Мұғалім тарапынан кездесетін кедергілермен олардан шығу жолдарын постерге жазып көрсету

Коучинг сабағының тақырыбы

Оқытудағы кедергілер және одан шығу жолдары.

Жалпы мақсаты

Оқытуға бөгет болатын факторларды айқындау, кері әсер ететін себептерді талдау және оларды азайту не жою жолдарын анықтау.

Оқу нәтижелері (мұғалімдер үшін)

  • Оқуда кездесетін кедергілерді анықтайды.
  • Кедергілерді жою жолдарын табады және тәжірибесінде қолданады.
  • Білім беруді тек стандартты жетілдірумен шектемей, оның ауқымын кеңейтеді.
  • Оқушыларды оқу үдерісіне тартып, бағыт-бағдар бере алады.

Негізгі идеялар

  • «Оқытудағы кедергілер» ұғымын түсінеді және оларды жоюдың нақты қадамдарын жоспарлайды.
  • Кәсіби білім мен біліктілік артады, тәжірибе шыңдалады.
  • Оқыту мен оқу туралы жаңа идеяларды іздеп, жұмыс тәжірибесіне енгізеді.

Өту барысы

Ұйымдастыру бөлімі

Амандасу. Кіріспе сөз:

Қайырлы күн! Бүгін сіздерді «Білім сапасын арттырудағы кедергілер мен одан шығу жолдары» тақырыбындағы семинарда көргеніме қуаныштымын. Оқытуға бөгет болатын факторларды айқындап, оларды жою жолдары туралы пікір алмасамыз.

Дереккөздер

  • Интернет ресурстары
  • Сайттар
  • МАН

Тапсырмалар мен уақыт

«Табыс қоржыны» жаттығуы

5 мин

Мақсаты: табысқа қол жеткізу уәждемесін қалыптастыру.

Миға шабуыл

5 мин

«Кедергі» деген сөзді естігенде ойларыңызға бірден не келеді? (ассоциация). Бүгін біз не туралы сөйлесеміз деп ойлайсыздар?

Топтық жұмыс №1

10 мин

Постер әзірлеу, жұмыстарды алмастыру арқылы толықтыру, қорғау және қосымша мәліметтермен байыту.

Топтық жұмыстың құрылымы

  1. A) Постермен жұмыс.

    1-топ

    Білім сапасын арттыруда оқушылар тарапынан кездесетін кедергілерді және әр кедергіге кемінде екі шығу жолын постерге жазыңыз.

    2-топ

    Ата-аналар тарапынан болатын кедергілерді анықтап, оларды жою жолдарын постерге жазыңыз.

    3-топ

    Мұғалім тарапынан кездесетін кедергілерді және олардан шығу жолдарын постерде көрсетіңіз.

  2. B) Жұмыстарды алмастыру. Топтар постерлерімен алмасып, мазмұнын толықтырады.
  3. C) Қорғау. Әр топ өз жұмысын 5 минуттан қорғайды.
  4. D) Қосымша мәліметтер. Сапаға жетудің қағидалары мен құзыреттерін талқылау.

«Табыс қоржыны» жаттығуы: толық сипаттама

Жүргізушінің мәтіні

Әр мақсатқа жету маңызды, бірақ оған апаратын жол әрдайым оңай бола бермейді. Егер сіз «сиқырлы қоржынға» жетсеңіз, тілегіңіз орындалады.

Өткізу тәртібі

  • Қатысушылар бір-біріне қарама-қарсы екі қатарға тұрады.
  • Қатардағы көршілерімен иық түйістіріп, қарсы тұрғандармен арақашықтықты шамамен 15 см етіп ұстайды.
  • Топтың міндеті: қол мен дене арқылы кедергі келтіру, бірақ қатысушы өте алатындай деңгейде сақтау.
  • Топ хормен: «Жоқ! Жоқ!» деп айтады.
  • Қатысушы қатарлардың арасымен жүріп өтіп, «Иә! Иә!» деп қайталайды және мақсатын салтанатты түрде алады.
  • Әр қатысушы бұл әрекеттен өтуі тиіс.

Талдау сұрақтары

  • Өту қиын болды ма?
  • Не көмектесті, не кедергі келтірді?
  • Мақсатқа барар жолда кедергілер әрдайым бола ма?
  • Әдетте кедергілермен қалай жұмыс істейсіз?
  • Қандай әрекет тиімді?
  • Мақсатқа жету үшін кедергілерді жеңуге дайынсыз ба?
  • Өз мақсатына жету үшін баса-көктеу дұрыс па?

