Төменде осы әскерй атаулардың түсініктемесі берілді
Ежелгі қазақтарда және басқа да түркі-ғұннан тараған халықтарда әскери құрылымға қатысты бірқатар атаулар қолданылған. Таңданарлығы — ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар өтсе де, бұл атаулардың қазақ жадында сақталып, бүгінге дейін қолданыста болуы.
Төмендегі түсініктемелер «Түрік шежіресі» дерегіне сүйеніп берілді (1838 жылғы Лондон нұсқасы). Бұл еңбектің авторы — Жошы ұрпағы, Хиуа хандығын билеген Әбілғазы Баһадүр. Шежіренің бастапқы нұсқасы 1663 жылы Әбілғазы тарапынан жазылған. Еңбек 1726 жылы француз тіліне аударылып, кейін ағылшын және орыс тілдеріне тәржімаланған.
Еңбекте баяндалуынша, ерте заманда Оғыз хан барлық әскерін жинап, жеті бөлікке бөлген. Осы жеті топтың атауы мен қызметі төмендегідей.
Ежелгі қазақтың 7 түрлі әскери қосыны
1) Құрауыл
Алдыңғы шепБірінші топ — әскердің ең алдында жүретін бөлім. Бұл — қорғаныс пен шабуылдың алғашқы шебі. Түріктер Құрауыл десе, моғолдар (мұңғолдар) Болжоңғар деп атағаны айтылады.
Құрауыл әртүрлі құрамалардан құралғандықтан, шайқасқа ең бірінші кіріп, қырғынға да көбірек ұшырайтын бөлім болған. Хандар бұл қосынға тұтқындарды немесе өзге жұрт өкілдерін жиі қосқан: алдымен солар ұрысқа түсіп, негізгі әскердің шығынын азайтуды көздеген.
Мысал ретінде: Шыңғысхан тұтқынға түскен тәжіктерді түмен-түменімен Құрауылға қосып, қалаларды алуға жеккені айтылады.
2) Ерауыл (Мұнқұлай)
Байланыс пен демеуЕкінші топ — Құрауылдың артынан белгілі қашықтық сақтап еріп отыратын бөлім. Түріктер оны Ерауыл (ерген топ) немесе Мұнқұлай десе, моғолдар Бороңғар деп атаған.
Бұл бөлімнің басты міндеті — қосындар арасындағы байланысты үзбей, қозғалыс пен тәртіпті үйлестіру. Еңбекте арабтар бұл топты Мүкдүмт-ил-жиш деп атағаны және мұнда әскердің ең батыр жігіттері топтастырылғаны да айтылады.
3) Оңқол
Оң қанатҮшінші топ — жалпы қосынның оң жақ бөлімі. Олар Ерауылдан садақ жебесі жететіндей арақашықтық сақтап қозғалған. Түріктер Оңқол, моғолдар Оңғар деп атаған; арабша атауы — Йүменә.
4) Солқол
Сол қанатТөртінші топ — жалпы қосынның сол жақ бөлігі, яғни Оңқолдың қарсы беті. Түріктер Солқол, моғолдар Жоңғар деп атаған.
Оңқол мен Солқол ортадағы Жасауылға тең аралық сақтап, сап түзеген.
5) Жасауыл
Орталық басқаруБесінші топ — әскердің қақ ортасы, негізгі «Қол» деп сипатталатын бөлік. Жасауыл Оңқол мен Солқолдың арасында қимылдап, жалпы қозғалысты реттеген.
Ұрыс кезінде қолбасшы өз орнын осы арадан ауытқытпай, бұйрықтарын осы екі қанатқа таратып отырған. Түрік тілінде Жасауыл, ал арабша Қалыб-әл-жәйш деп берілген.
Шежіре дерегінде Шыңғысханның Найман ханмен соғыста дәл осы Жасауыл сапында тұрғаны айтылады. Бұл бөлімге бұзып-жарып кіру өте қиын болған: алдынан Құрауыл мен Ерауыл қорғаса, екі қанаттан Оңқол мен Солқол қымтаған, ал арт жақтан Шаңдауыл мен Бұқтырма қауіпсіздікті күшейткен.
6) Шаңдауыл
Артқы демеуАлтыншы топ — «Қол» бөлімінен белгілі арақашықтық сақтап, ілесіп отыратын қосын. Сипаттамада олар Қолдың ат тұяғынан көтерілген шаңына «жетеқабыл» қашықтықта жүруі керек делінеді. Түрікше атауы — Шаңдауыл (шаңды ауыл), арабша — Сәкех.
Кей деректе түріктер мұны Оқшы, ал моғолдар Оқжоңғар деп атағаны көрсетіледі.
7) Бұқтырма
Ең соңғы қорғанысЖетінші топ — Шаңдауылдың соңынан оң-солға бөлінбей, жинақы түрде еріп отыратын қосын. Олар жау Шаңдауыл көтерген шаңды да көре алмайтындай аралықтан, «бұға» ілесіп жүреді деп суреттеледі.
Түріктер Бұқтырма, моғолдар Басоңғар, парсылар Күменгәх деп атағаны айтылады. Араб тіліндегі атауы нақты көрсетілмейді. Сондай-ақ парсылар осындай әскери түзімдерді татарлардан (түрік-моғолдардан) қабылдаған деген пікір беріледі.
Атауы айтып тұрғандай, Бұқтырма — жалпы қосынның ең артында бұғып, жасырын ілесетін бөлім.
Қорытынды ой
Бұл әскери атаулар көне дәуірдегі түрік-моғол елдері, ұлыстары мен руларының жорықтарында қолданылған. Қызығы — түрікше нұсқалары қазақ арасында, ал моғолша нұсқалары мұңғолдар арасында әлі күнге дейін ұшырасады. Бұл құбылыс тарихи-мәдени сабақтастықтың үзілмегенін аңғартады.
Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» Шыңғысхан моғолдары мен Найман хан наймандары арасындағы шайқас дәл осы жеті бөлікті әскери тәртіп бойынша жүргізілгенін айтады және оқиғаны нақты сипаттайды.