АҚСАҚ ТЕМІР
Сабақтың тақырыбы
Ана – өмірдің шуағы
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға 8-наурыз мерекесі туралы түсінік беру, отбасындағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Анаға деген бала махаббатын ояту, ана туралы түсініктерін кеңейту және өз ойларын ортаға салуға үйрету.
- Оқушыларды анаға деген сүйіспеншілікке баулу, ананың еңбегін ардақтау, мейірімділікке, сый-құрметке, адамгершілікке тәрбиелеу.
- Ұлтқа тән жақсы қасиеттерді танып-білуге, үйренуге жетелеу; логикалық ойлауын, тіл байлығын, сөздік қорын, ойлау қабілетін, сондай-ақ оқушы бойындағы өнері мен дарындылығын дамыту.
Сабақтың көрнекілігі
- Қабырға газеттері, тақырыптық плакаттар
- Нақыл сөздер: «Ана есімін әрқашан биік ұстаймыз», «Ана – өмір шуағы», «Армысың, ару нұр көктем!»
- Үнтаспа (музыкалық сүйемелдеу)
Сабақтың түрі
Әдеби-музыкалық кеш
Сабақтың барысы
Кеш Ш. Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнімен басталады. Төрге мерекеге арнайы жиналған ата-аналар, ұстаздар, қонақтар жайғасады.
Жүргізуші сөзі
Той пердесін ашайық, тойға шашу шашайық. Аналарды құрметтеп, ән маржанын шашайық.
Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен таралған. Сондықтан, құрметті аяулы асыл аналар, қадірлі ұстаз-аналар, ару қыздар — көктемгі күндей жарқырап, гүлдей құлпырған мерекелеріңіз құтты болсын! «Ана – өмірдің шуағы» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Көрініс: «Қалай құттықтаймыз?»
Әлібек: Айбек, неге көңілсіз жүрсің?
Айбек: Ойланып жүрмін.
Әлібек: Қызыңа қандай сыйлық беремін деп пе?
Айбек: Жоқ-жоқ. Әлібек, мен келе жатқан 8-наурыз мерекесін қалай өткізсек екен деп ойландым.
Әлібек: Онда тұрған не бар? Жылдағыдай тақпақ айтып, өлең оқып, би билеп, аналар мен қыздарды құттықтаймыз. Мен би билейін, сен тақпақ айт…
Айбек: Жоқ! Жарамайды. Жыл сайын қайталай береміз бе? Биыл өзгеше құттықтау керек!
Әлібек: Сен қызықсың. Тақпақ айтпай болмайды. Ана туралы ең әсем, ең жылы сөздер ақындардың өлеңдерінде ғой. Жігіттер де дайындалып жатқан шығар — міне, өздері де келе жатыр.
Әлібек: Ендеше, әсем әнмен аналарымыздың, ару қыздарымыздың көңілін көтерейік.
Ән: «Қызыл гүлім-ай» (9 «Б» сынып). Әлібек пен Айбек аналарға қызыл гүл шоқтарын сыйлайды.
Ана туралы жүрекжарды ой
Әр адам дүниеге көзін ашқанда мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — Ана. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да — Ана. «Дұрыс жүр, таза бол, адал бол» деп тілейтін де — Ана.
Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ.
8-наурыз мерекесі туралы тарихи мәлімет
1910 жылы Клара Цеткин мен Роза Люксембург Копенгагенде өткен Екінші Халықаралық социалист әйелдер конференциясында дүниежүзі әйелдерінің құқықтарына қоғамның назарын аудару үшін арнайы күн белгілеуді ұсынды. Сол күн ретінде 8-наурыз аталды (К. Цеткиннің туған күні де — 8-наурыз).
Әйелдер мерекесінің Совет елінде қалыптасуына Леонид Ильич Брежневтің де ықпалы болғаны айтылады. 1966 жылдан бастап 8-наурыз КСРО көлемінде ресми мереке ретінде бекітілді.
Ал кейбір елдерде бұл күн әртүрлі атаумен аталады: Америкада — Аналар күні, Францияда — Әжелер күні, Жапонияда — Қыздар күні.
Ән: «Ана» (9 «Б» сынып оқушылары Дидар, Әлібек).
Өлең шумақтары
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
11-сыныптардың мерекелік ән шашуы.
