Әке - асқар тауым

Кіріспе: мұғалім сөзі

Бір күн бар – жылатар күн, жұбатар күн.
Бір күн бар – мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
Әке деген сезімді ұмытар кім?

Осы оймен құрметті әкелерімізге арналған «Әке – асқар тау» тәрбие сағатын ашық деп жариялаймыз.

Неге әкенің орны ерекше?

  • Әке – отбасының қамқоршысы, тірегі, асыраушысы.
  • Әкенің мінезі, қарым-қатынасы, білімі мен өнері – баланың көз алдындағы үлгі.
  • Шаңырақтың берекесі үшін отағасының әділ, ұстамды болуы маңызды.
  • Ер бала үшін әке – жолдас, сырлас, ақылшы.

Үш міндет туралы ой

Ұрпақ әкеліп, асырау – әкенің міндетінің бір бөлігі ғана. Әке адамзатқа – адам, қоғамға – қызметкер, мемлекетке – азамат тәрбиелеуге жауапты. Осы үш міндетті орындай алса да орындамаған жан айыпты деген ойды педагог Жан-Жак Руссо да атап өткен.

Құрметті әкелерімізге зор денсаулық, отбасыларыңызға мол бақыт, еңбектеріңізге жеміс тілейміз.

Әдеби-монтаж: оқушылардың арнауы

Ұлпан

Нағыз әке – ақылгөй де асқар жан,
Барлық ұрпақ әкелерден басталған.
Ал, әкелер, өздеріңе арналған
Бүгінгі той – қуаныш пен мереке.

Ән: «Әкем – әнім»

Баян

Әкем менің асқар тауым, тірегім,
Бәрінен де сен қымбатсың, білемін.
Қанат қағып кетсем алыс қияға,
Сен деп соғар жұдырықтай жүрегім.

Аида

Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Тойларыңыз құтты болсын, әкелер,
Балаларың төге берсін мерейін.

Қауымдас

Есімде әкемнің бейнесі,
Күлімдеп маған қарайтын.
Мен саған талпынсам,
Құшағын жайып көтеріп алатын.

Ән: «Әке туралы жыр»

Аяжан

Сәулелі сөз сөнбейді, орны бөлек батаның.
Бізге тәлім, өнеге – ақ тілеуі әкенің.

Бауыржан

Әр сөзінің ақыры жақсылыққа тірейді.
Қадап айтқан ақылы көпке бақыт тілейді.

Ақбота

Атамның ән-күйі ғажайып,
Әжемнің әлдиі ғажайып.
Анамның мейірімі ғажайып,
Әкемнің пейілі ғажайып.
Осындай жақсы әдет ғажайып –
Қалмасын ешқашан азайып.

Аңсаған

Әкем шытса қабағын – «Байқа, балам!» дегені.
Алған көп-ақ сабағым, жақсы көрем мен оны.

Әли

Бойға қуат береді: «Әй, жарайсың!» дегені.
Мен әкемнен әр кезде соны естігім келеді.

Айжарқын

Ойнаймыз, күлеміз, жарқылдап жүреміз.
Әкені сыйлаймыз, айтқанын тыңдаймыз.

Иманғазы

Арайлы ақ тілекпен ән жолдаймын өзіңе.
Сағынышты, сазды жүрекпен сыр арнаймын өзіңе.

Ән: «Әкелер»

Мұғалімнің арнауы

Құтты болсын, әкежан, бүгінгі күн,
Ақ дастарқан, көл-көсір думан күнің.
Арамызда, әкетай, аман жүрші,
Ақ жүрекпен ақ тілек арнайды ұлың.

Шаршаса да сыр бермеген әкешім,
Сен мен үшін еңбексүйгіш әкесің.
Өзіңде үлгі, ісіңде үлгі ұлыңа,
Кім сүймейді өзіңдей әкесін?

«Әке – асқар тауым!»: оқушылар шығармаларынан үзінді

Ұлпан

«Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөз бар. Әке деген сөз қандай жақын, қандай ыстық! Өмірде әкесін жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, өйткені бала үшін әкенің орны бөлек. Менің өмірімдегі ең қымбат адам – менің сүйікті әкем. Сіз кішкентайымнан ақылшым, қамқоршым болдыңыз. Сізден көп тәрбие алдым. Сіздің аман-сау, бақытты болуыңызды тілеймін.

Сізсіз, әке, ең ақылды, ең шыншыл,
Сізсіз, әке, ең жақыным, ең сыршыл.
Шуақ шашқан қашанда асыл жүрегің,
Жанымдасың, қамқорымсың – білемін.
Қабыл алғын бала жүрек тілегін.

Қауымдас

Бала үшін әкенің орны бөлек. «Әке» деген сөзді айтқанда, өзіңе пана болатын, қиындыққа қалдырмайтын, арманыңа қол созсаң ақ батасын беріп, ақ жол тілейтін жан көз алдыңа келеді. «Әкең барда орындалар арманың» дегендей, өмірдегі керегіңді алдымен бір Алла, екінші әкең берері анық.

Өкінішке қарай, бұл өмірде «Балам, ботам» деген еркелетер сөзді естімей, жетім немесе тастанды болып дүниеге келетін сәбилер де бар. Ондай балалардың «Шіркін, менің әкем болса ғой…» деп армандайтынын ойласам, өзімнің әке-шешем бар екеніне шүкір деймін.