Мақсат қоюға қойылатын талаптар

  • Мақсат ауқымды әрі нақты болуы тиіс.
  • Қол жеткізілетін мерзімі көрсетілуі керек.
  • Нәтиже критерийлері анық тұжырымдалуы тиіс.
  • Мақсатқа жету адамның өзіне байланысты болуы қажет; өзге адамдар мақсат мәтінінде шешуші тұлға ретінде көрсетілмейді.
  • Мақсатқа жету ешкімге зиян келтірмеуі керек.

Егер өміріңізде мақсатты бүгінгі қағидаға сай қойсаңыз, табысқа жету ықтималдығы артады.

Қосымша мәліметтер: сапаға жету жолдары

Біліктілік

  1. Білім негізіндегі еңбек дағдылары:
    • жауапкершілікті сезіну;
    • белгілі бір мәселені шешуге қатысу;
    • білім беру технологияларын түсіну, меңгеру және қолдану;
    • еңбекке дұрыс қарым-қатынас;
    • кәсібіне тұрақты ізденіс таныту.
  2. Ақпараттық қажеттілікті сезіну.
  3. Мақсат пен әдіс-тәсілдердің үйлесімділігі.

Біліктілік негізі

  1. Оқып үйрену:
    • тәжірибені тиімді пайдалану;
    • өз білімін өзара байланыстыра ұйымдастыру;
    • жеке оқу бағдарламасын құра білу;
    • өзін-өзі дамытуға дербес көңіл бөлу.
  2. Іздеу:
    • әртүрлі дереккөздерден мәлімет іздеу;
    • ақпаратпен жұмыс істеу;
    • құжаттарды өңдеу және жүйелеу.
  3. Бейімделу:
    • технологиялар мен ақпаратты қолдануға бейімделу;
    • өзгеріске икемділік таныту;
    • қиындыққа төзу және жеңе білу;
    • жаңа шешімдер табу.
  4. Ынтымақтастық:
    • еңбекте ынтымақтастықта болу;
    • келіспеушілік пен әртүрлі көзқарасқа түсіністік таныту;
    • келісімге келу;
    • шарт жасай білу және оны орындау;
    • тілектестік пен әріптестік мәдениетін сақтау.
  5. Жұмысқа ниеттілік:
    • жобаға кірісу;
    • жауапкершілікті сезіну;
    • өз жұмысын ұйымдастыру;
    • өткенді жаңамен байланыстыру;
    • қоғам дамуына сыни көзқарас;
    • қиындық пен сенімсіздікке қарсы тұру;
    • жеке пікірін ашық білдіру.

Білім сапасын арттырудағы тұлғалардың қызметі

Ұйымдастырушылық қызмет

  • педагогикалық қызметті ұйымдастыру;
  • мұғалім мен оқушы қызметін үйлестіру;
  • оқушы қызметіне қолайлы жағдай жасау;
  • мұғалім–оқушы өзара байланысын қамтамасыз ету;
  • оқушының өзіндік ұйымдасуына мүмкіндік беру.

Жобалық қызмет

  • күтілетін нәтижелерді жобалай білу;
  • педагогикалық өзара әрекетті үлгілеу;
  • технологияны іске асыру барысында мұғалім мен оқушы дамуын болжау.

Коммуникативтік қызмет

  • мұғалім–оқушы–ата-ана арасындағы байланысты нығайту;
  • ақпараттық алмасуды ұйымдастыру;
  • өзара түсіністік ахуалын қалыптастыру.

Рефлексия және кері байланыс

«Кездескенше» жаттығуы

Барлық қатысушылар шеңберге тұрады. Жүргізушінің қолында кішкентай «сиқырлы күн» болады. Ол жылу, қуаныш, табыс, бақыт және сүйіспеншілік сыйлайды деген символикалық мәнге ие.

Қатысушылар күнді бір-біріне бере отырып, семинардан алған әсерін айтады, жұмыс барысын бағалайды және әріптестеріне тілек білдіреді.

Қорытынды сөз

Семинар аяқталды. Барлығыңызға үлкен рақмет! Сіздермен бірге жұмыс істеу — біз үшін зор мәртебе. Бүгінгі жұмысымызда алға қойған міндеттеріміз орындалды деп сенеміз.

Кәсіби қызметтеріңізге табыс тілейміз. Кездескенше!