Аңыз-әңгіме және тағылым
«Анаңды Мекке мен Мәдинаға үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың».
«Жұмақтың кілті — ананың табанының астында».
Орындайтын: Қарлығаш, Айбек.
Көрініс: «Ана алдында бас ию» (Ақсақ Темір туралы)
Келесі көріністе ана туралы шындық ашылады: жерді қанға тұншықтырған Ақсақ Темірдің ана алдында кішірейіп, бас игені баяндалады.
Әйел (алыстан): Жіберіңдер мені! Үш ғаламның билеушісіне жіберіңдер! Тарт қолыңды, апарыңдар ханға!
Ақсақ Темір: Мына зарлы дауыс кімдікі? Тез біліңдер!
Шабарман: Үсті-басы шаң, алба-жұлба бір әйел «Ханға жіберіңдер!» деп қасарысып тұр.
Ақсақ Темір: Алып келіңдер.
Ана: Баязитті өлтірген сен бе?
Ақсақ Темір: Иә. Мен оны да жеңдім, басқаны да жеңемін. Әлі жеңуден қайтқаным жоқ. Сен не айтпақсың?
Ана: Тыңда! Сен талай іс істесең де — құр адамсың. Ал мен — анамын! Сен өлімге қызмет қыласың, мен өмірге қызмет қыламын. Сен менің алдымда жазалысың. Сол жазаңды жу деп келдім. Сен әділ болуға міндеттісің, мен — анамын!
Ақсақ Темір: Отыр да сөйле. Мен тыңдаймын.
Ана: Менің жалғыз ұлым бар еді. Ол алтыға келгенде қарақшылар келіп, ерімді өлтіріп, ұлымды алып кетті. Төрт жыл болды — жер жүзін шарлап, ұлымды іздеп жүрмін. Білемін: ұлым қазір сенің қолыңда. Қайда екенін білесің. Өзіме тапсыр!
Ақсақ Темір: Дарияны, өзенді, тауды, орманды қалай өттің? Қолыңда қаруың да жоқ қой.
Ана: Жолда не кездеспеді: қабан, аю, жер тарпыған бұқалар… Барысты да көрдім. Бірақ аңдардың да жүрегі бар. Мен олармен сенімен сөйлескендей сөйлестім. Олар менің ана екеніме сенді де, теріс бұрылып кете барды.
Ана: Әркімнің анасы бар ғой. Сені де бір ана тапқан шығар!
Ақсақ Темір: Күнсіз гүл гүлдемейді, махаббатсыз бақыт болмайды. Әйелсіз махаббат жоқ, анасыз ақын да, ер де болмайды…
Ана: Ендеше, баламды бер! Мен анамын — ұлымды сүйемін.
Ақсақ Темір: Мен — тәңірінің құлы Темірмін. Өмір бойы жерді табанымның астына күңіренттім. Отыз жыл ажалдың иінін қиратып келемін… Анам туралы ойламаппын. Ал мына әйел маған өтінбеді — бұйырды. Мен әйел қайратын ұқтым. Қазір үш жүз адам аттанып, мына әйелдің ұлын тапсын. Кім баланы тапса — бақытқа бөленеді. Осылай ма, ана?
Ана: Солай, хан. Дұрыс айтасың.
Ақсақ Темір ана алдында бас иіп, кішірейеді.
Түйін
Бұл айтылғанның бәрі — ананың құдіретін танытар шындық. Аналар ажалдан да күшті: өмірге данышпандарды, ақындарды, ерлерді әкелетін де — аналар. Темірдей қатал жанды да жібіткен — ана.
Ән: «Өз балаңнан артық бала бар ма, Ана» (9 «Б» сынып оқушысы Аққу).
Ана тілегі — адамзат тілегі
Әрбір ана — отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбидің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейді.
Біз — қазақ деген қасиетті халықтың ұрпағымыз. Қыз Жібек пен Баян Сұлуды, Мәншүк пен Әлияны, қазақ қыздарын әлемге әйгілі еткен Күлаш Байсейітованы, Роза Бағыланованы, күйші Дина Нүрпейісованы, сахнаның сәні Әмина Өмірзақованы, ақын қыздарымыз Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгерейованы және тағы басқа көптеген аналарымызды әрдайым үлгі тұтып, мақтан етеміз.
