Гобеленнің отаны
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Гобелен өнері туралы түсінік қалыптастыру, шығу тарихын таныстыра отырып, тоқылу технологиясын үйрету.
Дамытушылық
Қазіргі заман талабына сай қолөнер бұйымын жасауға бағыттау; ізденімпаздықты, шығармашылықты, өздігінен ойлау қабілетін және саусақ қимылдарының шеберлігін дамыту.
Тәрбиелік
Ұқыптылыққа, іскерлікке, ұлттық дәстүрді қастерлеуге, әсемдікті сезінуге, шыдамдылыққа және жұмысты өз бетінше орындауға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
II. Ой қозғау
Әркімге керек қолөнер.
Он саусаққа — он өнер.
Түгел болар дүниең,
Біліп алсаң оны егер.
Тоқбосынова Нұрсұлу «Гобелен әдісімен кілем тоқу» атты ғылыми жұмысынан гобеленнің шығу тарихы туралы баяндама оқиды. Баяндамада айтылғандай, қазақ кілемдерінің тарихы байырғы сақ, үйсін, ғұн өнерінің мұраларымен сабақтас. Ал гобелен өнері — өте күрделі, көркем шығармашылық туынды. Оның сәндік-қолданбалы өнердегі орны ерекше. Қазақ қолөнеріндегі гобеленнің кеңінен танылып, қарқынды дамуы 1970-жылдардан басталды. Тақырып слайд арқылы көрсетіледі.
III. Бекіту сұрақтары
- Гобелен өнерінің шығу тарихы қай ғасырдан басталады?
- Гобелен дегеніміз не? (қолдан тоқылған түскиіз, кілем, панно)
- Неліктен бұл өнер «гобелен» деп аталады?
- Гобеленнің отаны қай ел?
- Гобеленнің кілемнен айырмашылығы неде?
- Қазақ гобеленінің негізін салушы кім? Тұңғыш гобеленші қазақ қызы кім?
- Бұл өнерді дамытуға ерекше үлес қосқан суретшілерді атаңыз: Қ. Тыныбеков, Б. Зәуірбекова, Ә. Балапанова, З. Мұхамеджанұлы және т.б.
IV. Жаңа сабақ: композиция және көркем бейне
Нұрсұлудың баяндамасын мұқият тыңдадық — көп ізденгені анық байқалады. Жалпы, іздену және қосымша материалдармен жұмыс істеу — шығармашылық жұмыстың бастауы. Ендігі сабақтарда біз инемен тоқу әдісін қолданып, композициялық шығарма бейнелейміз.
Технология пәні басқа пәндермен тығыз байланысты. Әдеби шығармалардағы кейіпкерлер мен оқиғаларды көз алдыңа елестетіп, оны бейнелеу оңай емес, бірақ өте қызықты. Ол үшін шығарманы терең қызығушылықпен оқу қажет. Өлеңді оқи отырып, табиғаттың әсемдігін танимыз.
Әдеби байланыс: Ж. Бейсенов өлеңінен үзінді
Тарбағатай, өзіңе қарап тұрмын,
Бақытыма елімнің балап тұрмын.
Тарам-тарам сайыңнан аққан сулар,
Сіңіп жатыр бойына тарап қырдың.
Сұлулыққа сұқтанған дертімді ұғын,
Сал-самалың өтеді желпіндіріп.
Аспаныңда қалқыған ақ бұлттардың,
Жүрер ме еді ішіне еркін кіріп.
Сәукеледей бастарың мұз қаптаған,
Құдіретті — ау, құзың да бұлғақтаған.
Төбең жайлау құлпырған, төсің егін,
Майыстырып масағын күн қақтаған.
Өлеңді оқып, аспанмен тірескен Тарбағатай тауын, мұз басқан шыңын, көк майса жайлауын көз алдымызға елестетіп, қағаз бетіне түсіріп көрейік. «Тарбағатай баурайында» атты композициялық жұмысымызды алдымен қағазда орындап, кейін матаға эскизін түсіріп, түс үйлесімін таңдай отырып, инемен тоқу әдісімен өрнектейміз.
Сергіту сәті: жұмбақ шешу
-
1) Тұмсығымен қозғалар, соңында аппақ із қалар.
Жауабы: Бор
-
2) Кірш-кірш етеді, ішіне кіріп кетеді.
Жауабы: Ине
-
3) Дүниеде бір жәндік бар үйретілген, мойнында жібек арқан сүйретілген. Қолға алсаң көп жұмысты сол бітіреді.
Жауабы: Ине
-
4) Қалады жерге түсіп шайнағаны.
Жауабы: Қайшы
Гобелен тоқудың негізгі кезеңдері
Суретші
Алдымен тоқылатын гобеленнің нобайын шағын қағазға түсіреді.
Бояушы
Суреттегі түстерге сәйкес жіпті бояйды: өсімдік жапырақтары, тамырлары, ағаш қабықтары сияқты табиғи бояулар қолданылған. (Бұл сабақта дайын жіптерді пайдаланамыз.)
Картоньер
Шағын нобайды гобелен өлшеміне сай картонға үлкейтіп, бояулы түрде салады.
Тоқымашы
Дайын эскиз бойынша гобеленді тоқиды.
Қауіпсіздік ережелері
- Жұмыс киімін киіңіз.
- Кергішті үстел бетіне дұрыс орналастырыңыз.
- Инені ұстағанда оны оң қолмен дұрыс қадағалап ұстаңыз.
- Қайшыны құрбыңызға үшкір жағымен ұсынбаңыз.
- Тоқу арақашықтығы 3–4 мм болуы керек.
- Жіптер мата бетін толық жауып, бейнені нақтылап тоқылуы тиіс.
Технологиялық нұсқау карта бойынша жұмыс
V. Сарамандық жұмыс
Тақырып: инемен панно тоқу.
Қажетті құралдар
- Кенеп мата
- Кергіш (тоқитын құрал)
- Әр түрлі тоқыма жіптер
- Дайын бұйым үлгілері
VI. Сабақты қорытындылау
Әр оқушының жұмысы қабылданып, бағаланады. Жіберілген қателер бойынша кері байланыс беріліп, орындау тәсілдері қайта түсіндіріледі.
VII. Үй тапсырмасы
Гобелен туралы және Қазақстандағы басқа да гобеленшілер жөнінде қосымша деректер жинап, қысқаша жазып келу.