артынан ба?
Көпшілікті ойландыратын мәселелердің бірі — баланың аяғына байланған жіпті алдынан кесу керек пе, әлде артынан ба? Бұл туралы екіұдай пікір бар: бірі «жолы ашылсын» деп алдынан кесуді айтса, енді бірі керісінше «алдынан кессе, кедергі көп болады» деген сеніммен артынан кесуді дұрыс көреді.
Жоралғының ішкі логикасы
- Қарт кісі кессе — арт жағынан: «Бала артымда қалып, мен көргендей ұзақ өмір сүрсін» деген ниет.
- Орта жастағы адам кессе — жанынан кесу айтылады.
- Жас адам кессе — алдынан: «Өзіммен бірге өсіп-жетілсін» деген тілек.
Баланың тұсауы кесілген соң…
Жіптің қалғанын бөлісу
Тұсау кесілген соң, қалған жіпті тойға жиналған қауым «Біздің үйде де осындай той болсын» деген ниетпен бөлісіп алатын дәстүр бар. Кейбірі «Балам оттай лауласын» деген тілекпен жіпті отқа жағып жібереді.
Ақ мата үстімен тәй-тәй
Бүлдіршінді екі жағынан жетектеп, арнайы төселген ақ матаның үстімен тәй-тәй бастырады. Ақ мата «жолы ақ болсын» деген ниетпен жайылады. Бұл жауапты істі ата-ана өзі таңдаған адамдарға тапсырады.
Көңілге қонымды бір тәсіл: өзге балалармен бірге жүгірту
Зейнеп Ахметова айтып жүрген жоралғының бірі — тұсауы кесілген бүлдіршінді өзге балалармен бірге жүгіртіп жіберу. Ол үшін тұсау кесер алдында бір топ баланы бүлдіршінге қарай жүгіртеді; солардың ішінен озып келген екеуі таяғанда тұсау кесіледі. Кейін бүлдіршінді екі қолынан ұстатып, балалармен бірге жүгіртіп жібереді.
Бұл тәсілдің мәні — жүгіріп келген балалардың екпіні мен жігері жаңа тұсауы кесілген балаға «жұғып», оның қадамын нықтауға ықпал етеді; әрі өзі қатарлас балаларды көрген бүлдіршіннің жүруге ынтасы артады.
Орынсыз жоралғылар: тұсаукесердің қазақылығын бұзатын әрекеттер
Жаһанданумен бірге жаңарамыз деп, сырттан енген немесе кейіннен қалыптасқан, мәні бұлыңғыр рәсімдер көбейіп барады. Тұсаукесер — тілек пен тәлімге құрылған дәстүр. Сондықтан оның мазмұнын қызық пен табысқа айырбастау — жоралғының табиғатына қайшы.
«Баланы алып қашу»
Кей тойларда тұсауы кесілген баланы бірнеше қадам жүргізген соң, аяқ астынан «алып қашып», ата-анасы кәдесый бергенше қайтармайтын көріністер кездеседі. Мұның астарында түзу ниет те, жақсы тілек те жоқ — көбіне әурешілік пен пайдакүнемдік ғана.
Болашақты «болжату»
Тұсау кесерде баланың алдына кітап, ақша, музыкалық аспап қойып, таңдаған затына қарай болашағын жорамалдау да жиіледі: кітап алса — ғалым, ақша алса — дәулетті, аспап алса — өнерпаз болады деген ырым айтылады. Бұл — корей халқынан енген рәсім ретінде танылады.
Кірме салттардың көбеюі
Бүгінгі тойларда қалыңдықтың гүл лақтыруы, туфлиін ұрлау, тұсаукесерде баланы немесе бесік тойында бесікті «алып қашу» секілді әрекеттердің жиілеуі байқалады. Бұлардың төл дәстүрімізден қаншалықты алыс екенін көзі ашық оқырман аңғарады.
Ескерту
Материал Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.