Музыкалық сәт
Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнінің шығу тарихы айтылады. Кейін бұл әнді бүкіл көрермен қосылып орындайды.
10-сыныптардың мерекелік тартуы. Ән: «Махаббат сыры» (9 «Б» сынып оқушысы Баян). Вальс (9-сынып оқушылары).
Ана — қоғамның да тірегі
Әйел — тек аяулы ана, нәзік қыз ғана емес, сонымен қатар белсенді қызметкер. Ананың қоғам өміріндегі орны ерекше: ана — перзент тәрбиелеуші, қызметкер, ғалым, зейнеткер.
Әзіл-сықақ
9-сыныптардың мерекелік әзіл-сықақтары.
Ән
Алинаның орындауында: «Сүгірдің жыры».
Күй
«Көңіл толқыны» (Қуаныш).
Көрініс: «Ананың аялы алақаны»
Нұрғали: Ұлбосын, қалай ойлайсың? Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
Ұлбосын: Әке қанша мейірімді болғанмен, ананың жөні бөлек.
Нұрғали: Жоқты бар, ашты тоқ ететін — ана. Анасыз бала ұйықтамайды. Ана — үйдегі бақ, әке — отыратын тақ. Ана ақылды болса — үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы.
Ұлбосын: Үйдегі алтын қазық кім?
Нұрғали: Үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға үлгі, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың.
Нұрғали: Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі — көзінде, ықыласы — көңілінде, ақылы — сөзінде.
Поэзия минуттары
Фариза Оңғарсынова өлеңінен
Ана — үлкен, биік құдірет,
Анасыз өмір өтер, жөні бөлек.
Өмірдегі барлық ғанибет —
Сол ананың арқасы, сол жүрек.
Есіңде болсын, ұлдар, қыздар:
Өз анаңа қарыздарсың сен, қарыздар.
Кешіріңдер, құрметті аналар, —
Деп өтеді түсінетін адамдар.
Ән: «Менің анам алтын» (9 «Б» сынып оқушысы Аққу).
Ана туралы ой-толғау
Дүниедегі ең сұлу — Ана. Ана — бар мұратын отбасының игілігіне байлаған, бар тілегін перзентінің жолына арнаған ең мейірбан адам. Ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы.
Абылай, Абай, Шоқан, Махамбет пен Исатай, Мағжан, Мұқағали, Нұрсұлтан мен Тоқтар — бәрі де ананың ақ сүтінен нәр алған.
Эпостағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, тарихтағы Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным, Бопай, Гәуһар ана — бәрі бір ғана атқа ие: ол — Ана.
Ән: «Мыңдаған раушан гүл» (Айгерім, 9-сынып).
Қорытынды жыр жолдары
Ана деген — мөлдір бастау суаты,
Ана деген — бұл өмірдің қуаты.
Ана деген — алтын күннің сәулесі,
Ақ таңың боп шашылатын шуағы.
Ана деген — дүниенің тірегі,
Ана деген — сан ұрпақтың жүрегі.
Барша ана, құтты болсын мерекеңіз! Әрқашан да ана сізбен берекеміз. Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам, сонда біз кісілікке теңесеміз.
Әзіл-әңгімелер және КВН үзінділері (9-сынып оқушылары).
Ән: «Ана».
Ән: «Мереке күніңмен» (Айбек, Аққу, Қазбек).
Ақұштап Бақтыгереева өлеңінен
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған,
Адам бар ма ана сүтін татпаған?
Құттықтаймыз мерекеңмен, аналар,
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — адамзаттың данасы,
Ана деген — сәбилердің панасы.
Ана деген — жарық жұлдыз шырағың,
Ана деген — қайнар ыстық бұлағың.
Қорытынды
Ақ сүті оның өтеусіз қала ма? Борышты оған небір дархан дала да. Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге, ей, адамдар, жол беріңдер анаға!
Өмірде құдіретке сыйынар болсақ — ана деген тәңірге сыйынайық.
Осымен әдеби-музыкалық кешіміз аяқталды. Құрметті қонақтар, ұстаздар, сіздерді көктем мерекесі — 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Сіздерге бақыт, денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!
Хор: «Ана»