Тамағымның тоқ болуы, киімімнің бүтіндігі, оқуымның сапасы, ұйқымның тыныштығы – бәрі де асқар таудай айбатты әкелердің арқасы. Ендеше, бар баланың бақытына бір Алладан кейінгі панасы – әкелер аман болсын!

Әли

Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Әкені ардақтай білу керек, өйткені ол – отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, әкенің балаға үйретері көп. Әке әрдайым баласының болашағына алаңдайды, оның жақсы азамат болғанын қалайды.

Әке жақсы болса, бала да соған еліктейді. Сондықтан әкені ардақтау – әркімнің міндеті. «Әке – асқар тау» деп бекер айтылмаған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз де әкеге деген құрметтің төркінін аңғартады.

Өсірген, баптап баласын,
Әкелер әркез: «Жарайсың!»
Бар өнерін үйреткен,
Оздырған да жүйріктен,
Әке деген – ардақты ат.

Иманғазы

«Әке, әке, әке!» – осы үш әріптің өзі мейірімге толы, құлаққа жағымды. Әке бізге әрқашан сабырлы, мейірімді: алақанымен аялап, жылуын төгіп, жаман қылық жасасаң да ақырын ақыл айтады.

Біз әкені құрметтеп, жақсы ісімізбен қуанта білуіміз керек. Әке үміт артады, сенеді. Ал сол үмітті ақтау – балаға аманат. Мен әкемді жанымдай жақсы көремін.

Қыстай суық денсаулық,
Жаздай ыстық махаббат,
Күздей шат көңіл,
Көктемдей күлімдеп жүре беріңіздер!

Өлең шумақтары: әкеге алғыс

Мұғалім

Мен де азамат атанармын өсейін,
Өзің құсап сан түйінді шешейін.
Ұл әкеге тартпай туса – қорлық қой,
Қартайғанда мен де орныңа көшейін.

Арқа сүйер панасың,
Ақылы мол данасың.
Адал етіп өсірген,
Мендей ерке баласын.

Баян

Қамқорсың, әке, өмірде,
Қуатым сенсің көңілге.
Әлпештеп мені өсірдің,
Ұшармын ертең көгіңде.

Аңсаған

Аңсаймын жылы сөзіңді,
Ақылшым болған кезіңді.
Есімде, әке, сақтаймын,
Асқар биік өзіңді.

Ақбота

Арманым едің аңсаған,
Әкелсем бақыт мен саған.
Ұрпағың болып жалғадым,
Қуаншы, әке, сен маған.

Айжарқын

Теңіздей шалқып жүремін,
Сүйенер сенсің тірегім.
Барсам да қайда, жан әке,
Өзіңмен бірге жүрегім.

Аяжан

Көкке өрмелеп көңілің,
Нұрға толсын өмірің.
Бақытты бол, жан әке,
Ұзақ болсын ғұмырың.

Мұғалімнің түйіні

Асқар тау әкешім – бар сүйенішім,
Ізгілік, адалдықты сүйеді шын.
Қабақ шытса балалық қылығыма,
Ешқашан болмақ емес ренішім.

Көмегімен біздерді мәпелеген,
Ардақты жан өмірде – әке деген.
Бақыттымын өмірде әкем барда,
Сол бастаушым биікке жетелеген.

Әкелерге сұрақтар

Бұл бөлімде әкелер мен балалардың өзара түсінігін тереңдетуге бағытталған сұрақтар қойылады.

Сұрақтар тізімі

  1. 1 Әкеңіздің туған күні, айы, жылы.
  2. 2 Әкеңіздің сізді қатты қуантқан немесе ренжіткен сәті есіңізде ме?
  3. 3 Әкеңіздің ізгі қасиеттері қандай?
  4. 4 Әкеңіздің ұнамсыз деп санайтын қылықтары бар ма?
  5. 5 Әкеңіздің пікірі сіз үшін нені білдіреді?
  6. 6 Әкеңіз сізге үйде қандай тұрақты міндеттер тапсырады?

Ой түю

Ойлайды әрқашан да бала қамын,
Көремін аялаған алақанын.
Әкемнен алған асыл қасиетті,
Елімнің керегіне жаратамын.

«Әке мен бала» көрінісінің өзегі – сыйластық, сенім және жауапкершілік.

Көрініс: «Әке мен бала»

Асқар тауым аман жүр, аяулы әкем,
Жақсы өнеге бердіңіз – мақтан етем.
Кіп-кішкентай жүрегім сендіреді,
Мен өзіңді, әкетай, бақытты етем.

Балалардың тілегі

Бұл бөлімде балалардың әкелеріне арнаған шынайы тілектері тыңдалады.

Қорытынды

Сыйлық тапсыру

Сабақ соңында үйде әкелерге арнайы дайындалған сыйлықтар табысталады.

Үй тапсырмасы

Бүгінгі тәрбие сағатынан алған әсерлеріңізді, өз ойларыңызды жазып келіңіздер.

  • Әке – асқар тау.
  • Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.
  • Жақсы әкенің даналығы – балаға мың жылдық азық.
  • Әке – шаңырақтың негізгі тірегі.
  • Бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады.

Әкеме

Көмегімен біздерді мәпелеген,
Ардақты жан өмірде – әке деген.
Бақыттымын өмірде әкем барда,
Сол бастаушым – биікке жетелеген.

Асқар тауым аман жүр, аяулы әкем,
Жақсы өнеге бердіңіз – мақтан етем.
Кіп-кішкентай жүрегім сендіреді,
Мен өзіңді, әкетай, бақытты етем!