Оқушылар тауға шығып іздепті
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
«У» дыбысының кейде дауысты, кейде дауыссыз болып келу себебін тілдік мысалдарды байқату арқылы түсіндіру.
Міндеттері
- Сөз бен сөйлем ішінен «у» дыбысын табу, оның дауысты/дауыссыз екенін ажыратуға үйрету; сөздерді мағынасына қарай топтастыру және буынға бөлу білігін жетілдіру.
- Ой-өрісті, сөздік қорды, жүйелі баяндауды, көркем жазуды, сауатты оқуды дамыту; танымдық және есте сақтау қабілеттерін жетілдіру.
- Өлең мазмұны арқылы ана тілінің қасиетін ұғындыру; тілін сүйетін, туған жерін қадірлейтін тұлға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Мотивациялық-бағдарлау кезеңі
Оқиға желісі арқылы қызықтыру
Ертеде «Дыбыс» деген үлкен шаһар болыпты. Бұл қалада дыбыстар өмір сүріпті: дауысты, дауыссыз және олардың түрлері. Әр дыбыстың өзіне тән түсі, «киімі», таңбасы және сөз ішіндегі орны бар екен.
Бірақ «У» дыбысы бір нәрсені түсіне алмай қиналыпты:
ол өзінің дауысты ма, әлде дауыссыз ба екенін ажырата алмапты. Шаршағаны сонша, «У» қашып кетіпті.
Оқушылар дыбысты іздеуге кіріседі: «Ау-у-у, У қайдасың?»
Балалар тауға шығып іздепті. Тау етегінен бір қағаз тауып алады: онда таудың суреті және «У» белгісі берілген. Тапсырма — сызбаға сүйеніп ережені қайталау, «у» дыбысының қай кезде дауыссыз болатынын еске түсіру.
Үй тапсырмасын тексеру
Тау етегінде жайлау бар екен. Балалар сол жерде жайланып, үй тапсырмасын тексереді: 53-жаттығу — мәтінді оқу және ережеге сүйене отырып, «у» дыбысының қашан дауыссыз болатынын дәлелдеу.
Осылайша «У» дыбысы өзінің қай уақытта дауыссыз болатынын түсіне бастайды.
Алға қарай жүріп келе жатқан балалар жол жиегіндегі жайқалған бау-бақшаға кезігеді. Қарындары ашқан балалар жеміс жегісі келеді. Сол сәтте бағбан ата олармен тілдесіп, әңгіме бастайды.
II. Операциялық-орындаушылық кезең
Оқу, жазу, талдау, дәлелдеу
Бағбан атаның сұрағы:
Әңгіме барысында бағбан ата балалардан ана тілі туралы өлең шумағын сұрайды. Тіл айлығына байланысты оқушылар ана тілі жайлы ақындардың өлеңдерін жатқа айтады.
Өсірген ой, білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді.
Ынталандыру
Өлеңді тез жаттаған оқушыға бағбан ата жеміс береді. Жаттаған балаларға жеміс және қалам сыйлайды.
55-жаттығу
- Өлеңді жатқа жазу: әр жолын бір оқушы тақтаға жазады.
- Тексеру және бағалау.
- «У» дыбысы бар сөздерді сызу; қай жерде дауысты, қай жерде дауыссыз екенін қызыл/көк текшемен белгілеу.
- «Туған», «білуді» сөздерінен «у» дыбысын табу және қызметін түсіндіру.
Балалар бағбан атамен қоштасады. Осы тапсырмалардан кейін «У» дыбысы өзінің қай уақытта дауысты болатынын да түсіне бастайды.
57-жаттығу
Оқушылар жол-жөнекей жайқалған түймедақтарға кезігіп, сөздерді буынға бөледі және «у» дыбысының дауысты/дауыссыз екенін ажыратып, дәлелдейді. Белгілеу — көк және қызыл текшемен.
Құпия сөз және ребус
Ауылдың сыртына келгенде үлкен тақтайшаға құпия сөз жазылыпты. Ол сөзді ребусты шешу арқылы табуға болады:
Ребус
....Айту ғ анар....р
Шешуі: Туған жер
Балалар өз туған жеріне оралады: туған жер туралы әңгіме құрайды және мақал-мәтел айтады.
Үй тапсырмасы
- 56-жаттығу орындау.
- Ережені жаттау.
Бағалау
Әр оқушыда бағалау парағы болады. Ұпай саны бойынша баға қойылады:
| Ұпай | Баға |
|---|---|
| 26–30 | 5 |
| 21–25 | 4 |
| 16–20 | 3 |
Сабақ соңында оқушылар «у» дыбысының сөз ішінде қандай жағдайда дауысты, қандай жағдайда дауыссыз болатынын мысалдармен дәлелдеп, қорытынды жасайды.